Тыл еңбеккерлері үйден дауыс беріп жатыр
Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында 93 жастағы тыл еңбеккері Күлбан Дүйсембинова үйінде отырып дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өзі жете алмайтын азаматтар үшін жергілікті сайлау учаскесінің комиссия мүшелері көшпелі дүңгіршек апарып, дауыс жинап жүр.
Ел тарихындағы маңызды күнге 93 жастағы Күлбан әжей де үлес қосқысы келген. Жергілікті сайлау комиссияларының мүшелері оның конституциялық құқығына құрмет танытты.
«Бүгін – өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Болашақ жастардың қолында. Мен Қазақстан болашағының жарқын болатындығына сенімдімін», — дейді дауыс берген әже.
Естеріңізге сала кетейік, Үлкен Нарын ауданындағы №848 сайлау учаскесіне ең бірінші болып егіз студенттер дауыс беруге барған.