Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 30 Тамыз 2024

Уақыт соққан жел

Дидахмет Әшімханұлы

Әдебиетке ынтызар көңілдің әлі балаң кезінде ең алғаш танысқан, қолпаштау сөзін естіген жазушың Дидахмет Әшімханұлы болса, оны қалай ұмытарсың?

 Оқу бітірер тұста өз қатарластарыңның әдет-ғұрпы бойынша редакцияларды шарлап, жазған-сызғаның әлденеге жарап қалады деген нық сеніммен мақала апарасың баяғы. Тура сол тұста ақын ағамыз Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» жинағы шығып, бәріміз таласа оқып едік. Сөз өнерінің көркем шешімі туралы түсінігің қалыптаспай тұрған кезеңде бәрін түсініп, біліп тұрғандай күйде болу табиғи заңдылық па, жоқ өзіңнің амбицияң ба, ол жағын пайымдап көрмедім. Әйтеуір «Тобылғыжарғанды» оқып, ақынды біліп, таныған адамша, поэзияның білгірінше жазған дүниемізді «Түркістан» газетіне апарып, көзілдірік таққан ағаның қолына ұстатқанбыз. Ширақ, сөзі анық, даусы ашық кісінің сені студент демей кабинетіне шақырып, асқан қызығушылықпен кім екеніңді, не оқып, не жазатыныңды сұрағанда, оны өзің баурап алғандай сезімде болғаныңды қайтерсің. Кейін жиі кездесе жүріп, қалам ұстағысы келетін әр жасқа құрметпен, ілтипатпен, үлкен жанашырлықпен қарайтынын білген кезде, өзіңнің сонау күнгі пенделік пиғылыңа ұяласың.

Сол мақаламызды осы күні оқысақ, бетімізден от шығады. Парқына жетпей айтқан асқақ-асқақ сөздеріңнің төркінін тура сол кезеңде қалай түсінгенін қайдам. Бір анығы, таза көңіл тұрғаны байқалады екен. Сағынсаң, соны сағынасың. Ағалар да бағаласа, соны бағалаған шығар.

«Түркістан» газетінің мақаламыз шыққан санын сатып алып, аудиторияға әкеп, құдды ылғи газет оқитын адамша партаның үстіне айқара ашып тастап, өзің барынша ұстамды болуға тырысқан кезің қазір балалық болып көрінеді. Курстастарыңның алдында шығармашылық адамы болып жүрудің өз романтикасы бар еді. Ондайда нағыз газет оқығыш Асылбек Тасымов ағайымыздың жұрт көзінше атап тұрып, «мақалаңды оқыдым» дегені одан сайын мерейіңді асырып тастағандай күй кештіретін. Батып сөз де айта алмай жүрген қыз жаққа сол сәтте ұзағырақ қадалып қарап, жанарларың түйіскен кезде «бағамды білдің бе» дейтіндей дәме жататын. Қазір ойлап тұрсам, қыздардың да алдында абыройыңды асырып тастайтын Дидағаң сияқты үлкендердің бір шуақ мейірімі екен-ау.

«Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясымен шыққан кітабын бірде ұстатып жіберді. Оқуды жаңа бітіргенсің, қонатын үй болса, жата қалатын әдетіміз еді. Сол күні нағашымның үйіне бардым. Әлгі кітапты бас алмай, түнімен оқып шықтым. «Он бірінші күз», «Босаға», «Аққабаның толқыны», «Жер аңсаған Сарыатан» шығармаларын бірінен соң бірін толқып, шалқып оқыдық. Дидахмет ағамыз да эмоцияға бай, экспрессивті адам еді ғой. Шығармаларына да сол сезімдерін аямай төгетін. «Бәкең» дейтін әңгімесін оқып алып, күлкіге қарқ болып едім.

Кейін «Құдайсыздар» деген әңгімесін жылдың ең үздік шығармасы ретінде атап жазғанымыз, бүгін ойласам, асқан максимализм екен. Соншалықты бағалайтын жасқа жетпей тұрып, жасқанбай айтқанымыз жөн болды ма екен? Дидағаңның сол әңгімесі шын мәнінде қазақ прозасының ең үздік әңгімелерінің қатарына қысылмай енетін-ақ шығарма.

Дидахмет Әшімханұлын соңғы рет қашан көрдім екен деп ойласам, есіме түсіре алмадым. Бір топ жастың басын қосып, ұйымдастырып, Алтынемелге, Шоқан зиратына апарып, тарихты айтып, жоба көрсеткені үлкен кісілікке бағаланады екен ғой. Жастар бірін-бірі біліп, сыйласып жүрсін деген пейілде ұйымдастырылған сол сапарды бұл күнде ешкім ұмытқан жоқ шығар. Әрі олардың да өмірінде жақсы бір күн болып қалғанына еш күмәнім жоқ.

Сол жақсы ағаның қадіріне жете алдық па, жоқ па, білмеймін. Кейде бір әңгімелерін қайта оқып қалғанда, бір кезеңде білген, қысқа уақыт болса да араласқан жазушы болғаны жүрегіңді біртүрлі шым еткізеді. Тірі адамның жоқ болып қалуы тірілерге ауыр екен.

Әшімханұлының прозасынан қайта бір оқығаным – «Жынды жел» әңгімесі еді. Соңғы жазған шығармаларының бірі болуы керек. Енді өзінің бұл дүниеміз туралы жақ ашпайтынына көңіліміз әлдеқашан көндіккен. Баяғы сөзге ынтық арманымызды өмірімізге айналдыруға себеп болған ағалардың бірі екені есімізге түскен сайын, осы бір көріністер санамызды кеулейтінін несіне жасырайық.

***

Дидағаң – әңгіме жанрын түрлендірді;

Алтай тақырыбын тереңдетті;

Оның шығармаларынан туған жерінің желі есті;

Оның қаламынан туған әрбір дүние қазақ мүддесін жоқтады;

Ол – сағыныш пен махаббаттың, кісілік пен ізеттің, құрмет пен қамқорлықтың жыршысы болды.

Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүние есігін ашады. 2015 жылы 65 жасында Алматы қаласында көз жұмды. Туған ауылында жазушыға еңселі ескерткіш қойылған. Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ ағаларымен қатар, Әлібек Асқаров сияқты қаламдас досымен бірге туған жерлері – Алтайдың табиғаты мен болмысын айрықша жазып, айшықтап кеткен қаламгер.

1
Фото: ашық дереккөз

Жастайынан әдебиетке құмар болған жазушы мектеп кітапханасындағы ақын-жазушылардың кітаптарын түгелге дерлік оқиды. Әдебиетке бала кезден құмар болғанын шығармаларынан-ақ байқауға болады. «Он бірінші күз» повесі мен «Жынды жел» әңгімелерін оқығанда авторлық баяндауда сол бір бала кезден кітапқа деген ынтызарлығы сезіледі. Әрбір жазушы өзін жазады деуші еді ғой. Дидахмет Әшімханұлының әңгімелерінде осы бір ерекшелік айқын сезіледі. Бұл оқырманын әбден иландырып барып, айтқанына сендіретін жазушының өзіндік қолтаңбасы болса керек.

Дидахмет Әшімханұлының шығармаларының дені бірінші жақтан баяндалады. Бұл әлем әдебиетінде әбден орныққан баяндау стилі. Тосын басталған шығарма тосын оқиғаға толы. Қаламгер айтпақ ойын бірден айпарадай жайып салмайды. Екіншіден, әңгіме аяқталған соң, оның тылсым табиғатына тамсанып, ойланып қалғанда оның ар жағындағы айтар ойын да бірден аңдамай қаласың. «Жынды жел» әңгімесінен алдында жазған «Құдайсыздар» әңгімесінде де жазушы осы стильді қолданған.

«Өз көкірегіндегі идеяны оқушы көкірегіне қондыру үшін прозаик – сөз етіп отырған ситуацияның шытырман қызықтығымен не шығармасының бұрын-соңды кездесе қоймаған соны композициялық құрылымымен қайран қалдыруға тырысады. Сөйтіп, оны өз ықпалына көндіреді. Сосын өз ыңғайына көшкен иі жұмсақ санаға өз идеясын сіңіріп бағады», дейді Әбіш Кекілбаев Чехов туралы мақаласында. Тегінде әр жазушының түпкі мақсаты осындай болса керек. Бірақ талант пен талғам деңгейіне байланысты әркімдікі әртүрлі шығады.

Дидахмет Әшімханұлының барлық шығармаларына тән бір ғана форма бар. Ол – лирикалық шегініс. Өмірдегі болған жағдайдың, сәттің тек фотографиялық көшірмесін бермей, оқырманға ой салатындай етіп, құнарлы тілімен анық жеткізе білетін Дидахмет Әшімханұлы жалаң, жайдақ сөзге құмар емес. Нақты оқиғалар мен ситуациялар арқылы адамның көңіл күйін, мінезін, портретін шебер жасайды. Әдебиет теориясындағы жанама портрет осы жазушы ағамыздың қаламына тән, ыңғайына келетін тәсіл. Әңгімелері бірінші жақта баяндалады. «Құдайсыздар» әңгімесін айталық.

Ол әңгімесінде жазушы жүзден асқан кейуананың тағдыры арқылы ауыл адамдарының мінезін көрсетеді. Қызыл сиырға қарап отырған екі үйдің өмір тіршілігі арқылы сол кездегі колхоздық өмірдің шынайы пердесін ашады. Әуелдегі әңгіменің идеясы да бұл емес. Өмір бойы Құдайға сеніп өткен әже коммунистер келгенде де намаз оқып отыра береді. Бұл өмірінің соңына таман атеистік қоғамға тап болған буынның өкілі еді, сол ұрпақтың тағдыры да осындай екіарада өтті емес пе?! Одан кейін сол әжей қайтыс болғанда, үйде тығылып тұрған Құранды ұлы шешесімен бірге жерлейді. Кейін ұлы өзі қайтқанда оның ұлы бала кезінде көзі көрген көріністі есіне түсіреді. Түпкі бөлмеге барып, сандықтың ішінен он бес жыл бұрын құлаған мемлекеттің партбилетін алып, әкесімен бірге жерлейді. Осы әңгімесі кешегі кеңестік идеологияға өлердей сеніп өткен, сол жүйенің құрбаны болған қазақтарға орнатылған ескерткіш сияқты. Қазақтар неге болса да – сеніп өткен халық. Сол атеистік қоғамның бір қайыры болар деп, үйіндегі баласына партия туралы бір жаман сөз айтқызбаған әкелер мен шешелердің обалы – сол жүйені құрушыларға. Жүрегіңе аяныш тудыратын, тұтас бір кезеңді еш боямасыз, қарапайым жеткізген.

«Жынды жел» әңгімесін жазушы: «Мен бұл аңыз-әңгімені бұдан елу жыл бұрын ел кезіп жүретін әлдебір емші шалдан естігем. Естігенде де жай бір жағдайда емес, көлденең жабысқан кеселден есімді енді жия бастаған кезімде. Сол сәттегі аурумен арпалысқан жай-күйім мен жанымда сақалын сипап қойып, есте жоқ ескі заманнан сөз қозғап отырған ақ шапанды ақсары шал есіме түссе, қазірге дейін қарадай денем тітіркенеді. Рас, сондағы менің жайым да мәз емес, шалдың әңгімесі де тым ауыр еді» деп бастайды.

Лирикалық кейіпкер бала күнгі оқиғасын еске алады. Тауда үйде әке-шешесі мал соңынан кетіп, інісімен жалғыз қалған кейіпкер есік-терезе ашық қалып, жел тиіп ауырады. Әкесі бір емші қарияны алып келіп, ұшықтатып, емдетеді. Ыстығы көтеріліп, ауырып жатқан жас бала ауыр түстер көріп, сандырақтап жатқан болатын.

1

Әңгімеден үзінді

– Әке-е, әке-е! Мен оны аттым, – деймін булыға қыстығып. Әкем маңдайымнан сипайды. Алақаны сұп-суық. Үстінде аппақ шапан. Сақалы да аппақ. Әкемнің сақалы жоқ еді ғой деймін. Сосын... көз алдымда көлбеңдеген жаңағы көп елес біртіндеп алыстай түсті де, жалғыз ғана адамның бейнесі қалған... Сақалы кеудесіне түскен үлке-ен ақсары шал. Сұп-суық алақанымен маңдайымнан сипап қояды. Одан әріде тақыр басы салбырап әкем отыр. Түсім емес – өңім. Елес емес – кәдімгі әкем мен әлдебір шал.

– Батыр, қалайсың? – дейді шал, бадырайған алакөзін маған тік қадап. Денем дір ете қалды да, көзімді жұма қойдым. Бұл кім? Қайдан жүрген адам?

– Аш, балам, көзіңді, – дейді ол әмірлі дауыспен.

Ашпадым. Қорқып жатырмын. Бас бармағын батырып, білезігімнен ұстағанын білдім. Қолымды одан жұлқи тартып едім, таскенеше жабысқан саусақтар жібермеді.

– Қорықпа, құлыным. Бұл кісі – емші атаң ғой. Тамырыңды ұстасын да. (Әкемнің дауысы).

Шал ұстаған бас бармақтың басынан лүп-лүп соққан қантамырдың бүлкілін сеземін. Недәуір уақыттан кейін шал:

– Балаға жел тиген. Шайтан ұрған. Су әкеліңдерші, – дегенін естідім.

Төмен жақтан тырп-тырп басқан аяқ тықыры білінді.

– Ата, айтыңызшы, балаға не болған? Мына дерттен айыға ма, жоқ па? (Шешемнің дауысы).

– Абыржыма, қарағым, ертең-ақ құр аттай шабады. Қатты жел тиген ғой. Үйде баланы жалғыз қалдыруға бола ма. Ескі-қыстау, иен жер. Жын бар, шайтан бар дегендей...

Бетіме бүркіп жіберген суық судан селк етіп, көзімді қалай ашып алғанымды білмей қалдым.

Шалдың ерні жыбырлап, бірдеме оқып отыр. Оқып-оқып алып бетіме «суф» дейді ыстық демімен. Тағы оқиды. Тағы да – «суф, суф». Осыны бірнеше қайталады да:

– Басын көтеріп отырғыз, – деді әкеме.

Әкем желкемнен демеп, кеудемді тіктеп отырғызды. Шал орнынан тұрды. Қолында қамшы. Кірпідей жиырыла қалдым. Қазір соғады.

– Кет, бәлекет, кет!

Арқамнан қамшы сипап өтті. Ауырған жоқ.

– Кет, бәлекет, кет! Ойға кет! Қырға! Суға кет! Суф! Суф!

Қамшы арқамнан және сипап өтті. Байқаймын, бойым шынында да жеңілдеп, сергіп қалғандай.

– Енді жылы бүркеніп жат, – деді шал бетіме күлімсірей қарап.

Жаттым. Шал жиюлы жүкке арқасын сүйей отырды. Жерге дастарқан жайылды. Артынша буы бұрқырап қуырдақ, шәй келді. Көрпенің бір бұрышынан сығалай қараймын. Маған көлденең жабысқан кесел-дерттің бірі ойға, бірі қырға кеткеніне сенгендей әкем мен шешем енді жайбарақат шәй ішуге кіріскен.

–Жел тигеннен адам өстіп ес-түсінен айырыла ма, – дейді әкем. – Түні бойы жын қаққандай сандырақтап шығады. Бұл өзі басқа бір дертке ұшыраған жоқ па осы?

Шал жымиып күлді. Сосын шәйін сораптай отырып:

– Қарағым, жел деген оңай жау емес. Баяғыда іргеден соққан жынды желдің кесірінен бір тайпа ел мүлде құрып та кеткен, – деді.

Мен елең еттім. «Жынды желі» несі? Бір тайпа елдің құрып кеткені қалай?

– Қызық екен, – деді әкем таңданып.

– Қызық емес, сұмдық де. Сол сұмдыққа жеткізген – мақтаншақ қатындардың даңғойлығы болған.

Шешем именшіктеп, төмен қарады. Бұны байқап қалған шал:

– Шырағым, ол замандағы «қатын» сөзінің қазіргі әйел затына қатысы жоқ. Сонан кейін... мен ауызға алған тайпаның көсемі қоластындағы адамдардың еркегін де, әйелін де кейде «қатын» деп сөйлейтін әдеті болған.

–Ақсақал, сіз бір қызық әңгіменің ұшын шығарып отырсыз. Егер айып болмаса, осы әңгімені түп-түгел айтып беріңізші бізге. Мына бала да тыңдасын, – деп әкем қопаңдай түскен.

– Бала тыңдағанмен қазір бәрін түсінбейді. Тек сөздің ұзын-ырғасы ғана есінде қалады. Бірақ кейін, есейе келе мұндағы әрбір сөз жадында қайта жаңғырып, қатты ойланатынына менің күмәнім жоқ.

– Ойпыр-ай, ішті кептірдіңіз-ау, ақсақал. Айтыңызшы. Бәрін басынан бастаңызшы.

Шал сақалын саумалап біраз ойланып отырды да, тамағын қырнап, бір-екі рет жөткірініп қойды. «Тезірек сөйлесе екен, айтса екен» деп мен жатырмын.

– Ел бар жерде ескіден қалған сөз болады. Ондай сөз атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге жетіп, ұрпақтан ұрпаққа көшеді. Менің айтқалы ортырғаным да – сол ескілікті сөздің бірі ғой, – деді шал. – Ал енді тыңдай беріңдер...

***

Емші қарт шәй үстінде Алас теген тайпаның тағдырын баяндайды. Алтай тауының бір жағын мекендеген Алас деген берекелі, бірақ жуас тайпаға мұндар деген тайпа күн бермейді. Әбден басынған соң, қолдарына қару алып, Алас көсемі өз тайпасын Алтайдың арғы бетіне көшіруді ұйғарады. Қолдарына ақ қылыштарын алып, кескілескен ұрыспен Алас Алтайдың ар жағына көшеді. Ол жаққа барғанда өздеріне заң шығарады. Алас көсемі: «Біз Тәңірдің қатал сынынан өттік. Көздеген жерге жеттік. Әр шаңырақтың уығы сиреді, бірақ қанаты бүтін. Бесігіміз қисайды, бірақ оны түзейтін қолымыз сау. Тәңірім ендігі жерде қатынның көзін бесіктен, құлағын еркектен айырмасын! Тайпаның басты ұраны да осы болсын» дейді. Бұл Аластың ұраны ғана емес, жазылмаған заңына айналады. Жаңа қоныстары Аласқа жайлы болады. Әйелі ердің алдынан қиыс өтпей, ері әйеліне артық ауыз сөз айтпай, берекелі күн кешеді. Бірақ бірде ерлер аңға кеткен кезде көсемнің анасы қайтыс болып, оны тек әйелдер ғана жерлемек болады. Қабір қазғанда жерден алтын шығады. Осы алтын Аластың түбіне жетеді. Әйелдер бір-бірін тыңдамай, әркім жер қазып, алтын іздеп кетеді.

Әдебиет сыншысы Әбіл-Серік Әбіләкімұлы: «Қазақ «Аңдыған алмай қоймайды» дейді, осының қалай болғандығын қазаққа рухани-саяси және мәдени тісі батқан империялардың ашық және астыртын үстемдік жүргізгенін және жүргізіп келе жатқандығын мыңжылдықтар шеңберіне сыйдырып бере білу әңгіменің басты жетістігі дер едік. ...Ақыры Орман тайпасынан – кеспек-кеспек «қызылсу», жәшік-жәшік «мөлдірсуға»; Обыр тайпасынан – айнаға; Жебір тайпасынан – гендерлік саясатқа ұласады. Осы кесапаттың бәрін автор мистикалық аңыста кеше мен бүгінгі өмірдің реалды шындығын алмастыра, ауыстыра беру арқылы оқырманына ой салады» деп жазады.

Ақыры жерінен алтын шыққанын естіген Орман, Обыр, Жәбір тайпалары Аластың жеріне ақ әйелді жібереді. Ол Алас әйелдеріне киіз үйлерінің есігін ашып, керегелерінің түбін түріп қоюды бұйырады. Ақыры жынды жел соғып, Алас тайпасының жаны да, малы да жынданып, қырылып қалады.

Әдебиеттанушылар мен сыншылар бұл әңгімеден астар іздеп, Алаштың тағдырымен салыстырды. Бұнда ұлттық болмыс пен идеология бар деп жазды. Әркім өзіне керегін алады. Алас көсемінің ұраны есіңізде ме? «Әйелдің көзін бесіктен, құлағын еркектен айырмасын!» еді. Қазақ бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана деп әйелді айрықша құрметтейді. Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ал бесік кімнің қолында? Ананың!

«Әйел тозса, ұрпақ азады», «Қызы қараусыз қалған ел құриды» деген сөздерді де айтқан қазақ.

Тарих – біздің өткеніміз ғана емес, тәжірибеміз. Аңыз тек мистика емес, мысалымыз. Жазушы осы аңыз арқылы ойлануға шақырады. Ой салады.

***

Әңгіме өзегінде жатқан әйел затының әрекеті болғанымен, жазушы адамзат енді жарысса, күшпен емес, ақылмен, айла-тәсілмен жарыссын деген емеурін жатыр. Құндылықтарың тапталып, айнаға қарағанда өзіңді-өзің танымайтын халге түскендей ұлттың бет-бедері жоғалған шақта, тініңді қайдан іздейсің?

Адамзат баласы бұзылса, өзі ойлап тапқан дүниенің қызығынан бұзылды. Бірақ біз уақыт екпінімен келген өзгерістерге жынды желге ұрынғандай өзгермесек керек едік. Бірақ енді оған тоқтам жоқтай көрінеді.

Бағашар Тұрсынбайұлы