Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:44, 06 Тамыз 2024

ТЖ гранты: Саясат Нұрбек зонасындағы көз жасы

Саясат Нұрбек
Фото: Жас Алаш коллаж

3 тамыз күні грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

 Талапкерлер асыға күткен күн біреуді қуантты, енді біреуді жылатты, әйтеуір әсерге толы болды. Ал бір топ болса министрлікке наразылығын білдіріп, шулап жатыр. Салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушылар төмен балмен-ақ гранттың көп бөлігін иемденген ТЖ жеңілдігіне қарсы. Мәселен, 100-110 балл алғандар ілікпеген грантқа 90 балмен ТЖ аймағындағы оқушылар түсіп кеткен. «Бұл әділетсіз, ТЖ-ға бөлек грант арналуы керек еді, министрлік шешімді қайта қарастырсын» дейді ата-аналар мен оқушылар. Олар хештегпен видео, пост, жазбалар жариялап, тіпті петиция да әзірлеп жатыр.

 Конкурста тең түскен жағдайда басым құқық берілетін 22 мың түлек болыпты. Олар Алтын белгі, Қызыл аттестат иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Грант үлестіруде арнайы әлеуметтік квоталар да ескеріледі. Соның ішінде ауылдық квота, толық емес, көпбалалы, мүгедек жанды асырап отырған отбасылар, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер үшін белгілі бір деңгейдегі жеңілдіктер қарастырылған. Биыл бұл қатарға төтенше жағдай орын алған өңірлер де қосылып отыр. ТЖ-ға қатысты жеңілдіктер топтамасы ҰБТ тапсыру, құжат өткізу мерзімін өзгертуден басталды. Су тасқыны болған аймақтың абитуриенттеріне көбірек уақыт берілді. Әрі олар тек ақылы негіздегі оқуға жарайтын наурыз, қаңтар ҰБТ-сының нәтижесін мемлекеттік грант конкурсына тапсыруға мүмкіндік алды. Ал грант бөлуде басқа жеңілдіктер болатыны алдын ала хабарланбаған еді. Мамырдың ортасында мемлекеттік гранттардың тізімі шыққан кезде де ТЖ жеңілдігі деген ұғым болмаған. Артынан, грант иегерлерінің тізімі жарияланған соң ғана ғылым және жоғары білім министрлігі 79 мың гранттың 15 мыңнан астамы ТЖ аймақтарына берілді деп мәлімдеме жасады. БАҚ құралдары болса гранттың 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне бөлінгенін жарыса жариялады.

90 мен 110 балдың арасындағы «өлі» зона

Ал осы жеңілдіктің әсерінен немесе «кесірінен» оқуға түсе алмай қалған оқушылар әлеуметтік желілерде наразылығын білдіріп, ойларымен бөлісіп жатыр. «Үлкен өмірге қадам баспай жатып әділетсіздік көрдік» дейді олар. Жылап, налып отырған видеолар көп қаралым жинап, әртүрлі пікірлер қақтығысын тудыруда. Сондай жазба авторларының біріне байланысып, өзімен сөйлестік. Шымкент қаласындағы дарынды балаларға арналған мектептердің бірін тәмамдаған Әйгерім Жүнісбек 109 балмен қалаған оқу орнына түсе алмай қалыпты.

 «140 балдан барынша жоғары алу үшін екі жыл жатпай-тұрмай дайындалдым. Ең күрделі комбинациялардың бірін – ағылшын тілі мен географияны таңдадым. Бұл комбинация арқылы тек екі мамандыққа тапсыруға болады. Олар – туризм және мейрамхана ісі. Өзім Астана қаласына туризм мамандығы бойынша түскім келді. Арманым үшін барынша тырысып, нәтижесінде 109 балл жинадым. Негізінен, өте жақсы көрсеткіш. Өзіме риза едім, сенімділік пайда бола бастады. Себебі өткен оқу жылында ең кемі 104 балл алғандар туризмге грантқа түскен. Бұл мамандықта ауыл квотасын қарастырмайды. Онсыз да балым жетуі керек деп іштей сеніп жүрдім. Ал төрт оқу орнын жазарда алғашқы екеуін Астана қаласындағы ЕҰУ-ге, келесі екеуін Алматыға жаздым. Соңғы жазғандарым арнаулы гранттар.

 Сонымен нәтижені асыға күтіп жүрдім. Тізім шыққан күні өзімді іздедім, таппадым. Артынша қарасам, арнаулы грантқа ғана жетіппін. Ал өзім қалаған туризм бойынша 110 балдан жоғарылар грант алған да, ары қарай 80-90 балл аралығындағы ТЖ аймағының оқушылары түскен. 110 мен 109-дың арасындағы бір балға қатты налыдым. Одан соң 109 бен 90 балдың арасын ойлап тағы көңілім түсті. Маған қатты «обидно» болды...»

Мемлекет өз жауапкершілігіндегі мәселені балалардың есебінен шешті

 Әйгерім сөздерін аяқтап үлгермей жылап қалды. Сонша дайындық пен білімнің құны бір тиын болғанына таңғалатынын айтты. Ол енді арнаулы гранты бойынша білім алмақ. Тура осындай оқиғасын Назерке Бақытбек есімді талапкер де айтып берді. Шығармашылық емтихан бойынша мүмкін 130 балдың 127-сін жинаған оқушы Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне түсе алмай қалған. Грантқа бір ғана мүмкіндік алатын шығармашылық мамандықтар үшін ТЖ жеңілдігі «әділетсіз» дейді ол.

 «Өте жоғары балмен В042 – журналистика және репортер ісі мамандығына құжат тапсырдым. Бірақ грантқа түспедім. Мүлде. Ешқандай оқу орнына. 5 пән бойынша ҰБТ тапсырғандар ТЖ жеңілдігінің әсерінен өзі қалаған оқу орнына түсе алмай қалса да, үшінші, төртінші белгілеген мамандықтарына грант алған. Тым құрыса өздерін жұбата алады. Ал мен 127 балыммен далада қалдым... Осы мамандыққа су басқан аймақтың оқушылары 120 балмен түсіпті. Неге? Бұл конкурста бір балдың өзі, аттестаттағы 0,01 балдың өзі рөл ойнайды дегендері қайда? 127 мен 120 деген салыстыруға келмейтін көрсеткіш қой. Әрине, елдегі жағдайға байланысты, төтенше жағдайлар болған аймақты қолдау қажет. Олар құжаттарын жоғалтқан шығар, тыныш ұйқыдан айырылған шығар, тамақсыз, уайыммен күн кешкен де болар. Сабақ оқи алмай, ҰБТ-ға дайындала алмай қалған екен... Бірақ оған мен кінәлімін бе? Мен сияқты оқушылар неге жауапкершілік арқалауы керек? Мемлекет өз жауапкершілігіндегі мәселені басқалардың есебінен шешкені қалай? ТЖ-ға бөлек грант бөлуге де болар еді. Мемлекеттік жалпы грантты алалап, біреудің аузынан жырып қажеті қанша? Оның үстіне қатты қиналған бірнеше ғана елді мекен бар. Ал ТЖ жеңілдігі бүкіл облыстарға тұтас берілген. Сол облыстағы немесе аудандағы барлық балаға батпан құйрық жеңілдік жасау орынды ма?» – дейді Назерке.

Біздің ауыл суға кеткен жоқ...

 Осы мәселеге қатысты Айнұр Сейсенова есімді желі қолданушысының пікірін көзіміз шалып қалды. Онда: «Бір шындықты айтайын. Біздің ауыл суға кеткен жоқ, бірақ бітіруші түлектер ТЖ деген жеңілдікпен грантқа түсіпті. Арасында жоғары балмен ешқандай квота, жеңілдіксіз, өз балымен түскендер де бар. Мысалы, менің сіңлім солай түсті» делінген.

Бұл орайда Саясат Нұрбек ТЖ аймақтарына қатысты ғана емес, балл көрсеткішіне қатысты да «жомарттық» танытыпты. Ол туралы 121 балмен құқық мамандығына грант ала алмаған Айша Бақытжанқызы айтты:

 «В049 – құқық мамандығына 121 балмен түспей қалдым. Былтыр 118-119 балл иегерлері түскен. Ал биыл ТЖ жеңілдігі барлар 110-115 балмен алып отыр. Сыныптастарым, оқу орталығында бірге дайындалған топтастарым, басқа да қатарластарым осыны айтып, көңілдері түсіп жүр. ТЖ жеңілдігі 5-6 балдан бастап, кей жағдайларда 40 балға дейін артықшылық берген. Тізімнің жартысы су тасқыны аймағы деуге де болады... Оның үстіне, олар ақылы негізге арналған наурыз, қаңтар ҰБТ-ларының нәтижесін де ұсынуға мүмкіндік алды. Бәріміз білетіндей, нағыз ҰБТ-да «слив» шыға қоймайды. Ал ақылы ҰБТ кезінде өткен жылғы база да келеді, әр күнгі базалар бірін-бірі қайталайды. Бір сөзбен айтқанда, жоғары балл алуға мүмкіндік көбірек. Енді ойланып қараңызшы, соншама жеңілдіктен кейін де 30-40 балл артықшылық беру орынды ма? Бізде еңбек етіп, оқуға 11 жыл уақыт болды. 9-11 сынып бағдарламасында жаңа нәрсе жоқ, бәрі қайталау. Солай бола тұра 1-2 айлық қиыншылықтарға қарап біздің грантымызды тартып әперу әділетсіздік емей немене? Ол балалардың ситуациясына кіріп, жағдайын түсініп отырған министрлік неге бөлек грант қарастыру туралы ойланбады? Неге шынайы білім бағаланбады?»

 Дәл осы сұрақ мыңдаған баланың көкірегінде қалды. Бұл – министрлік үшін сандар мен статистика ғана. Алайда мектептен кейінгі үлкен өмірін оқумен байланыстырған, соңғы 1-2 жыл бойы тестке дайындалудан басқаны ойламай, әр балы үшін тырысқан оқушылар үшін үлкен соққы. Біз сөйлескен ондаған түлек осыны айтты. Ал талапкерлер қосқан арнайы чаттағы шағымдар мен реніш тіптен толастамады. Бәрінің сөзі бір: «Неге мен мұнша балмен түсе алмай қалдым?»; «Неге ТЖ-ға бөлек грант бөлмеді?» Ондағы ата-аналар мен оқушылар министрге, министрлікке, Ұлттық тестілеу орталығына, оның басшысына ресми де, бейресми де хаттарын, сауалдарын жолдап жатқанын айтты. Ақыры топтағы мыңға тарта оқушы өзара ақылдасып, әлеуметтік желіде челлендж жасауды шешті. Посттары мен «стористарында» жоғарыда аталған жауаптыларды белгілеп, іштеріндегіні ақтарды. Соңынан петиция әзірлейміз деген идея айтып, мәтінін де дайындап жатты.

Саясат Нұрбек таңдаған грант пен босаған гранттың парқын біле ме?

Қоғамның мұндай белсенділігінен соң министр қашанға дейін үнсіз отырар деп едік. Алайда Нұрбек ең жақын әріптесі Бейсембаевтың қателігін қайталамай, бірден кері байланысқа шықты. Ресми парақшаларында мәлімдеме жасап, ТЖ жеңілдігіне қатысты пікір білдірді. Жексенбінің демалысына қарамастан жарияланған хабарламада былай делінген:

 «Құрметті талапкерлер! Қадірлі ата-аналар! Соңғы уақытта елімізде орын алған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес – 5 112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1,7 пайызы мүмкіндікті пайдаланды. Үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар! Грант алу мүмкіндіктеріңіз қайталап жазам, әлі де бар: 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдік гранттары бар. KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз. Х.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты. Жұмыс берушілердің гранттары. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынады. Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі. Ректорлардың гранты, мысалы, Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар бөлуде. Сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар. Грант ала алмаған түлектерді осы жоғарыдағы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырамыз. Сәттілік тілейміз! Бәрі жақсы болады!»

 Мәлімдеме шыққан соң, бұл ата-аналар мен оқушыларға қалай әсер етті екен деп, пікірлерін білдік. Олардың сөзінше, министр ұсынып отырған гранттар тек кейбір мамандықтарға қатысты. Мәселен, кәсіпкерлер тек өзіне қажет мамандарға грант береді, ал жергілікті әкімдіктер әдетте медицина мен педагогиканы ғана қамтиды. Шығармашылық мамандықтарға тіптен мүмкіндік жоқ. Әрі өзің лайық болған грантты алу мен босаған, қалған, қол жеткен грантты алу екі түрлі нәрсе дейді оқушылар. Осы мәселеге қатысты ҰБТ курстарының авторы, математика пәнінің мұғалімі Ерік Ахмет былай дейді:

 «Логикаға сүйенсек, министрлік ТЖ аймағына арнап бөлек грант қарастыруы керек еді. Бірақ олар көп ойланып жатпаған секілді. Грант тізімі шыққанда балалардың реакциясы қандай болғанын бәрі көрді. Әлеуметтік желілер арқылы көп нәрседен хабардар болып отырмыз. Сондағы алған ақпараттарға қарап алаңдаушылығым артып отыр. Өйткені мұндай жағдайда көп балалардың мемлекетке, мемлекеттік институттарға деген сенімі кетіп қалады. Әрі алған білімі мен еңбегінің бұлай құнсыздандырылуы өзіне деген сенімсіздікке әкеп соқтыруы да ғажап емес. Сағы сынып, құлшынысы кеткен балалардан бөлек, артындағы ата-анасы тағы бар. Оқып талпынған, 110-120 балл алғандар мен ТЖ аймағындағы 80-90 балл алған баланы салыстырсақ, мемлекет үшін қайсысы сапалы кадр болары да айқын ғой. Қай қырынан алсақ та министрлік өте асығыс әрі әділетсіз шешім шығарған».

«Өлі зона» деген термин бар. Саяси, ғылыми, шаруашылық, т.б. салаларда көп қолданылады. Биылғы ҰБТ дауынан кейін ғылым және жоғары білім министрлігінде де қолдана бастауға болады. Және оны осы министрлікті басқарып отырған, мектепті бітірер бітірместен әділетсіздікке ұшырап жатқан түлек-талапкерлердің тағдырына немқұрайлы қараған, «асығыс әрі әділетсіз шешім шығарған» Саясат Нұрбектің зонасы деуге де болады. Саясат Нұрбек зонасы... Бұл зонада қалып кеткен балаларды министрдің жексенбілік мәлімдемесі жұбата алған жоқ.

 2024-2025 оқу жылына 79 мың білім гранты бөлінген. Оның иегерлері ҰБТ көрсеткішіне қарай анықталатыны белгілі. Биыл тестілеуге 181 мыңнан астам оқушы қатысып, 139 мыңнан астамы шекті балды жинаған. Ал грант конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мамандықтарға келер болсақ, министрлік грант бөлуде инженерлік және техникалық бағыттарға басымдық берген. Әрі осы жылы тұңғыш рет «сараланған грант» ұғымы енгізіліп отыр. Ал түлектердің көпшілігі «Стоматология» мамандығын қалаған. Бір грантқа 35 бала таласыпты. Одан соң «Халықаралық қатынастар және дипломатия» – 11 адам, «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» – 10 адам, «Аударма ісі» және «Психология» – 9 адам. Қалалар арасында да контраст байқалады: 42 мың оқушы Алматыға, 22 мыңы Астанаға оқуға түсуге ниет білдірген.

Баян Мұратбекқызы