Уиткофф Зеленский мен Путиннің жақын арада кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармады
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың айтуынша, Вашингтонның Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатия Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы үш апта ішінде жеке кездесуіне алып келуі мүмкін.
Келіссөздерге Дональд Трамптың өзі де қатысуы ықтимал.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Уиткофф АҚШ-тың бейбіт келіссөздердегі белсенді араласуы Зеленский мен Путиннің тікелей саммитін ұйымдастыруға жол ашуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесу тіпті алдағы үш апта ішінде өтуі ғажап емес.
Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер (ол да Киев пен Мәскеумен келіссөздерге қатысып отыр) бұл процеске «оптимистік көзқараспен» қарайды. Олар өз ұсыныстары тараптардың ұстанымдарын жақындатып, саммит өткізуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Сонымен қатар, Уиткофф Трамптың қатысуымен үшжақты кездесу өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, егер Трамп бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігін көрсе, келіссөзге қатысуы ықтимал.
«Меніңше, егер ол (Трамп) істі соңына дейін жеткізіп, ең жақсы нәтижеге қол жеткізе алатынына сенбесе, мұндай кездесуге қатысқысы келмейді», - деді арнайы өкіл.
Ол сондай-ақ «алдағы апталарда жақсы жаңалықтар болуы мүмкін» екенін айтты.
Уиткофф Путинмен бірнеше рет жеке кездескені үшін айтылған сындарды да жоққа шығарды. Оның пікірінше, қарсы тараптың ұстанымын түсінбей тұрып, келісімге келу мүмкін емес.
«Мен оның мотивациясын, мақсаттарын және басқа да факторларды түсінуім керек еді», - деді ол.
Владимир Зеленский бұған дейін бірнеше рет Путинмен тікелей кездесуге дайын екенін айтқан. Алайда ол Мәскеуге бару ұсынысын қабылдамай, керісінше Путинді Киевке шақырған. Жақында Зеленский саммит өткізу мәселесін көтеруді тапсырғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, ең жоғары деңгейдегі тікелей келіссөздер аумақтық мәселелер бойынша тығырықтан шығудың ең тиімді жолы болуы мүмкін.
Сондықтан Зеленский келіссөздер тобына екі ел көшбасшыларының Женевада кездесу мүмкіндігін талқылауды тапсырған.