Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 28 Наурыз 2025

ТЖМ-ның жаңа ұшағы

ұшақ
Фото: из открытых источников

Құтқару қызметіне заманауи технология ауадай қажет. Әсіресе былтыр еліміздің он облысында болған ірі су тасқыны кезінде және Семей орманындағы алапат орман өрті кезінде мұндай техниканың қаншалық қажет екенін ұғындық.

Кейінгі кезде еліміздің төтенше жағдай министрлігі заманауи технологиямен қарулануға баса мән беріп отыр. Министрлік жұмысына цифрлық технологиялар көптеп енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, дрондардың көмегімен онлайн бейнебақылау жүргізуді қолға алды. Жаңа техниканы қолданудың арқасында елдегі оқыс оқиғалардың саны – 2,8 пайыз, кісі өлімі – 10,2 пайыз, жарақат алғандардың саны – 8,1 пайыз азайған көрінеді. Бұл төтенше жағдайлар министрі Ш.Әріновтің мемлекет басшысының қабылдауына барғанда айтқан ақпараты.

Министр ел президентіне бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын айтты. Мысалы, Астана қаласында өрт сөндіру депосы мен Атырауда құтқару бекеті салынған. Сондай-ақ былтыр 14 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға беріліпті. Әрінов құтқарушылардың материалдық-техникалық базасын толықтыру жұмысы жалғасып жатқанын, әуе кемелері сатып алынғанын айтты.

Жақында ғана Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі алғаш рет L‑410 көпмақсатты қос моторлы ұшағын сатып алды. Бұл министрліктің авиация базасын дамытудағы маңызды қадам болды, ол төтенше жағдайлар кезінде тезірек әрекет етіп, алыс аудандарға көмек жеткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне мұндай әуе кемесін пайдалану елдегі азаматтық авиацияның дамуына да ықпал етеді деген болжам бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет құтқару операцияларына арналған жаңа ұшаққа ие болып отыр. Көпмақсатты L 410 қос моторлы ұшағы жаңарып, жетілдірілген. Мұндай ұшақ қиын жағдайларда жұмыс істеуге қабілетті. Министр Әріновтің айтуынша, ұшақ топырақ, қар және шөп басқан аэродромдарға қона алады, ұшып-қону үшін ұзындығы небәрі 500 метр болатын ұшу жолағы жеткілікті. Жаңа техниканы министрлік аймақтардағы жағдайды бақылауға, гуманитарлық көмек пен жеке құрамды тасуға және қажет болған жағдайда азаматтарды эвакуациялауға пайдалануды жоспарлап отыр. Министрлік алда мұндай ұшақтың тағы бірнешеуін сатып алады.

«Негізі төрт ұшақ алуға келісімшарт жасадық. Қазір осы ұшақ Астанаға жеткізілді, ол солтүстік өңірлерде қызмет етеді. Бір ұшақ 1 айдан кейін келеді, жазда тағы екеуін аламыз. Оның бірін шығыста, бірін батыс аймақтарда, тағы біреуін оңтүстік өңірде пайдаланамыз. Ал болашақта авиажасақты жиырмаға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.

L‑410 ұшағын пайдалануға беру рәсімі Астанада өтті. Оған министр Әріновтің өзі қатысты. Министрлік бұл ұшақ құтқару бөлімшелерінің жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырады, табиғи апат, авария және басқа да оқыс оқиғалардың салдарын жоюға көмектеседі деп сеніп отыр.

«Төтенше жағдайлар министрлігі үшін L 410 ұшағын алу тарихи оқиға болды деп есептейміз. Бұл қадам бізге құтқарушыларды, құрал-жабдықты және гуманитарлық көмекті еліміздің ең шалғай бұрыштарына жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Ұшақ біздің жұмысымызда сенімді және жан-жақты көмекші болады», – дейді Ш.Әрінов.

L‑410 ұшағы – Чехия өнімі. Қазір мұндай ұшақты әлемде үш авиакомпания ғана шығарады. Бірақ оны әлемнің 65 мемлекеті пайдаланып отыр. Ұшақ 6500 шақырым қашықтыққа 19 жолаушыны немесе 1800 келі жүкті тасымалдауға қабілетті. Ол топырақ, қар және шөп басқан аэродромдарға қонып-ұша алады. Минус 50-ден +50 °C-қа дейінгі температурада пайдалануға болады. Яғни жазғы және қысқы ауа температурасында үлкен айырмашылық бар Қазақстан сияқты елде пайдалануға арналған.

L‑410 пайдалануға берілмес бұрын қазақстандық ұшқыштар Прагадағы авиациялық даярлау орталығында оқып, ұшақты басқару және техникалық қызмет көрсетуді үйренді. Төтенше жағдай министрі ұшқыштарды оқытуға көмек көрсеткен ұйымдарға алғыс айтып, халықаралық ынтымақтастық ТЖМ авиациясын дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Министрлік L-410 ұшағын Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен сатып алып отыр. Бұл қадам мемлекеттің авиация саласын дамытуға және елдегі қауіпсіздікті арттыруға мол мүмкіндік береді деген сенім бар. Елде мұндай әуе кемелерінің пайда болуы инфрақұрылымы нашар өңірлерде жеңіл авиацияны пайдалануға жаңа мүмкіндік ашады. Кең-байтақ қазақ даласының кейбір қиырына бару оңай жұмыс емес, оған осындай заманауи техника керек деп есептейміз.

Қуан Өмірхан

Тегтер: