Уәде – тегін, жауапкершілік – жоқ. Үкімет «бір мұнайға сиынып» сценарий жазған жыл
Үкімет биыл экономикалық өсімнің 6,4 пайызға жеткеніне алақайлап мақтанған жыл болды. Тіпті мұны Бектенов жасақтаған үкіметтің басты жетістігі ретінде көрсеткісі келетіндер де бар. Жалпы ішкі өнім туралы статистиканы үкімет қанша дабыралап, жариялап көрсетіп жатқанымен, бұл өсімді қарапайым халық әлі сезініп үлгерген жоқ.
Негізінде, биыл жыл басынан бері экономиканы дамытуға, бюджеттің кірісін арттыруға, инфляцияны тежеуге, теңгені нығайтуға, елімізге енетін инвестицияны арттыруға, мұнай өндірісін жетілдіруге, тиімді тариф саясатын қалыптастыруға қатысты біршама уәде берілді. Сол уәделердің орындалуына қатысты халықта күмән қаншалықты көп болса, үкіметте сенім соншалықты мол болды.
Мұнай бағасы құбылды, жоспар да өзгерді
Биыл да үкімет, әдеттегідей, «бір мұнайға сиынып» сценарий жазды. Жыл басында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы барреліне 75 доллар, ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген. Ал көктемде мұнай бағасы төмендей бастағанда жоспарды өзгертуге тура келді. Содан Ұлттық экономика министрлігі бас болып, 60-55 долларлық мұнай бағасына икемдеп, сценарийді қайта жаза бастады. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «арзан мұнай кезінде шығындар қысқарады, бюджет барынша үнемделеді» деді.
Жалпы, үкімет мұнай бағасына қатысты мұндай сценарийлерді бұған дейін де құрған. 2023 жылы наурызда мұнай бағасы 85 доллардан 75 долларға дейін құлағанда да жоспарды өзгертуге тура келген. Ол жылы үкімет оптимистік сценарий бойынша «Brent маркалы мұнайдың бағасы 110 доллар, пессимистік сценарий кезінде 50 доллар болады» деп болжам жасап, соған орай жоспар құрған. Сол кезде де шығындарды қысқарту, мемлекеттік бағдарламаларды біріктіру, жобаларға кететін қаражатты үнемдеу жағы айтылған. Алайда атқарушы билік жаңадан сценарий түзіп, жоспарды өзгерткенмен, Ұлттық қорға қол салу, бюджеттің қаражатын ұқсата алмау тәрізді жағымсыз әдеттерден бір арыла алған жоқ. 2020-2021 жылдары пандемия кезінде де жоспарды өзгертіп, дағдарысқа қарсы сценариймен жұмыс істегенбіз. Бұл жылдары қиындықты еңсеру үшін Ұлттық қордан 14,6 трлн теңге алынды. Одан кейін жағдай тұрақталды дегеннің өзінде 2022 жылы қордан 4,6 трлн теңге алынған. 2023 жылы 5,3 трлн теңге, 2024 жылы 5,6 трлн теңгеден асырып қаражат алынды. Биыл да үкімет Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге қаражат алатынын жыл басында-ақ жариялап қойды.
Геосаясаттың әсері
Биыл Израильдің Иранға әуеден жасаған соққысынан кейін Brent маркалы мұнайдың құны күрт шарықтап шыға келген кезеңдер де болды. Фьючерстік келісімдер бойынша «қара алтынның» құны бір күнде 13 пайызға өсіп, 78 доллардан асып кеткен сәтті де көрдік. Осы кезде «Қазақстан үшін бұл сәтті ұтымды пайдалануға болады. Мұнай бағасының өсуі экспорттық түсімді арттырады. Теңгені нығайтып, Ұлттық қорға қосымша қаражаттың түсуіне ықпал етеді» дегендер болды. Қазіргі экономикалық өсімнің 6,4 пайызға көтерілгенін көктемдегі қымбат мұнай саудасының ықпалы деп білетіндер де бар. Дегенмен мұнай бағасы үнемі тоқтаусыз өсе бермейді. Мұның уақытша құбылыс екенін мұнай-газ сарапшылары сол кезде болжап қойған.
Биыл біздің шенеуніктерге мұнайға қатысты саяси шешімдерді ширатып, ОПЕК+-тің көңілінен шығу үшін біраз терлеп-тепшуге тура келді. Өйткені биыл ОПЕК+ Қазақстанды «мұнай өндіруге белгіленген шектен асып кетті» деп айыптады. Бұған қатысты бұрынғы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеретін халықаралық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді, АҚШ-қа ұшып барып, Total, ExxonMobil, Shell, Chevron секілді алпауыт компаниялардың басшыларымен мұнай өндіруді шектеуге қатысты келісімге келуге тырысты. Ақырында, Сәтқалиев ол компанияларға сөзін өткізе алмады. Артынша ол министрліктен кетіп, энергетика министрлігіне биыл басқа министр келді. Жаңа министр Ерлан Ақкенженов те келе салысымен өндірісті қысқарта алмайтынын айтып, басы біраз дауға қалды. Ал сала мамандары Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарына үкімет қатты талап қоя алмайды деп есептейді. Бұл компанияларда АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Ресей сияқты шетелдік компаниялардың үлесі бар. Себебі инвесторлармен әу баста жасалған келісімдер негізінде олар мұнайды көп өндіруге құқылы.
Биыл сарапшылар тарапынан мұнай тасымалына қатысты тез арада баламалы логистиканы күшейту керектігі жиі айтылды. Себебі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мұнайына тыйым салынған жағдайда, Қазақстан мұнайына қосақ арасында кету қаупі туындады. Себебі логистика мәселесі шешілмеген. Мұнайымыздың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумына (КҚК) байланған, ол Ресей аумағы арқылы өтеді. Бұл құбыр арқылы Қара теңізге мұнай жеткізу барреліне 5-6 доллар болса, баламалы бағыт болады деп сеніп отырған Баку-Тбилиси-Джейхан жолы үш есе қымбатқа түседі.
Еске салсақ, биылғы қарашада КҚК-ның Новороссийскідегі терминалына Украина дрондармен шабуылдап, теңіз жағалауында мұнай тиейтін үш құрылғының бірі зақымданды. Соған байланысты экспорт күрт шектеліп, қазақ үкіметі балама бағыт іздей бастады. Өйткені Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы КҚК құбырымен Батысқа экспортталады. Енді «ҚазТрансОйл» мәліметінше, шикізаттың дені – 232 мың тонна мұнай Самара бағытындағы құбырмен экспортталып жатыр. Атасу-Алашанькоу мұнай құбырымен Қытайға 72 мың тонна мұнай айдалды. Компания мәлімдемесіне қарағанда, Қазақстан халықаралық әріптестермен келісіп, шикізатты Самара (Ресей), Баку (Әзербайжан) және Қытай бағытындағы құбырлармен айдауды күшейткен.
«Жұлдызды» Жұманғарин
Сондай-ақ биыл вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның «жұлдызды» баяндамаларын көп тыңдадық. Ол үкімет отырыстарында 2026-2028 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын және 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын ұсынды. Қызды-қыздымен Жұманғарин «болашақта бюджеттің тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қорға жармаспаймыз» деп салды. Премьердің орынбасарының мәлімдеуінше, келесі жылы номиналды ЖІӨ күрт көтеріліп, 2028 жылы тіпті 429 млрд доллардан асып кетуі мүмкін. Осылайша, үкімет бұдан бұрын жоспарлағандай, 2029 жылға дейін ЖІӨ өсімін 450 млрд долларға жеткізе салатын түрі бар.
Ал қаржыгерлердің пайымдауынша, үкімет өсімді өсіріп, экономиканы арттырамыз десе, ең алдымен бюджетке түсетін түсіммен, одан шығатын шығысты дұрыстап есептеу керек еді. Мәселен, республикалық бюджеттің шығыстары:
· 2026 жылы – 27,7 трлн теңге,
· 2027 жылы – 28,8 трлн теңге,
· 2028 жылы – 29,8 трлн теңге болады.
Кірістерге келсек, Қаржы министрлігінің есептеуінше:
· 2026-2027 жылы – 23,1 трлн теңге,
· 2028 жылы бюджетке түсетін кірістер 27,6 трлн теңге көлемінде болмақ.
Бұл деректерді қарапайым арифметикалық тәсілмен есептесек, бюджеттің шығысы көп, кірісі аз екенін бағамдаймыз. 2026 жылы шығыс 27,7 трлн болса, бюджетке түсетін кіріс 23,1 трлн теңге. Сонда бюджет тапшылығын құрайтын сома 4,3 трлн теңге болмақ. 2027-2028 жылдары да бюджетке 2,2 трлн теңге кем түспек. Ал бұл кем түскен қаржыны үкіметтің қайдан алғалы отырғаны белгісіз.
Шығыс артып, түсім кем түсіп отырса, үкімет соның өзінде «Ұлттық қордан ақша алмаймыз» деуден танбайды. Сонда бюджеттің бүйірін қалай толтырады? Соған қарағанда, үкімет келер жылы қолданысқа енетін жаңа Салық кодексіне көбірек сеніп отырған сыңайлы. Бірақ бұл кодекстің сауатты іске асуы бизнестің және халықтың салық төлеу тәртібіне тікелей байланысты. Жаңа Салық кодексін жүзеге асыру аясында салық түсімінен бюджетке кемінде 3 трлн теңге түседі деп болжанып отыр. Үкімет осы арқылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайтқысы келеді. Алайда кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып, табысын жасырып, бизнес көлеңкеге қарай ойысса, бұл жоспар да орындалмай қалады. Ал жоспар орындалмай қалса, үкімет әлеуметтік салаға бөлінетін мемлекеттік шығыстарды қысқарта ма?! Мәселе осында.
Алынбалы-салынбалы Ұлттық қор
Бұдан бөлек, үкімет биыл «Ұлттық қордың активтері келер жылы одан әрі өседі» дегенді айтты. 2026 жылы Ұлттық қордағы қаражат қазіргі 63,4 млрд доллардан 68,6 млрд долларға өседі деп болжанды. Еске салсақ, 2029 жылға дейін үкімет Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізуі керек. Алайда сала мамандары Ұлттық қордан Үкімет қаражат алмауы үшін бюджеттің 60 пайызы мұнай емес, одан басқа салалардан түскен түсіммен толығып отыруы керектігін айтады. Сол кезде ғана «Ұлттық қордан қаражат алмаймыз, экономика мұнайға тәуелділіктен арылып келеді» деуге болады. Ол үшін логистика, транзит, теңіз жолдарымен сауда, әуе қатынасы, тау-кен саласы, сирек металдарды сату – барлық сала бірдей даму керек. Осы салаларды дамытып, мұнайдың бюджетке әсерін 20 пайызға дейін түсірсек, 2028-2030 жылдары үкімет айтып отырған көрсеткіштерге жетіп қалуымыз мүмкін. Бірақ бұл 30 жылдан аса уақыт айтылғанымен, жүзеге аспады. Енді екі жылда жүзеге аса қояр ма екен? Осы жағы да күмәнді.
Биыл Ұлттық банк «Ұлттық қордың қаражаты дамыған елдердің инфляцияға түспейтін, құнсызданбайтын бағалы қағаздарына салынатынын» жиі мәлімдеді. Бас банк бұған қатысты арнайы құжатқа түзетулер енгізіп, қаулы жобасын әзірлеп те қойды.
Еске салсақ, биыл көктемде Ұлттық банк Ұлттық қордың 1 млрд долларын АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына (бағалы қағаздарына) салынатынын мәлімдеген. Бұған қатысты бас банк «АҚШ-тың инфляциядан қорғалған TIPS мемлекеттік облигациялары нақты табысымызды сақтайды, активтердің құнсыздануына қарсы тұрамыз» деп сендірген.
Деректерге жүгінсек, Қазақстанның Ұлттық қоры 2014 жылдан бері жоғары көрсеткішке жетпепті.Тіпті 2022 жылғы инвестициялық шығын көлемі 2,6 трлн теңге болған. Ұлттық банктің дерегінше, қор құрылғалы бергі кезеңде (2001-2024 жж.) жиынтық инвестициялық кіріс 25,9 млрд доллар, ал орташа жылдық табыстылық 3,55 пайыз болған.
Ең қызығы, бізде Ұлттық қордан қаражат бөлінеді, бірақ ол қаражатты бақылайтын ресми органдар бөлінген трансферттің нәтижесін емес, оның игерілуін қадағалайды. Сөйтіп техникалық критерийлермен ғана шектеледі. Ал бұл ақша экономикаға пайдалы болды ма, кедейлік, жұмыссыздық қысқарды ма, халықтың жағдайы жақсарып, табысы өсті ме? Осы сауалдарды нақты жүйелі түрде зерттеу аз. Қазан айының соңында қордағы активтердің валюталық балансы 63,4 млрд доллар болған. Бір айдағы өсім 660 млн доллар, ал жыл басынан бергі өсім 4,6 млрд доллар немесе 7,74 пайыз. Өсімнің басты себебі – инвестициялық табыс. Қордың дерегінше, тоғыз айда инвестициялық табыс көлемі 6,448 трлн теңгеге жеткен. Бұл – соңғы бес жылдағы жоғары көрсеткіштердің бірі.
Жаңа жылға үш тілек
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА: «Аналитик» талдау және сараптау орталығының сарапшысы:
– Ең төменгі жалақыны өсірмей қою, күнкөріс себетін арттырмау, жәрдемақы мен зейнетақыны дұрыс индекстемеу белгілі бір уақытқа дейін ақша массасын азайтады. Бірақ бұл экономиканы құтқаратын әдіс емес. КСРО кезінде осындай әкімшілік әдістерді ұстанудан тоқырау болды. Сол тоқырау кезінде халықтың жиғаны бір-ақ күнде көк тиын болып қалды. Негізінде үкіметте сұраныс пен ұсынысты білетін мамандар ғана емес, өндірісті дамытудың жолын білетін мамандар да отыруы қажет. Келер жылы осындай нақты істің мамандары көп болуын тілеймін.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатты жүргізуге байланысты жыл сайын бірлескен мәлімдемелері даяр тұруы керек. Ол мәлімдемелер әр жылдың басында қаңтар-ақпан айларынан қалмай жарияланып отыруы тиіс.
Жуырда осы төңірегінде ғылыми мақала жазып отырып байқағаным, бізде 2004-2006 жылдары және 2011 жылы осындай мәлімдемелер жасалыпты. Одан бері қарай экономикалық даму саясатына арналған мұндай бірлескен мәлімдемелер мүлдем жоқ. Қазір Үкімет пен Ұлттық банк жасайтын мәлімдемелерде макроэкономикалық көрсеткіштер, елдің экономикалық даму жағдайы, ЖІӨ өсімі, инфляция көрсеткіші, жұмыссыздық, бюджет тапшылығы айтылады. Ал оны шешудің нақты жолдары айтылмайды. Келер жылы мәселені шешудің нақты жолдары жиі айтылсын деп тілеймін.
Оразәлі СӘБДЕН, академик:
– Абайдың жолы, Абайдың толық адамы ол – біздің жол. Абайдың ілімі арқылы қоғамды ізгілендірсек, азбайтын, тозбайтын қоғамға айналар едік. Қазір сіз бен біз айтып жүрген жасанды интеллект Абайдың заманында болған жоқ. Бірақ Абайда жасанды интеллекттің алтыншы сезім қабілеті сол заманда болған. Ол барлығын көріп, бағдарлап, болашақты болжап отырған. Міне, біздегі ел басқарып отырған азаматтарға осы қасиет керек. Сонда Қазақстан дамыған, ізгіленген, өркендеген қоғамға айналар еді.
ЖІӨ+инфляция+ақша-несие саясаты
Бұдан бөлек, биыл Ұлттық банк пен Үкіметинфляцияны баяулатамыз, экономиканы өсіреміз деп те аптықты. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны шідерлеп, экономиканы «қызып кетуден» сақтау үшін ең алдымен нарықтағы ақша массасын азайтуға кірісті. Базалық мөлшерлемені қатаңдатты. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «экономикада 8 трлн теңгеден артық ақша бар» деп уайымдады. Биыл сол артық ақшаның 3,5 трлн теңгесі, банктердің депозитінде ұсталып отыруы керектігі анықталды. Айналымға артық ақша кетпеуі үшін енді ол қаражатты несиеге де беруге болмайды. Сол кезде несие беру үшін қолжетімді қаражат азаяды.
Бұл ретте мамандардың ойынша, мақсатсыз экономика болғаннан кейін де нарықта артық қаражат жүреді. Ал әрбір тиын нақты есептеліп, нақты жоспар мен мақсат қойылған болса, нарықта мұндай артық қаражат жүрмейді. Егер өндірісіміз дүрілдеп, экономикамыз нақты өсім беріп, түрлі кәсіпорындар ашылып жатса, ол ақша соған жұмсалып, экономиканы одан әрі қуаттандыра түсетін еді.
Негізінде бізде жыл сайын экономиканы дамытуды жоспарлағанда небір ғажайып уәделер беріледі. Мәселен, Ұлттық банк биыл жыл басында инфляцияны келер жылы 5-6 пайызға түсіруге болатын мүмкіндіктерді айтатын. Енді жыл соңында бас банк 2026 жылы инфляцияны 5 пайыздық деңгейге түсірудің қиын екенін мойындай бастады. Бас банктің ақша-несие саясаты жөнінде жазылған арнайы баяндамасында келер жылы инфляцияның шарықтайтыны, 2026 жылы қымбатшылық көлемінің 9,5-12,5 пайыз мөлшеріне дейін баруы мүмкін екені айтылды.
Рас, біз биылғы жылды 6,4 пайыздық экономикалық өсіммен аяқтап отырмыз. Үкімет келер жылы экономиканың өсімі 5,4 пайыз болады дейді. Ал Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,5 пайызға өседі десе, Азия даму банкінің есебінше, біздің өсім 4,3 пайыз болады.Пайымдасақ, біздің үкіметтің болжамы тағы да оптимизмге толы. Үкімет басқалардың болжамынан 1 пайызға артық берген. 2026 жылғы бюджетте 23,1 трлн теңге кіріс, 4,6 трлн теңге тапшылық болмақ. Мұны есептеп отырған қаржыгерлер үкіметке келер жылы тым әсершіл жоспарлар құрып, тегін уәдені үйе бермей «көрпеге қарап көсілуді», жауапкершіліктің құнын арттыруды ескертеді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