«Уәдеге тойып біттік»

Ауызсудан тарыққан Абай ауылының тұрғындары осылай дейді
Қазір ауылдардағы ауызсу мәселесі біршама шешілген деуге болады. Ендігі проблема басқа. Соңғы жылдары осы салаға қаржы миллиардтап бөлінді. Бірақ кейбір елді мекендерде мердігерлер жұмысты өз деңгейінде орындамаған, енді бірінде ауызсу жүйесінің жобасы сапасыз жасалған. Ал жергілікті атқарушы органдар осындай шикі жұмыстарды қабылдай берген.
«Жас Алаштың» Түркістан облысындағы қосынына Созақ ауданы Абай елді мекенінің тұрғыны, ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірәлі Шалмағамбетұлы хабарласты. Оның айтуынша, 2018 жылы ауылды ауызсумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстарға 50 миллион теңге қаражат жұмсалған көрінеді. Алайда халық әлі күнге жарытып су іше алмайды.
– Құрылысты жүргізген мердігер компания сол 2018 жылдың қазан-қараша айларында жұмысын толық бітірмей, тастап кетті. Кейін ауданның коммуналдық шаруашылық бөлімі нысанды қабылдап жіберген. 2020 жылдың басында аудан басшылары «Абай ауылына ауызсу берілді» деп есеп бере бастады. Мен сол кезде тиісті орындарға ауызсудың әлі берілмегенін айттым. 2020 жылдың сәуірінде «Шолаққорғансу» мекемесі ауылға су берді. Бірақ ол бір айға ғана жетті. Содан бастап ауылдағы ауызсудың «жыры» басталды. Бір күн берсе, үш күн бермейді, үш күн берсе, он күн бермей қояды. Әсіресе биылғы жазда көп қиындық көрдік. Ардагерлер кеңесінің төрағасы болған соң, жұртшылық маған келіп көмек сұрайды. Ал мен кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын. Енді не істесек болады? 50 миллион теңге дегеніңіз жерде жатқан ақша емес шығар. Осыншама қаржының сұраушысы, іздеушісі жоқ па? – дейді қария.
Абай – аудан орталығы Шолаққорғаннан 15-20 шақырым жерде жатқан ауыл. Жүз шақты отбасы тұрады. Елді мекен халқы бұған дейін құдықтың суын ішіп келген.
«Шолаққорғансу» мекемесінің басшысы Ғазиз Нышанбаев биылғы жазда Абайда ауызсудан проблема болғанын жасырған жоқ.
– Созақ ауданында қуаңшылықтың салдарынан биыл жерасты сулары төмендеді. Бір Абай емес, тұрғындарының саны көп Таукент сияқты елді мекендерге суды сағаттап беруге мәжбүр болдық. Ауызсудың көзі болып табылатын таудағы бұлақтар тартылып кетті. Мұндай жағдай соңғы жиырма жылда болмаған, – деді мекеме басшысы. Оның айтуынша, Абайдағы ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізген мердігер компанияның жұмысында ешқандай кемшілік болмаған. Компания тиесілі жұмыстарды жобаға сәйкес, атқарып шыққан. Жобада екі құдықтан тәулігіне 80 текше метр су шығару көзделген. Ал қазір 100 текше метрге дейін су алынып жатқан көрінеді. Сорғылар бәрібір бұдан артық су шығара алмайды. Себебі жерасты суларын шығару деңгейі одан әріге есептелмеген. Ал осы су тұрғындарға жетпей қалатынға ұқсайды.
– Оның себебі – жаз айларында тұрғындар ауызсуды көп тұтынады. Біздің тарифіміз бойынша 1 текше метр судың бағасы 54 теңге деп бекітілген. Оның 30 теңгесін абоненттер төлесе, қалған 24 теңгесін мемлекет өтейді. 30 теңге дегеніңіз онша көп қаражат емес. Арзан болғандықтан, тұрғындар суды көп пайдаланады, бау-бақшасын суарады. Халыққа ауызсумен бау-бақшаны суармау туралы ескерту жасасақ, «ақшасын төлеп жатырмыз» дегенді айтады. Осы себепті су жетпей, сағаттап бергеніміз рас. Бірақ суару маусымы бітті. Енді он шақты күннен кейін Абайға суды тәулігіне 24 сағат беруге көшеміз, – дейді уәде берген Ғазиз Нышанов.
Алайда Мүсірәлі ақсақал бұл жолғы уәденің де орындалатынына күмәнданып отыр. Ол «уәдеге тойып біттік» деді.
Бір қызығы, Абай ауылында 100 үй болса, қазір оның 55-і ғана орталық құбырдан су ішеді. Қалған үйлерге су жүйесі тартылғанымен, тұрғындар оны қоспаған. Олар баяғыша құдықтың суын тұтынады екен. Ертең халық ауызсу құбырына толық қосылса не болмақ? Қазірдің өзінде жетпей жатқан суды ол кезде қайдан тауып береді? Яғни бұл жерде ауызсу жүйесі құрылысын жүргізетін кезде есептеулердің дұрыс болмағаны байқалады. Мамандардың айтуынша, жерасты суларының деңгейіне қатысты зерттеулер 60-жылдары жүргізілген. Ауызсу жүйесі осы ескі қорытындыларға сүйене отырып жобаланады. Ал одан бергі аралықта су деңгейі төмендеп кеткен.
Яғни ескі зерттеулерді басшылыққа алған шенеуніктер жүргізілетін жүйені қате жоспарлайды, ал оның зардабын халық тартуда.