Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:13

Уфада жасөспірім шетелдік студенттер тұратын жатақханаға пышақпен шабуыл жасады

Уфа
Фото: ашық дереккөз

Ресейдің Уфа қаласында 15 жастағы жасөспірім шетелдік студенттер тұратын жатақханада пышақпен шабуыл жасады.

 Куәгерлердің айтуынша, ол нәсілшілдік және ұлтшылдық сипаттағы қорлау сөздер айтып, ұрандар көтерген. Шабуыл салдарынан алты адам жарақат алды.

Оқиға Башқұртстан мемлекеттік медицина университетінің жатақханасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім ғимарат аумағына кіріп, адамдардың назарын аудару үшін алдымен петарда жарған, кейін пышақ, кастет және бұрыш баллонын пайдаланып адамдарға шабуыл жасаған. Оқиға орнынан түсірілген фото және видеоларда оның ғимарат ішінде жүгіріп жүргені, бірнеше бөлмеде қан іздері қалғаны байқалады.

Шабуылдан алты адам зардап шекті.

– Төрт студент (жасы 21–24 аралығында) пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

– 35 жастағы күзетші, жасөспірімді ғимаратқа кіргізбеуге тырысқан, беті мен бел тұсынан пышақ жарақатын алған. Сондай-ақ оған бұрыш баллоны қолданылып, көзі күйген.

Алтыншы зардап шегуші – кәмелетке толмаған бала, мойны мен қолынан жараланған, ол да ауруханаға жатқызылды.

Зардап шеккендердің ресми тізімі әзірге жарияланған жоқ.

Шабуыл жасаған жасөспірім ұсталып, ауруханаға жеткізілген. Ішкі істер органдарының мәліметінше, ол өзіне-өзі зиян келтіруге әрекеттенген. Қазіргі таңда ауыр жағдайда балалар ауруханасында жатыр.

Аталған дерек бойынша екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу және құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

Куәгерлер шабуылдаушының нәсілшілдік сипаттағы балағат сөздер айтып, ұлтшылдық ұрандар көтергенін хабарлады. Бұл жатақханада негізінен Үндістаннан, сондай-ақ Африка елдерінен келген шетелдік студенттер тұрады.

Университет ректоры Валентин Павлов зардап шеккендердің төртеуі Үндістан азаматтары екенін растады. Ал Башқұртстан басшысы Радий Хабиров жараланғандардың жақындарына Ресейге келуге көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Baza басылымының мәліметінше, шабуыл жасаған жасөспірім NS/WP неонацистік ұйымының жақтаушысы болуы мүмкін. Жарияланған суреттерде жатақхана қабырғасына қанмен салынған свастика белгісі көрінеді.

Shot дерегінше, күдіктінің аты-жөні Александр. «Новости. Уфа Башкортостан» басылымы оның анасы мен әжесімен бірге тұрғанын, отбасының әлеуметтік жағдайы төмен екенін жазды.

Ал «Осторожно, новости» оның өз-өзіне қол жұмсамақ болып, тамағына пышақ сұққаны туралы хабарлады. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеу облысындағы мектептердің бірінде де осыған ұқсас оқиға тіркелген. Ол кезде 15 жастағы жасөспірім пышақпен 10 жастағы оқушыны өлтіріп, бірнеше адамды жарақаттаған. Аталған шабуылда да неонацистік көзқарастар байқалған.

Тегтер: