Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:36

ТЖМ: төтенше жағдайлардың алдын алу үшін газ баллондарын бақылауды күшейту қажет

1
Фото: ТЖМ

Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып отыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұл саладағы бақылауды күшейту және техникалық талаптарды қайта қарау қажеттігі айтылды.

Шыңғыс Әрінов мәліметінше, соңғы үш жылда елде газ баллондарының жарылуына байланысты 30 оқиға тіркелген. Соның салдарынан 110 адам зардап шегіп, 27 адам көз жұмған.

Министрдің айтуынша, ел аумағында қолданылып жүрген көптеген газ баллондарының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Қазіргі таңда айналымда шамамен 3,5 миллионға жуық баллон бар, алайда олардың нақты техникалық жағдайы мен жарамдылығы туралы толық дерек жоқ.

Сонымен қатар, газ баллондарын есепке алу мен бақылаудың бірыңғай жүйесінің болмауы жағдайды күрделендіре түсуде. Кейбір жағдайларда баллондардың заңсыз толтырылуы да тіркелген, бұл әсіресе шалғай аймақтарда жиі кездеседі. Мұндай әрекеттер қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді және апат қаупін арттырады.

Мамандардың пікірінше, мәселені шешу үшін ескірген жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту, отандық өндірісті дамыту және газ баллондарын бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу қажет. Сондай-ақ пайдаланудан шыққан баллондарды қауіпсіз түрде жою және қайта өңдеу тетіктерін қалыптастыру маңызды.

Қауіпсіз балама ретінде сарапшылар композитті газ баллондарын қолдануды ұсынады. Мұндай құрылғылар апатты жағдайда жарылыс толқынын тудырмай, қауіпсіз түрде бұзылады, бұл адам өміріне төнетін қатерді айтарлықтай төмендетеді.

Газ баллоны – жоғары қауіп көзі

Тұрмыстық газ баллондары дұрыс пайдаланылмаған жағдайда аса қауіпті. Техникалық талаптарды сақтамау, ескірген құралдарды қолдану немесе заңсыз толтыру ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Бұл қауіптің нақты мысалы ретінде Щучинск қаласында болған қайғылы оқиғаны айтуға болады. Онда дәмхана ғимаратында газ жарылып, өрт шыққан. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, бірнеше адам қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға газ баллонын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болған.

Аталған жағдайлар газ баллондарын пайдалану мәдениетін арттырудың, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың және мемлекеттік бақылауды күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Тегтер: