Тың туындының тұсауы кесілді

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай жарыққа шыққан «Дина Нұрпейісова – түркі әлемінің ұлы композиторы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Аталмыш жинақ Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының тапсырысы бойынша шығарылған. 2018 жылдан бастап елімізде жүзеге асырыла бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаның жетекшісі, бүгінде қазақ күй өнерін әлемге паш етіп жүрген домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева болса, ғылыми жетекшісі өнертану ғылымының кандидаты, музыка танушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, музыка факультетінің оқытушысы Бақыт Тұрмағамбетова. Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдеріндегі, жалпы көлемі 220 беттен тұратын қос кітаптың толық жинақ болып шығуына мұрындық болған, атыраулық өлкетанушы, Д.Нұрпейісова шығармашылығын зерттеуші Асылбек Ситалиевтің осы кезге дейін газет-журналдарда жарияланған мақала-очерктері. Дәлірек айтсақ, оның орыс тілінде жазылған мақалалары өнертанушы-зерттеушілер тарапынан тағы бір рет сүзгіден өткізіліп, құжаттамалық айғақ-дәлелдерге негізделген басқа да жаңа дерек-дәйектермен толықтырылып, ғылыми жүйеге келтірілген. Соңғы бір жыл ішінде жинаққа енгізілетін тың деректерді іздеу барысында зерттеуші-мамандар тарапынан қомақты жұмыстар атқарылды. Еліміздегі індетке қатысты шектеулерге байланысты дарабоз күйші туралы тың деректер көршілес Ресейдің Мәскеу, Красногорск, Астрахань облыстарындағы әдебиет және өнер мұрағаттары мен мемлекеттік музейлерінен онлайн байланысқа шығу арқылы іздестіріліп, алынды. Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағат пен БҚО, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайларының ғылыми қорынан, Павлодардағы Наум Шафердің жеке күйтабақтар коллекциясы мұражайынан, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі мұрағатынан күй анасының өнердегі ізін айғақтайтын құнды құжаттар табылды. Мәселен, күні бүгінге дейін тасада қалған Бөкей Ордасы метрика дәптерінде жазылған Динаның Шәпек Мақатұлына тұрмысқа шыққан кездегі жасы мен әкесі Кенже Шалұлының куә болуы туралы құжат Астрахань облыстық мұрағатында сақталғаны белгілі болса, өнертанушы Б.Тұрмағамбетова Өзбекстанға барып, Ташкенттегі орталық Мемлекеттік кинофото-фоно құжаттар мұрағатындағы шаң басқан архивтерден бұған дейін көпшілікке беймәлім біраз құжаттар мен фотолардың тұпнұсқаларының көшірмелерін алып қайтты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кітаптың бастапқы нұсқасы орыс тілінде. Қазақшаға аударған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклортану бөлімінің аға ғылыми қызметкері Дүйсенгүл Жақан болса, ағылшыншаға тәржімалаған атыраулық аудармашы Мәншүк Қабышева. Ал жинақты түрік тілінде сөйлеткен ҚР Мәдениет саласының үздігі, аудармашы Мәлік Отарбаев пен дайын нұсқаның бас-аяғын жинастырып, орысша мәтінін өңдеген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері, ф.ғ.к. профессор Светлана Ананьева. Сондай-ақ кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасына ғылыми кеңесшілік жасаған АҚШ Bowling Green мемлекеттік университетінің Ph.D, музыкатанушы, профессор Меган Рансиер.
Сыртқы мұқабасынан бастап классикалық үлгіде безендірілген кітаптың мазмұны да аса бай. Әр жастағы оқырман бес бөлімнен тұратын туындының өн бойынан күйшінің өмірі мен өнеріне қатысты тың деректерге мейлінше сусындай алады. Әсіресе жинақтың беташары саналатын «Алғысөз» бен қорытынды бөлім – «Түйінді» қоспағанда, «Түркі әлемінің ұлы композиторы», «Күйлердің аннотациясы», «Фотоматериалдар алынған дереккөздер» атты үш бөлімде Дина Нұрпейісованың өнердегі орны мен дара қабілетін дәлелді деректермен растайтын, мұрағаттардан тұңғыш рет табылған бейнежазбалар, бұрын жарияланбаған фотолар, құнды қолжазбалар, фотоқұжаттар мен ресми құжаттар, оның осы кезге дейін жарияланбаған жеке фотолары мен әр жылдарда алған марапаттарының, жеке қолжазба-хаттарының суреттері хронологиялық үлгіде топтастырылған. Кітапқа қосымша бұл еңбектің электрондық нұсқасы мен аудиожазбасы да оқырмандарға QR кодпен цифрлық форматта қолжетімді түрде ұсынылған. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби музыканттарға, зерттеушілер мен жалпы өнерсүйер қауымға арналған жинақта қос ғасырдың арасын күй өнерімен жалғаған Дина Кенжеқызының шығармашылық жолының әр белестері кезең-кезеңмен әңгімеленеді.
Аталмыш кітаптың тұсаукесер таныстырылым шарасына өнертанушы-ғалым Бақыт Тұрмағамбетова модераторлық етсе, оның лентасын Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші-дирижер Арман Жүдебаев пен Атырау өңірінің тумасы, белгілі жазушы-публицист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов қиды. Түркия мен АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдықтарының өкілдері, жинақты шығаруға қаржылай қолдау көрсеткен Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов, Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшыбай Жылқышиев, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның оқытушылары мен студенттері қатысқан басқосу барысында күйші өмірінен сыр шертетін бейнетаспадағы фотолар да залдағы үлкен экраннан қатар көрсетіліп, аталмыш шараның мазмұнын одан ары толықтыра түсті.
Өнер иесінің ғұмырнамасына қатысты зерттеушілердің жазбаларына үңілсек, сонау 1861 жылы Батыс Қазақстанның Бекетай құмында дүниеге келген Динаға алғаш рет домбыраның әліппесін үйреткен тәлімгері – әкесі Кенже. Ол өмірде малшылықты кәсіп еткенімен, домбыраны өзіне серік еткен күйші, қазақша күрестің шебері, сәйгүлік баптаған атбегі, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі болған. Содан да болар, тұлымшағы желбіреген Дина тоғыз жасқа келгенде әкесінің домбырада ойнайтын барлық күйін меңгеріп, орындаушылық шеберлігімен тыңдармандарын тәнті етіп, ауыл-аймаққа «Домбырашы қыз» атымен танылады. Осы кезде даңқы Бөкей Ордасынан асып, кеңге жайылған Динаның ғажап өнерін тыңдауға оны Құрманғазының өзі іздеп келеді. Сол күннен бастап, күй атасының батасын алып, сүйікті шәкірті атанған ол 1870-1888 жж. Құрманғазы Сағырбайұлымен бірге ел аралап, оның домбырашылық құпиясының қыр-сырын танып-біледі. Осылайша жастайынан күй құдіретін меңгерген күйші-композитор Дина Нұрпейісова өмірінің соңына дейін өзінің қайталанбас шығармалары арқылы туған халқының өнерін көкке көтеріп, насихаттай білді. Оған дәлел күні бүгінге дейін тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын оның халық арасына кең тараған «Байжұма», «Өттің дәурен», «Қарақасқа ат», «Бұлбұл» секілді күйлері.
Жинақтың тұсаукесерінде сөз алған мамандар Дина Нұрпейісованың қазақ күй өнеріндегі орны мен рөлі туралы айта келе, жинаққа енгізілген деректерді де тағы бір рет ой тезінен өткізіп, кәсіби тұрғыда саралап-сараптап өтті, жинақты шығаруға тер төккен шығармашылық топта алғыстарын білдірді. Атап айтқанда, күйші-дирижер Арман Жүдебаев жоба жетекшісі Айгүл Үлкенбаеваға: «Бұрын біз сізді домбырашы ретінде білсек, енді мына жинақ арқылы тағы бір ғылыми-зерттеушілік қырыңызды да аңғардық» деген жылы лебізін білдірсе, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Еркінбек Тұрсынов кітаптың түрік тіліндегі нұсқасына шолу жасап, ондағы аударманың сапасы өте жоғарғы деңгейде екенін, тіпті күнделікті қолданыста сирек кездесетін «шылауыш», «кимешек», «әмеңгерлік», «тартыс» секілді терминдердің де түрік тілінде мән-мағынасы жойылмағанын баса атап өтті. «Енді бұл кітап мүмкіндік болса, әзірбайжан тіліне аударуға сұранып тұр» деген базынасын да жасырмады. Өз жерлестерінің Дина есімін жаңғырту мақсатындағы талпыныстарына тәнті болған жазушы Мереке Құлкенов те бұл кітапты қазақ өнерінің айтулы тұлғасын ұлықтаған, тұтастай түрік ілімінің қатарын молайтатын еңбек ретінде бағалады. Талантты ақын Маралтай Райымбекұлы жинақты баспаға әзірлеген шығармашылық топқа арнаған ақжарма тілегін өмірден ерте кеткен атыраулық шайыр Жұмекен Нәжімеденовтің күй құдіретін айшықтайтын жыр жолдарымен түйіндеді. Жылышырайлы ауанда өткен кітап таныстырылымында Айгүл Үлкенбаеваның өзі мен бірге шәкірттері де Динаның бірнеше күйлерін орындап, жиналғандарды күй әлеміне елітті.