ТЖМ су ортасында 10 сағат отырған екі адамды неге құтқара алмады?
Қазақстандағы су тасқыны бойынша соңғы ақпараттарды ұсынамыз:
- 10 облыста төтенше жағдай жарияланды;
- Ресми ақпарат бойынша, осыдан бір апта бұрын 1 267 үй суға кетіп, 13 659 адам эвакуацияланған болса, қазір бұл көрсеткіш сәйкесінше 3 745 пен 76 мыңға жетті;
- 105 автожол мен 4 көпірді су шайып кетті;
- 12 ірі тас жол жабылып, 65 елді мекен арасында көлік қатынасы тоқтады;
- Уақытша орналасу пунктерінде 7 203 адам (2 794-і бала) жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі «69 мыңнан аса ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге айдалды» деп хабарлады (сөзді қиындатып сөйлеуге әуес ТЖМ ауыл шаруашылығы жануары деп төрт түлік малды айтып отырған болуы мүмкін). Бірақ олар қанша мал суға кеткенін айтпады. Премьер-министрдің сайтында да бұл жайлы ақпарат жоқ.
Тек ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқыны салдарынан 5 711 мал өлгенін мәлімдеді. Оның ішінде ірі қара – 1 137, ұсақ мал – 4 051, жылқы – 457, қалғаны өзге жануарлар екен.
Адам шығыны бар
Өткен аптаның аяғына қарай Атырау облысында жағдай ушығып кетті. Қарғын су Құлсары қаласын жермен жексен ете жаздады. Қаладан 30 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Суға кеткен үйлер мен инфрақұрылым нысандарының саны 3 мыңға жуықтаған.
Құтқарушылар 7 сәуір күні Атырау облысында екі ер адамның денесін тапты. ТЖД ақпаратына сенсек, 6 сәуірде Жылыой ауданы Құлсары қаласында 1974 жылы туған ер адам және оның досы рұқсат алмай, трактормен су басқан үйін тексеруге барып, жолда аударылып қалған.
Министрліктің мәлімдемесінен суға кеткен марқұмдардың өзін кінәлі етуге тырысып жатқаны анық көрінеді. Тасқын судың алдын ала алмаған шенділер су басқан өңірдегі қауіпсіздікті де қамтамасыз ете алмай отыр. Соған қарамастан, халықты кінәлаудан тартынбайды. Әлеуметтік желіде жұрттың эвакуация жұмысына кедергі келтіргені жайлы немесе уақытша орналасқан пунктте киім-кешекке таласқаны туралы ақпарат қаптап жүр. Бұл биліктің көне тәсілдерінің бірі, осындай қиын сәтте ақпарат құралдары арқылы халықты қаралауға барынша күш салады.
Оған дейін Абай облысы Аягөз ауданы аумағында үш адам суға кеткен. Олардың қайда екені қазірше белгісіз, құтқарушылар іздестіріп жатыр. 23 наурызда Аягөз өзенінен өтпек болған 46 жастағы ер адам суға құлаған. Ал 26 наурызда екі тұрғын мінген трактор Борлы өзенінің ортасында тұрып қалып, оларды ешкім құтқара алмады. Ең өкініштісі, екі азамат трактор үстінде 10 сағат отырған. Күні бойы екі көзі төрт болып көмек күткен қос тұрғынның шарасыз күйде суға ағып кеткені жанға батады. Оған қайық немесе өзге де арнайы техниканың жоқтығы себеп болған көрінеді. Бірақ 10 сағат өте көп уақыт, облыс орталығынан болса да көмек шақыруға болар еді. Соған қарағанда жергілікті билік азаматтарды құтқаруға бел шеше кіріспеген сияқты.
Бірақ Аягөз ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Руслан Абай қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр. Ал аудан әкімдігінің мәлімдемесінде оқиға барысы баяндалған.
«26 наурызда Қарағаш ауылдық округінің Борлы өзенінде МТ3 82 тракторына мінген екі адам суда қалған. Олар 1985 және 1957 жылы туған азаматтар. Суда қалған азаматтың әкесі ауыл әкімдігіне таңғы сағат 7:25-те хабарласқан. Ауыл әкімі Мадияр Байжұманов 9:25-те 1 нива мен МТЗ 82 тракторы және 4 адамды ертіп, оқиға орнына барған. Көмек сұраған азамат тракторды алып шығу керектігін ескерткендіктен, ауыл әкімі 2 сағат бойы арнайы техника іздеген.
Аманбек есімді тұрғын судағы азаматтарды құтқару үшін өз атымен суға түсіп, камера лақтырған (бейнежазба бар). Алайда аталған азаматтар көмектен бас тартып, техникамен бірге эвакуациялауды күткен. Сағат 09:29-да аудандық төтенше жағдайлар бөліміне ауыл әкімінен және суда қалған азаматтың әкесінен хабарлама түскен.
Төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратына сәйкес, Семей құтқару жасағынан Аягөз қаласына сағат 16:00-де 2 дана қайық жеткізілген. Ауыл әкімі Аягөз қаласына барып, құтқару жасағы мен қайықты алып қайтқан. Олар сағат 17:00-де оқиға орнына жеткен (Аягөз қаласы мен Қарағаш ауылдық округінің арасы 43 км). Бірақ бұл кезде екі азамат оқиға орнында болмаған. Құтқарушылар ауыл азаматтарымен бірге түнге дейін іздестірді. Іздеу жұмыстары 27 наурызда басталып, әлі жалғасып жатыр».
Яғни екі тұрғын суда қалғаны жайлы таңғы 7:25-те белгілі болған. Қайық пен құтқару жасағы оқиға орнына кешкі 17:00-де жеткен. Екі азамат бақандай тоғыз жарым сағат су ортасындағы трактордың үстінде көмек күтіп отырған.
Ресейден су келе жатыр
Солтүстіктегі көршіміздің 22 өңірі қызыл судың астында қалды. Ирикла (Орынбор) сияқты су қоймалары ернеуінен асып, жағдай қиындап барады. Мамандар Ресей тасыған суды Қазақстанға қарай ығыстырады деп болжап отыр. Ресейде тасыған су еліміздің 5 өзеніне құйылады екен. Демек, осы 5 өзенде су мөлшері артып, жолындағы елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін.
Қазір Жайық өзені кемерінен асып, Батыс Қазақстан және Атырау облысын әбігерге салып отырғаны белгілі. Росгидромет мамандары еріген қар суына байланысты Жайық өзенінің суы былтырғы мөлшерінен 2-2,5 есе көп болатынын хабарлады. Демек, ресми билік жиі қайталай бастаған су тасқынының екінші толқыны Ресей жақтан келуі мүмкін. Ал бұған ел билігі дайын ба, жоқ па, белгісіз. ТЖМ Ресейдің Орынбор және Саратов облыстарымен байланыста екенін айтыпты. Бірақ жазда су сұрасақ бермейтін көршіміз қарғын суды қайырып ұста дегенге көне қояр ма екен?
Ақпараттар ашық дереккөздер мен ресми мәліметтерден алынды.
Қуаныш Қаппас