Тыңда, Люба келін, Вова көкең келмейді
Арман Шораев өте дұрыс айтады. Қазақстанда күндіз-түні қақсап жататын Ресейдің пропагандалық улы телеарналарына тыйым салу керек.
Содан ғой, Любовь Панова деген «Европа Плюс Қазақстан» радиосының жүргізушісі Фейсбукте «Қазақстанға келіп, тәртіп орнат деп, «Вова көкесін» шақырыпты.
Осындайлар Қазақстанға өте қауіпті. Журналист Жолымбет Мәкіштің жазуынша, Любовь Панованың қазаққа тиген бір әпкесі бар екен. Баласы қазақша сөйлейтін көрінеді. Любаның өзінің үш баласы бар. Үлкені ұл. Оның да әкесі қазақ болып шықты. Кейінгі екі қызының әкесі орыс.
«Қысқасы, бізге идеологияны түзеп, жылдамдатып, Ресей арналарын жаппаса, болмайды. Бір халықты өстіп екіге бөліп қойып, қарап отыру – қылмыс. Путинді кумир көріп, Люба сияқты адасып жүргендер өз арамызда да жетеді. Оларды өзімізге тартып, өзімізше тәрбиелемесек, болашағымыз бұлыңғыр. Өйтпесек, жаңа Қазақстанды өлсек те құра алмаймыз», – дейді ол.
Радио басшылығы Любаны бар-жоғы жұмыстан шығарыпты. Дау-дамайды басу үшін. Ал қазақ елінде қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен Қуат Ахметовты шетел асырып, қаңғытып жіберген қазағым-ай...
Бет қатталып жатқанда Алматы қаласы Полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 174 бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс тіркеді. «Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», деп хабарлады Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов.