Тюльпан жұлған әкімнің соты әлі жалғасып жатыр

Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданына қарасты ауылдық округтің әкімі Ляззат Бердібаеваға қатысты сот процесі басталды.
Іс WhatsApp желісінде жарияланған қызғалдақ ұстаған фотосуретке байланысты қозғалған.
Белгілі болғандай, сурет 19 сәуір күні отбасылық серуен барысында түсірілген. Әкімнің айтуынша, ол гүлдерді өзі үзбеген, балалардың қолынан алып, сол сәтке толқып, суретке түскен. Алайда бұл фотосурет көпшілік назарына ілініп, шенеунікке ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы — «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Негізгі күдік — фотодағы қызғалдақтардың сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген түр болуы мүмкін деген жорамалда. Алайда әкім өз кінәсін мойындамайды және бұл әрекетінде заң бұзушылық көрмейді. Сонымен қатар іс материалдарында гүлдердің нақты қандай түр екенін дәлелдейтін сараптама қорытындысы жоқ.
— Балалардың гүл үзіп алғаны – олардың жасына тән аңғал әрекет. Мен тек сол сәтті естелікке айналдырғым келді, - деп мәлімдеді Бердібаева сотта.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, ал келесі сот отырысы 15 мамырға белгіленді.