Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:16, 23 Қараша 2023

«Уағыз-насихатты тарату бойынша арнайы заң қабылдау керек»

Жолдыбайұлы
Фото: из открытых источников

Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы:

Қазіргі таңда ғаламторда, әлеуметтік желілерде түрлі-түрлі діни тақырыпта уағыздар тарап жатыр. Тіпті үш-төрт адамның арасында айтылған әңгіме де «уағыз» боп таралатын болды. Сонымен бірге мыңдаған адамның, халықтың алдына шығып айтылған сөздер де тура солай кеңінен тарайды. Әрине, олардың бәрі сапасыз, жөнсіз, ақиқатқа қайшы деп айта алмаймыз. Бірақ десек те олардың арасында ұлттық санамызға, тарихымызға, тіпті тілімізге қиғаш келетін мағынадағы уағыздардың таралып жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Мұндай дүние тыңдаушыға кері әсер етуі де әбден мүмкін. Тіпті кейде үстірт, асығыс, білімсіздікпен айтылған бір ауыз сөз ел арасына іріткі салып, жамағатты бір-бірімен керістіріп қоюы да ғажап емес. Осындай әрекеттің дініміз үшін пайдасынан зияны басым. Енді осы секілді келеңсіз жайттардың алдын алу үшін уағыз-насихатты тарату бойынша арнайы заң қабылдау керек. Ол жерде лицензиясы бар адамдарға ғана уағыз айтуға және сол уағыздарын ғаламтор арқылы немесе әлеуметтік желілер арқылы таратуға рұқсат беру керек. Ал олай болмаған жағдайда айыппұл қарастырылса, заңды жауапкершілікке тартылса. Міне, осы секілді шектеулерге арналған баптар қажет болып отыр. Сондай-ақ лицензия берудің өзіндік талабы, ереже тәртібі болса. Мысалы, діни сауаты жоғары, қабілет-қарымы жетік. Аудиторияны өзіне ұйытып алатын, ең бастысы ұлттық бітімі мығым кісілерге берілсе. Сонда уағыздың да сапасы артады, жаңағыдай үстірт, оғаш уағыздан да тазарамыз.

Сонымен қоса шетелден оқып келген мамандарымыз бірден жұмысқа қабылданбай, арнайы пәндер мен сабақтардан сынақ тапсырып, одан өту керек деп есептеймін. Мұнымен айтқым келетіні, адаптация процесі болуы қажет. Өйткені бес жыл, он жыл сыртта жүріп, шет жерде оқыған адам ұлттық құндылықтар мен тарихты, шешендік өнерді, ұлттың ееркшелігін, ұлттың болмысын, мінезін, жан дүниесін, халықтың санасынан қол үзіп, жатырқап қалған адамдар уағыз айтқанда да қателеседі. Сондықтан ең әуелі оларды арнайы сынақтан өткізіп, адаптация барысын бақылау керек. Осы кезде мүмкіндігінше ұлттық танымын, түсінігін, тарихи білімін, шешендік қабілетін арттырып жіберсе. Сонда оның уағызы құлаққа тосын естілмей, тыңдаушысын елітіп алып кетеді. Сондай-ақ өзіміздің мемлекеттегі жоғары оқу орындарында мамандарды оқытып, даярлаған кезде де осы мәселелерге баса назар аударылуы керек. Ұлттық сана, тарих, уағыз айтуда оларды ескеру жағы кеңінен үйретілу қажет.