Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:17, 24 Маусым 2021

Тылсым сырды бүгіп жатқан Қазығұрттың қадіріне толық жетіп жүрміз бе?

None
None

 Адамзаттың жаралуы, жердің бетін топан су басқаны туралы ғалымдар сан алуан пікірлер айтып та, жазып та жүр.

Сол тарихи көзқарастар ішінде Қазығұрт тауы туралы сан қилы деректер бар. Ауыз әдебиеті арқылы осы күнге дейін келіп жеткен  «Басында Қазығұрттың кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деген сынды өлең жолдары да оның еліміздегі қасиетті жерінің бірі екенінің дәлелі шығар. Түркістан облысындағы осы тау туралы білетінімізден білмейтініміз көп. Соңғы он жыл көлеміндегі ізденісімізді оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Археологиялық зерттеу жүргізу арқылы таудың құпиясы ашылады

Қазығұрт – Қазақстанның Оңтүстік аймағындағы ең қарт таулар санатындағы әрі көне заманда пайда болған ең биік тау (1760 м).  Сондықтан Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында қалуы әбден мүмкін. Алайда жаһандық топансудың төрт рет немесе одан да көп болғаны туралы ғалымдардың ізденістері Нұх пайғамбар кемесінің қайсы топансу тұсында Қазығұрт тауында қалғаны сұрақтар тудырады. Біздің бабалардың көз алдында топан су қатерінен сақтап қалған ұлы Қазығұрттың үсті, көптеген үңгірлері пайғамбар кемесімен іспеттес көрінбеді ма екен? Яғни, тау кемеге ұқсағандықтан әрі тіршілік атаулыға пана болғандықтан ел санасында қалды ма екен? Бұл – бір.

Қазығұрт туралы ел аузындағы аңыздардың бірінде былай делінген: «Қазы­ғұрт әулие қартайып, шашын ақ шалған сәтте төскейдегі халыққа үлкен апат келеді. Олар бірін-бірі тонап, ел ішінде ұр­лық пен зорлық, әлділері әлсіздерге қияанат жасау оқиғалары көбейеді. Осы кезде жара­ту­шы Алла бұзылған қауымға жыландар мен шаяндарды жіберіп, аспаннан у аралас жаңбыр жауғызып, егістіктері уланады. Құдайдың қаһарына ұшыраған адамдар қырыла бастайды. Жаны қиналған қауым Қазығұрт әулиеге келіп: «Бізді мына азаптан құт­қарып қалу тек сенің қолыңнан келеді. Сенің арың таза, біз сияқты күнәһар пенделерге араша түсіп, азаптан құтқар. Қателігімізді мойындап, келіп отырмыз», – деп жылап-еңі­реп, аяғына жығылады. Сон­да Қа­зы­ғұрт әулие: – «Сендер құдай ал­дын­да күнәға ба­тып, кешірілмес қылмыс жа­са­дыңдар. Сол үшін Алла сендерді жазалап отыр. Егер сендер ақымақтық істеріңді тастап, бір-біріңді қинау­дан, тонаудан аулақ болсаңдар, араша түсейін», – дейді. Ажалдан қорқып, азаптан үрейленген адамдар адал болуға ант береді. Қазығұрт әулие күнәһарлар күнәсін кешіру үшін Құдайға мінәжат етіп, дұға оқиды. Құдай Қазы­ғұрт­тың дұғасын қабыл алып, әлгілердің күнәсін кешіреді. Жыландар мен шаяндарды жіберуін тоқ­та­тады. Содан «Қазығұрт – киелі, әулие тау» ата­ныпты, – дейді тағы да сол көп аңыздың бірі.

Осы тақырыпқа қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза былай деп жазады:  «Көк Тәңiрi адам баласын жаратуын жаратып алып, кейiн адамдардың тәубасынан жаңылып, әбден шектен шыға имансыз болып кеткенiн көрiп, қаһарланып, топан суын қаптатып жiберген екен.  Жаңа бiр пәк дүние жасау үшiн Нұх пайғамбардың кемесiне адамзат, жан-жануар, ұшқан құстан, өсiмдiктен жұп-жұбымен отырғызып, таза тұқым сақтап қалмақ болған. Топан тартылып, су қайтқанда, Нұх пайғамбардың кемесi Қазығұрт тауының басына қайырлапты.

 Нұх пайғамбардың кемесі қалмаған күнде де, адамдар мен жан-жануарлар түрлі себептермен қайталанып тасқын сулардан бас сауғалап, барынша биік жерге, әлбетте, Қазығұрт тауына жетуге талпынары ақиқат. Тауда үлкенді-кішілі үңгірлер бар, бір өзеннің суын беретін, Ақбура бұлағы бар. Адам атамызды, жан-жануарларды сақтап қалатындай қолайлы өңір, Нұх пайғамбар кемесі тұрақтайтындай мекен. Сондықтан да «Қазығұрт тауы – әулие тау» деп қорытынды жасауға болады. Қайбір жылы Ташкент пен Шымкент арасындағы бетондалған жол құрылысы жүріп жатқан кезде, Қазығұрт жоталарын кесіп өту барысында 16 метр тереңдікте динозаврдың сүйектері табылған. Бұның өзі бұл аймақта тіршілік мыңдаған жылдар бұрын болғанын аңғартады.

Қазығұрт маңынан топан су болған-болмағанын дәлелдеу үшін америкалық археолог Ральф Солецкидің экспедициясына ұқсас археологиялық қазба жұмыстарын Қазығұрттың үстіндегі үңгірлерде жүргізу қажет-ақ. Ол үшін арнайы мамандарды ұзақтан іздеудің қажеті де шамалы. Өйткені ҚазҰМУ-де, ОҚУ-де, республика музейлерінде қажетті мамандар, археологтар баршылық.

Жаһандық топансудың болғанын дәлелдеу үшін Титикака көлі мен Қырғыз Республикасының Ыстықкөліне тоқталып өтсек. Оңтүстік Америкадағы Перу мен Боливия шекарасында Титикака деген көл бар. Ол теңіз деңгейінен 3812 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 180 шақырым,  ені – 60 шақырым, ал тереңдігі 304 метрді құрайды екен. Бір қызығы ондағы жәндіктер мен балықтар Тынық мұхитындағы жәндіктерге өте ұқсас әрі жақын екен. Теңіз астындағы жер сілкінісі ме, әлде басқа да жойқын қуатты күш айдын жағалауындағы аймақты бөліп алып, 4000 метрдей биікке көтеріп тастаған. Ал Титикака көлі сол жойқында пайда болса керек. Бұл көлден бірнеше шақырым жерде көне қаланың қирандысы жатыр, ол инктердің Тиауанако атты қаласы болған. Қаланың бір ғимаратында ай тізбегінің символдары көрсетілген және қақпа бетінде 12-13 мың жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың суреттері салынған. Кескіндердің кейбіреулері аяқталмаған күйінде қалып қойған. Осыны зерттеген ғалымдар бұл аумақта 13 мың жыл бұрын топан су болған деген тұжырым айтады.

Ыстықкөлге келсек, бұл көл теңіз деңгейінен 1608 метр биіктікте орналасқан. Суы қыста да қатпайтын көлдің  ұзындығы – 182 шақырым,  ал ең терең жері – 700 метрге жуық. Ғалымдардың болжауынша, Ыстықкөл көне заманда жер қыртыстарының (разлом) өте қатты ығысуларының нәтижесінде Титикакамен қатар пайда болған көрінеді.

Ыстықкөлдің суының тұздылығы да Тынық мұхит суының тұздылығына өте жақын. Мен 1969 жылы Тынық мұхитта матростық қызметінді атқардым.  Одан кейін Ташкент халық шаруашылық институтында оқып жүрген 1970 жылдың жазында Ыстықкөлде студенттік лагерде демалыста болдым. Тынық мұхиты мен Ыстықкөл суының дәмі бір-біріне өте ұқсас екенін көріп, таңғалғанмын. 

Арада 48-49 жыл өткеннен кейін Ыстықкөлдің суының тұздылығы едәуір төмендеген және де суы салқындағанын байқадым. Оған себеп – бір жылдары көлдің суы едәуір тартылған болатын.  Тартылған судың астынан адамдардың қоныстары, үйлер, ошақтар орны табылған. Осындай оқиға 80-ші жылдары Каспий теңізінде де байқалған. Яғни, бұл көлдердің жағалауларында бұрын кәдімгі адамдардың қоныстары болған деген сөз. Осының өзі жер бетінде бірнеше рет жойқын топан судың болғанын дәлелдей түскендей.

           Су Солтүстік Мұзды мұхиттан келді ме, әлде Қара теңізден бе?

Аңыз бойынша Нұх пайғамбардың кемесінің ұзындығының небәрі 50 метр, ені – 25 метр, биіктігі – 25 метр.  Ондай кемеге қос-қосынан, әртүрлі жан-жануардың сыймайтындығы айдан анық. Әсіресе пілдер, түйелер, мүйізтұмсық, керік және басқа да ірі жануарлар сыймайды. Осы орайда кейбір ізденуші-ғалымдардың ой пікірлері ойға қонымды. Олардың пайымдауынша, пайғамбар кемесіне жан-жануарлардың өзі емес, олардың генетикалық материалдарын алған деп келтіреді. Мүмкін солай да шығар, өйткені Құранда жазылғандай, Адам ата балшықтан жасалған. Жапон ғылымдарының жетістіктеріне сүйенсек, адамның құйымшағы 600 градустан жоғарғы жалында жанғанда сүйек қалдықтарында адамның ДНК гендері толығымен сақталады және өзіне қолайлы жағдайда қайта өнеді екен. Бұл жерден негізгі шығаратын қорытындымыз – дүниедегі түрлі құбылыстарда да, Алланың берген құдіретінің арқасында, жер бетіндегі даму әрдайым қайталанып, дамып отырады. Ал қайталанып келетін жаһандық топан суларға адамдардың өздері себепкер болғаны көпшілікке мәлім. Олардың қатарында жаһандық жылудың жоғарылауы, азондық қабаттың бұзылуы, жер бетіндегі түрлі қақтығыс және соғыстар бар. Адамдардың күналары шектен шыққан кезде сол жерде келеңсіз құбылыстар болатыны да көне кітаптарда жазылған.

Осы гепотезаның дұрыс не бұрыстығын анықтау үшін Қазығұрт тауына топансудың мүмкін болған көтерілу бағыттарын зерделеп көрейік.

Біздің ойымызша, Қазығұрт тауы аймағын топансу басудың негізгі үш бағыты болуы мүмкін:

Бірінші бағыт: Күндіз-түні апталап жауған жаңбыр әсерінен жергілікті өзендер арналарынан асып, сыймаған бөлігі  Мақтаарал, Мырзашөл кеңістіктерін басып, Арал теңізіне құйып жатты. Әмудария өзені де (Жейхун) Орталық Азия кеңістігіне жайылып барып, Арал теңізі арқылы Каспий теңізіне құйған.

Екінші бағыт: Солтүстік мұзды мұхит сулары көтеріліп, Каспий теңізіне құйылып жатты (егер ол тасқын мезолит заманына дейінгі су апаты болған болса).

Үшінші бағыт. Қара теңіз сулары көтеріліп, Азов теңізі арқылы Ростов-Новочеркасск, Волгоград, Астраханнан өтіп Каспийге құюы мүмкін.

Келтірілген үш болжам бойынша да топан судың биіктігі шамамен 770-816 метрге көтеріліп, тұрақты тұруы қажет. Ол биіктік көне заманда «Іліңгір» деп аталған (Ленгер) деседі. Мұнда кемелер тұрақтайтын (пирс, пристань) болған дейді аңыздарда. Мекеннің биік жиегі – 816 метр, ал төменгі жағының биіктігі –770 метрді көрсетеді. Егерде жойқын тасқын біз келтірген екінші немесе үшінші бағытта болған жағдайда,  толқындар едәуір биік болатынын ескерсек, ол биіктік Қазығұрт тауының биік нүктелерімен (1680-1770 метр) шамалас болуы ықтимал.

