Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:35

ҰБТ-ға шағым көп, нәтиже жоқ

ҰБТ
Фото: из открытых источников

Биыл негізгі ҰБТ 381 мың рет тапсырылып, талапкерлердің 76 пайызы шекті балл жинады.

Ұлттық тестілеу орталығы берген соңғы мәліметтерге сүйенсек, 113 мың адам грант конкурсына құжат тапсырған. Грант иегерлері анықталатын уақыт та алыс емес, оқу жылының басталуына да жақын қалды. Соған қарамастан, ҰБТ нәтижелерінің әділеттілігіне, нақтырақ айтқанда апелляцияға қатысты шағымдар мен пікірталас тоқтар емес. Ата-аналар мен түлектер, ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар мен оқытушылар апелляциялық комиссияның жұмысына күмәнмен қарайды, ал сұрақтар базасында «спорный вопрос» көп дейді. 

Қазір ҰБТ цифрлық негізде өтеді, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Екі рет тапсыруға болады. 216 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндікті қоса есептегенде 399 мың өтініш берген. Олардың 75 пайызы қазақ тілінде тестілеуден өтті. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр. Тестілеу еліміздегі 46 тестілеу пунктінде өтті. Бір оқушыға 120 тапсырма беріледі, максималды балл – 140. Осы сұрақтарға жауап беруге төрт сағат уақыт беріледі.

Апелляция тақырыбына көшпес бұрын, сұрақтар мен тестілеу базасы жөнінде. Биыл ҰБТ-ға арналған тест тапсырмалары қоры толықтырылып, жаңартылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі тест тапсырмалары негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес құрастырылатынын айтады. Ал жаңартылған материалдар Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланған. Оның ішінде тест жоспары мен спецификациялары, үлгілік тест нұсқалары мен ұсынылатын оқулықтар тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша тарихи даталардың жаңартылған тізімі, қазақ және орыс әдебиеттері пәндері бойынша шығармалар тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминологиялық анықтамалар бар.

Иә, бұл жаңалық емес. Тест базасы жылда жаңартылады, нұсқаулар беріледі. Бірақ осы жылғы талапкерлер «спорный» сұрақтар көп екенін, ал оны апелляцияға берген жағдайда көбіне қанағаттандырылмайтынын айтады. Айта кетейік, биыл 92 755 талапкер апелляцияға шағым түсірген.

ҰБТ «иелері» өзіне шаң жуытпайды

ҰБТ электрондық форматқа ауысқалы емтихан нәтижесін бірден көру мүмкіндігі пайда болды. Демек, апелляцияға да бірден өтініш жіберуге болады. Яғни талапкер өз нәтижесімен келіспеген жағдайда сұрақтардың мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да шағым жасай алады. Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі және ол дәлелді түсініктемеге негізделуі керек. Ал егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін мәтін, схема, сызба, кестелерді байқаса немесе олар жоқ болса, техникалық себептер бойынша апелляцияға бере алады. Ал нақты жауабы апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетіне жіберіледі. Бұрындары педагогтар оқушыларға «апелляциядан балл алу мүмкін емес» десе, қазір керісінше, «әр балл үшін еңбек ету керек» деген түсінік қалыптасқан. Содан да болар, шағым беретіндер қатары артқан.

Осыған қатысты өткен жылы ҰТО басшысы Руслан Емелбаев:

«Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайларға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайтынын атап өткен жөн. Ол сұрақтардың немесе жауаптардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды», – деген.

Ал биыл апелляция нашар жұмыс істейді деген дау көбейген соң ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова:

«Сұрақтың қате болуы мүмкін емес. ҰБТ-да келетін әрбір сұрақ бірінші арнайы жұмыс тобы арқылы құрастырылады. Осыдан кейін сұрақтар үш мәрте сараптамадан өтеді. Бірден бостан-бос ҰБТ-ға жіберілмейді. Яғни оқушыға келіп тұрған сұрақ терең сараптамадан өтіп келіп тұр», – деген мәлімдеме жасады.

Вице-министрдің аузынан шыққан бұл сөз көпшіліктің ашуына тигенін көріп отырмыз. Ата-аналар мен оқушылар, педагогтар «ҰБТ сұрағының қате болуы мүмкін емес болса, апелляция не үшін құрылды» дейді. Осыған қатысты Ұлттық тестілеу орталығының позициясын білмекке хабарластық. Орталықтың баспасөз қызметі «министрлікпен бір позициядамыз» деп қысқа қайырды.

Бұл жерде бір сұрақ туындайды, министрлік пен ҰТО өзіне соншалық сенімді болса, апелляциядан кейін оқушылар неге балл қосып алады? Бұл туралы Juz40 оқыту орталығы мынадай мәселе көтеріпті:

«Үш рет сараптама өткізіліп, сұрақ қате болуы мүмкін емес болса, қаншама оқушы апелляциядан соң бірнеше балдан қосып алар ма еді? Апелляциялық комиссия не үшін құрылды? 95 мың өтініш қайдан келді? Мамандардың жауапсыздығының кесірінен балалар қиналмауы керек. ҰТО өз қателігін мойындай алуы қажет».

Екіұшты сұрақ келмесе екен...

Оқушылар тарапынан әлеуметтік желілерде «Әлемдегі ең озық университеттердің өзі қателеседі. Ал бізде вице-министрлер «қателеспейміз» деген позицияда. Сонда тек оқушы қателесе ме?» деген сұрақ қойылып жатыр.

Біз екіұшты сұрақтар мен талапкерлердің апелляцияға сенімі туралы Қазақстанда ҰБТ-дан бірінші рет 140 балды толық жинаған Жаннұр Еңсебектен сұрадық.

«2024 жылы өзім тестілеуден өткен кезде, наурыз айындағы ҰБТ-да үш сұрағымды апелляцияға бердім. Бастапқы балым 134 болды. Апелляциядан соң 137 болды, 3 балл қосылды. Қазақстан тарихынан бір сұрақ бердім. Алайда ол қанағаттандырылған жоқ. Ал информатикадан екі сұрақ бердім де, 3 балымды қосып алдым.

Қазір бұрын өзім білім алған оқу орталығында сабақ беремін, оқушыларды ҰБТ-ға дайындаймын. Оқушыларымның арасында да апелляцияға бергендер аз емес. Көбіне, өтініш қанағаттандырылмайды. Биыл тест құрастырушылар саны артты деген ақпаратты естіп жүрміз. Содан ба белгісіз, шағым түсіретіндердің де қатары артқан сияқты. Жалпы оқушылар ҰБТ-ға кірерде көп уайымдайды. Соның ішінде маған «спорный» сұрақ келмесе екен деген де уайым қатар жүреді», – дейді Жаннұр Еңсебек.

Біз апелляциялық комиссия мен оның жұмысы, тестілеу базасы жөніндегі ресми сауалдарымызды Ұлттық тестілеу орталығына жолдадық. «Спорный» сұрақтар мәселесі қалай шешімін табатыны жөнінде ғылым және жоғары білім министрлігінен де сұрадық. Жауаптарын күтеміз.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: