ҰБТ-ны ұмытқан Бейсембаев. Сағадиев пен Аймағамбетовке алғыс айтады

Қазақстанда ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілгелі бірінші рет 140-тан 140 балл алған оқушы тіркелді. Математика-информатика профильді пәндері бойынша тест тапсырып, барлық сұраққа дұрыс жауап берген Жаннұр Еңсебек бір-ақ күнде әлеуметтік желілердің жұлдызына айналды.
Әсіресе түлек тестілеуге дайындалған ақылы білім беру орталығы ерекше белсенділік танытып, рекордсмен оқушыны «пиар-ход» ретінде қолданып жатыр.
Бұл бір жағынан «пиар-ход» емес, берген нәтижең арқылы мақтану да шығар. «Juz40» дайындық курсы 10-11 сыныптар арасында танымал. Жаннұр осында екі жыл бойы онлайн білім алған. Оның анасы да, өзі де 11 жыл оқыған мектебімен қоса, ҰБТ-ға дайындаған курсқа да алғыс айтады.
«Баламның сонау бастауыш сыныптағы іргетасы жақсы болды. Мектепте базалық білімді толық меңгеріп, алтын белгіге оқыды. Жаннұр сол алған білімін ары қарай жетілдіремін деп, ҰБТ-ға онлайн дайындық курсын алды. Біз бұл шешімін құптадық. Байқауымша, онда балалар Қазақстанның түкпір-түкпірінен онлайн сабаққа жиналады, орта жақсы секілді. Оған қоса, оқытушылары да жас, білікті мамандар. Соның әсерінен баламыз одан әрі ашылып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр», – дейді Жаннұрдың анасы Жанар Аубакирова.
Біз түлектің өзімен де тілдестік.
«Мектепке барып, одан соң қосымшаны оқып та үлгеруге болады. Өзім Қазақстандағы көптеген түлектер сияқты түске дейін мектепте, түстен кейін 14:00-23:00 арасында онлайн сабақта отырдым. Расында да қазір ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар өте танымал. Себебі мұндай курстарда оқыту жүйесі мектепке қарағанда жеңілірек. Әйтеуір өзіме осылай оқыған түсініктірек болды. Бір жағынан дайындық курсында тек ҰБТ спецификациясы бойынша жұмыс істейсің. Мәселен, математикада көп келе бермейтін бірнеше тақырыпты жай бір шолып өттік. Бұл түлектер үшін өте қолайлы. Қажет тақырыптарға ғана уақыт пен энергия бөлесің. Ал информатика пәні ҰБТ-ға жаңадан қосылған. Мектепте бұл пәнді соншалық терең оқыдық дей алмаймын», – дейді Жаннұр Еңсебек.
Дарынды да еңбекқор оқушының рекордтық көрсеткішімен алдымен білім беру орталығы құттықтаса, кейіннен ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеме жасады. Саясат Нұрбек оқушыға ризашылығын айтып, ата-анасына алғыс білдірді, түлекті дайындаған ұстаздардың рөлі туралы да айтып қалды. Бірақ қай ұстаздар? Мектептегі ме? Әлде ақылы курстағы ма? Ол жағы белгісіз... Ал оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үнсіз. Өйткені Ерлан Сағадиев ҰБТ-ны мектеп жауапкершілігінен алып тастағалы, білім ордасы да, ұстаздар да өзін бұл тақырыпқа қатысы жоқтай сезінеді. Енді министрлік те сондай позицияға көшкен сыңайлы. Негізі ведомство оқушылардың жетістігімен, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардағы жүлделі орындарымен ұдайы мақтанып отырады. Аттестация кезінде де білім алушылардың жетістігіне көп көңіл бөледі, қатты акцент қояды. Бірақ Ұлттық бірыңғай тестілеуге келгенде нәтижеге жауап бермейді. Қызық біздің білім жүйесі! Шын мәнінде ҰБТ-ны мектеп жауапкершілігінен алып тастау ұтымды шешім болды дегенге сену қиын. Бұл өз кезегінде жеке дайындық курстары мен мектептердің қалтасына пайда әкеліп жатыр. Мектеп 11 жыл бере алмағанды дайындық курстары 1-2-ақ жылда бере қояды. Ақшаң болса болды...
ҰБТ 2004 жылы қолданысқа енгізілді. Оқушылар 4 пән бойынша білімдерін сынап, жабық тест сұрақтарына қағазға дұрыс нұсқаны белгілеу арқылы жауап беретін. Ол кездері ҰБТ балы арқылы оқуға түсу жағы да сұраққа толы болды. Әрі тест базасы мен сұрақтардың ақылға қонымсыздығы туралы жиі айтылатын. 2008 жылы тестілеу бес пән бойынша жүргізіле бастады. Кейіннен 125 сұрақ 140-қа ауысты. Орыс тілі міндеттелмейтін болды, ал қазақ тілі мен математика бойынша сұрақтар сауаттылық пен функционалды білімді анықтауға бағытталып, өзгертілді. 2021 жылы ҰБТ-да үлкен «реформа» болып, тестілеу онлайн форматқа көшті. Содан бері оқушылар оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы пәндерін міндетті пән ретінде тапсырады. Оған қоса таңдап отырған мамандығына қарай екі пәнге дайындалады. Әрі ҰБТ бұрынғыдай «өміріңде бір-ақ рет болатын сынақ» кейпінен шығып, екі рет тапсырылады, тағы ақылы 3 тестілеу бар. Бұл Асхат Аймағамбетовтің кезіндегі реформа. Бұл ҰБТ-ның өз қалпы, форматы ғана. Ал оның білім беру жүйесіндегі рөлі қандай еді? Бұрынғы білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны мектептердің, аудандар мен облыстардың білім сапасын анықтайтын құрал ретінде де пайдаланды. Бұл ақылға қонымды да. Бірақ 2017 жылы ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын тестілеу деңгейіне ауысты. Демек, білім беру басқармалары мен бөлімдері де, мектептер мен педагогтар да ҰБТ балы үшін жауапкершілік алмайды. Бұл туралы жақында ғана вице-министр Еділ Оспан да айтқан.
«Оқу-ағарту министрлігі ҰБТ-ны елдегі білім деңгейін анықтайтын құрал деп қарастырмайды. Себебі біз оқушыларды тест тапсыруға үйретпейміз, білім береміз. ҰБТ дегеніміздің өзі қосымша дайындықты қажет ететін тестілеу. Ал мектептің міндеті тестке дайындау емес, білім беру. Сондықтан да ҰБТ нәтижелерін білім берудегі жетістік ретінде немесе бағалау индикаторы ретінде қолдану орынсыз. Сапаны анықтайтын басқа да құралдар бар, мәселен, халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулері. Бұл зерттеулер бойынша білім сапасының өсіп келе жатқанын байқап отырмыз», – дейді оқу-ағарту вице министрі.
Басқасын былай қойғанда, бір PISA-ның өзі қандай күмәнді индикатор екенін бірнеше рет талдадық. Ал ҰБТ елдегі білім деңгейінің реалды жағдайын көрсететіні тағы анық. Бірақ жылда орта балл 50 пайыздың ар жақ-бер жағынан аспайды. Бұл төмен көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Статистикаға сүйенсек, орта балл 2020 жылы – 67, 2021 жылы – 69, 2022 жылы – 66, 2023 жылы – 73 болған. Демек, шекті көрсеткіштен сәл ғана асады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Дидар Смағұлов былай деп пікір білдірген: «ҰБТ мектептегі білім берудің эффективтілігін көрсете алатын бірден-бір құрал. Ал шенеуніктер өздеріне жауапкершілік алмау үшін әртүрлі айтып жүр». Расында, Қазақстандағы ЖОО баланы Қазақстанда алған орта білімінің деңгейіне қарап бағалау үшін ҰБТ-ны қолданады. Мектеп беретін білім мен тестте келетін сұрақтар болса бір бағдарлама негізінде екені белгілі. Бірақ мектеп ҰБТ нәтижелерін мойындамайды, өзін оған қатыссыз санайды. Дилемма емес пе? «Жас Алаш» бұл туралы өткен жылы да жазған. Сарапшы Аятжан Ахметжанұлы:
«2017 жылы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қолынан шыққан бұйрықтың кесірінен қазір оқушылардың дені ақылы курстар мен ҰБТ-ға дайындайтын орталықтарға ағылуда. Ол бұйрыққа сәйкес мектеп ҰБТ нәтижесіне жауап бермейді. Яғни бала тестілеуден қанша балл алса да, дайын болса да, болмаса да, мектептерге бәрібір. Бұл нені білдіреді? 11 жылдық білімнің сапасына мектеп жауап бермейді дегенді білдіреді. Осыдан соң мектеп ҰБТ-ға да, баланың білім сапасына да көңіл бөлмейтін болды. Бейсембаев та министр қызметіне кіріскелі бұл мәселеге ден қойып, мойын бұрмады. Ештеңе жасамады, жасамайды да. Бірақ шын мәнінде министр мен министрлік мектептегі білім сапасына толық жауапкершілік алу керек. Яғни ҰБТ-ға да жауапкершілік арқалауы қажет. Ол сапаны анықтай алмайды дейді. Онда неге соншама грантты ҰБТ балына қарап бөледі? Сапаны анықтай алмайтын емтиханмен бүкіл әлеуметтік грантты бөлу қаншалықты дұрыс?» – дейді.
Содан бері ақылы курстар еселеп артпаса, кеміген жоқ. Тіпті үлкен-үлкен брендер қалыптасып, табысты бизнеске айналған. Дайындық курсы ретінде ашылған мектептер толыққанды білім ордасына ұласып, кәсіпкерлер жаңа көздер іздей бастаған. Мысалы, Жаннұр оқыған дайындық орталығы нарықта жүрген 5 жылдың ішінде 45 мың оқушы оқытыпты. Онда мыңнан аса қызметкер, 10 рекордсмен оқушы бар көрінеді. Сол секілді былтыр «125» мектебі 7,6 мың, «Достық» білім беру орталығы 8 мың, «Арыстан» онлайн, офлайн курсы 5 мың оқушыны ҰБТ-ға дайындаған. Бұл еліміздегі бірнеше үлкен орталықтардың ғана есебі. Ірілі-ұсақты онлайн курстар өте көп. Жергілікті жерлерде де қаншама қосымша дайындық орталықтары жұмыс істеп жатыр. Олар «біздің оқушылар», «ең үздік нәтиже» деп жарыса жариялап жатады. Бастапқыда 60-70 балмен келген оқушылар 110-120 балдан асып жатыр деп те айтады, суреттер арқылы көрсетеді, жарнамалайды. Жаннұрдан соң дүниежүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерін таңдаған Айым Ержанова 140 балл алды. Ең қызығы, оның да бейнесі «Zerdeli» атты ақылы дайындық орталығының парақшаларында жүр.
Ал Бейсембаев әлі үнсіз. Министрліктің ресми сайты да, әлеуметтік желідегі парақшалары да ҰБТ туралы жақ ашпайды. Соған қарағанда, министрдің атына ҰБТ-ға қатысты сөз келуі ықтимал жағдайдың бәрін шешіп беріп кеткен Сағадиев пен Аймағамбетовке ризашылықпен, еркін тыныстап, каникулға шығып кеткен сияқты.
Баян Мұратбекқызы