Уайс Ерсайынұлы, Ұлттық құрылтай мүшесі: Қоғам бірлігі мен ынтымаққа негізделген қадам
– Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауында жай сөз емес, мыңдаған адамның тағдырына әсер ететін шешім айтылды.
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады, жары, баласы күтіп отырған азаматтар осы шешімнің шарапатын сезінеді. Ең алдымен, рақымшылық – қоғам бірлігі мен ынтымаққа негізделген мемлекеттің қадамы.
Қаңтар оқиғасынан кейін түрмеде азапталып жатқандардың бар екенін естідік. Істің анық-қанығын зерттеп, «жәбір көргендерді босату керек» деген бастама көтерілді. Кейін белсенді һәм білікті азаматтар жиылған «Аманат» комиссиясы құрылып, Жамбыл, Түркістан облысы мен Семей, Талдықорған, Алматы қаласына барып, тергеуде жатқандармен көрістік. Расымен азапталғандар бар екен, куә болдық. Көбін қолхатпен үйге шығардық. Ақыры мәселе Президентке дейін жетіп, азаптаулар тоқтады.
Бір байғанымыз – тергеуде жатқандардың саны өте көп, ақ-қараны анықтауға көп уақыт кететінін түсіндік. Бір адамның ісін зерттеуге кемі бір жыл керек болады. Сол себепті билікке рақымшылық туралы ұсыныс жасадық. Бұл оқиға – мемлекет басындағы алғашқы жағдай екенін ескерттік. Сөзіміз жерде қалмай, Президент Жолдауда рақымшылық көрсетуді жеке бір тарау қылып айтып, арнайы тапсырма берді.
Негізі оқиғаға қылмыстық жағынан қатысы барларды екі топқа бөлеміз. Біріншісі, ұйымдастырушылар. Террористік акт жасағандар, қылмысты қолдан ұйымдастырып, елді арандатуға ат салысқандар. Бұлар босатылмайды, яғни, рақымшылыққа ілікпейді. Екіншісі, алаңға шыққан, бірақ бүлік жасауға ниеті жоқ, ерікті-еріксіз түрде қосылғандар. Міне, оларға рақымшылық қажет. Енді рақымшылыққа байланысты арнайы заң қабылдану керек екенін білеміз. Егер құптайтын болса, біз осы іске де еңбектеніп, ат салысқымыз келеді. Әлі де қылмыстық, заңдық жағынан көп мәселелер бар, реттеуге дайынбыз.
Сондай-ақ, Президенттің «балалардың болашағы үшін Ұлттық қордан ақша аударамыз» дегені қуантты. Мұны елеусіз қалдыра алмаймыз. Нағыз ұрпақтың қамын ойлау мақсатында қабылданған шешім. Осының бәрі – бірауыздан құптарлық қадамдар деп ойлаймын.