Енді жоғарыда келтірілген үш бағыттың біріншісін талдап көрейік. Қазығұрт тауының  айналасына үлкенді-кішілі Сайрам су, Келес, Арыс, Ақсу, Текесу тағы басқаларын қосқанда, әрине өте үлкен апатқа әкелетіндей су жиналады.  Бірақта ол судың  жиналуы үшін Сырдария өзенімен  екі ортада бөгет болатын көлденең тұрған тосқауыл ештеңе жоқ. Яғни Іліңгірге, Қазығұрт биігіне кемелер жоғары көтеріле алмайды дегенді білдіреді. Екінші жағынан соншалықты су жиналған жағдайда да, Арал мен Каспидің суы тұщы болар еді. Оның үстіне Каспидің суы деңгейі Астрахань тұрған биіктікке, яғни 28 метрге көтерілгеннен соң артық су Азов пен Қара теңізге қарай ағар еді.

Екінші бағытты қарастырайық, Солтүстік мұзды мұхит бағытынан апат келуі мүмкін бе? Мүмкін болғанда қандай, ол егерде мезолит заманынан бұрын болған жағдайда. Біздің қазақ жеріне тұстас жатқан Баренц теңізі мен Карск теңіздерінен апат толқындары көтерілген жағдайда оған тосқауыл болатындай көлденең жатқан таулар жоқ. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Орал таулары басқа жақта орналасқан. Баренц теңізі мен Карск теңіздері суларының биіктіктері 18-35 метр екен. Солтүстік мұзды мұхит пен Қазығұрт таулары арасындағы мекендер биіктігін қарастырған едік: Воркута – 266 м, Төмен – 91 м, Омбы – 111 м, Орынбор – 113 м, Шелябинск – 190 м, Нұрсұлтан – 429 м биіктіктерде орналасқан болып шықты. Қызылорда – 295м, Шардара – 248 м, Түркістан – 206 м, Шымкент – 517 м, Ленгер – 770 м, Мақтарал өңірі – 260 метр айналасында.  Жоғарыда айтылғандай, егер Қазығұртқа су солтүстіктен келген болса, күн тұтылып, күні-түні толассыз жаңбыр жауып, жойқын әсерін үдете түскен болса керек. Ғалымдардың пайымдауынша, топан судың ең көп болған кезеңі «мезолит (грекше – орта, аралық) заманы» деп аталған. Бұл – б.з.д. 12-7 мың жылдықтар аралығы.

Соңғы ашылған жаңалықтарға қарағанда, Солтүстік мұзды мұхит құрамын зерттеген ғалымдар мұз қабаттарынан тұщы судың ірі бөлшектерін анықтаған. Бұл топан су Солтүстік мұзды мұхитқа кері тартылғанда жаңбырдан жиналған қабаттар болуы мүмкін.

Үшінші бағыт – Мезолит дәуіріне дейін де, одан кейін де Жерорта теңізі, Қара теңіздерде болған апаттардың салдарынан су тасқындары болуы мүмкін деген болжам. Қара теңіздің биіктігі – 9 м, Азов теңізі – 11 м. Жойқын су тасқыны төмен ығысып, (Ростов-Новочеркасклердің биіктігі небәрі 20 м болса, Волгоград – 17 м. Астрахань – 28 м, Каспий теңізі – 11 м биіктікте) келуі мүмкін.  Арал теңізінің биіктігі 39 метрді көрсетеді. Қара теңізден басталған су тасқыны Орталық Азия жазықтығына жайылып, көтеріліп Сырдария, Әмудария өзендері арнасын бойлап, биіктігі 1660-1760 метр келетін Қазығұрт тауына көтеріледі. Алдыңғы толқындары басылғаннан кейін теңіз деңгейі тұрақтаған биіктік Іліңгір елді мекені (Ленгір) порты пайда болса керек.  Оның жоғарғы биіктігі 816 м болса, төменгі жері 770 метр екенін айттық.  Каспий, Арал теңіздерінен Қазығұрт тауына дейінгі аралықта суға тосқауыл болатын тау да, мекен де жоқ. Шардара – 248 м, Түркістан – 206 м, Шымкент – 517 м. Ілінгір – 770 м (816м).

Осы замандарда Қазығұрттың етегіндегі теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан Ақбура бұлағы аман қалған адамдар мен жануарларды сақтап қалған деген болжамымыз бар. Келес өзеніне құятын бұл бұлақ әлі де сол маңдағы ауылдарды тұщы сумен қамтып келеді. Қазығұрт тауының жоғарғы және төменгі жағындағы Атбұлақ, Қарақия, Қаратөбе, Жаңабазар, Көкібел, Алтынтөбе ауылдары осы тіршілік нәрі арқылы өсіп-өркендеп, ел қоныстанып отыр.

            Алып кеменің макетін жасап, туристерді тартқан жөн

Бір нәрсе анық. Қазығұрт – қасиетті тау. Біз оны әлі толық зерттеп, сырын, шежіресіне бойлай алған жоқпыз. Мыңжылдықтар бойы ұрпақ санасынан өшпей, Қазығұрт туралы аңыздардың бізге жетуі және бұл аймақтың тіршілікке тым қолайлылығы бізді сүйсіндіреді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында киелі, тарихи орындарды насихаттауды тапсырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризм саласын дамытуға тоқталды.  Ендеше жаңа дәуірі басталған Түркістанмен қатар Қазығұрт тауында да турисзм кластерін дамытатын кез келді. Қайбір жылы Шымкенттен 40 шақырым жердегі асудың биік жотасына елдің азаматтары Нұх пайғамбар кемесінің үлгісін орнатты. Қазір ол жерде жолаушылар суретке түсіп, табиғатты тамашалап жүр.  Шағын ғана кеменің макетінің өзі адамға ой салып, тіршілік тереңіне бойлатты. Ал егер мемлекет тарапынан қолдау болып, Қазығұрттың шыңына Нұх пайғамбар кемесінің шартты үлкен макетін орнатса, тіпті керемет болмақ. Таудың басындағы кеме түнде электр шамдарымен жарқырап, ондаған шақырымнан көрінуі тиіс. Шымкенттен қарағанда Қазығұрт тауының төбесінде  биік шоқы бар. Осы шоқыда кеменің биіктігімен теңдес мешіт салынса және ол мешіттің күмбезін обсерватория етіп жабдықтаса, тауға келген мұсылман қауым Аллаға, әулиелерге құран бағыштар еді.  Мектеп оқушылары, елімізден және шетелден келген туристтер обсерваториядан Қазығұрт тауы айналасындағы елді мекендерді, қаланы, аспан әлемін қарап, сабақ алар еді. Бұл туристік орындарға мұсылман әлемі ғана емес, әлем саяхатшыларының назары ауатыны сөзсіз.  Кеменің бүйірін Шымкент қаласына, тұмсық жағын күншығысқа қаратқан дұрыс сияқты. Таудың шыңынан  Шымкент қаласындағы ірі объектілер әдемі көрінсе, таудың арғы бетінде Сырдария өзені қолмен сызып қойғандай көрінеді.

Қазығұрт тауы – туризмді дамытудың тапсырмас құралы. Біз Қазығұрттың насихатын жан-жақты күшейтуіміз керек. Оның тарихы мен әсемдігі туралы деректі және көркем фильмдер түсірілуі тиіс. Әлеуметтік желілерде тау туралы жан-жақты мәлімет беріліп,  ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Қазығұрт туралы қиссалар мен дастандарды жинақтап, баспадан шығаруды қолға алынатын уақыт жеткен сияқты. Осылай кеңінен насихатталған жағдайда оның Қазығұрттың ғана емес, тұтас Қазақстанның мәртебесі арта бермек.

Тегтер: