Үй ме, үйшік пе, қоныс аударушыларға берілген үйлер адам тұрғысыз
Павлодар облысы – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші көп өңір тұрғындарын қабылдап алатын аймақтардың бірі.
Алайда мұнда екі қолға бір күрек іздеп келген адамдарға мүлде жағдай жасалмаған. Сондықтан оңтүстіктен келген ағайын солтүстікте тоңып жүр.
«Еңбек» бағдарламасының талабы бойынша қоныс аударушылар тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылуы тиіс. Алайда Павлодар облысында бұл бағыттағы істер өз деңгейінде атқарылмай отыр. Мысалы, облыс орталығына қарасты Ленин кентіне көшіп келген 25 отбасыға берілген пәтерлер адам тұрғысыз. Үйдің іші азынап тұр. Суы да ішуге жарамайды. Кәріз жүйесінің дұрыс тартылмауы тағы бар. Қысқасы, 20 жыл бойы бос тұрып, қоныс аударушылар үшін жөнделген бесқабатты баспананың сапасы сын көтермейді.
– Мұңымызды айтып, жергілікті әкімдікке бірнеше рет бардық. «Пәтерлер ұнамаса, кілттерді тапсырыңдар» дейді. Біз бұл жаққа еріккеннен емес, жұмыс іздеп, жайлы жағдайда тұру үшін келдік. Ал іс жүзінде оның бірі де жоқ. Пәтердің іші суық болғаны былай тұрсын, краннан аққан су ішуге келмейді. Оны алып, зертханаға апардым. Сондағы сарапшылар да оның сапасыз екенін айтты. Бірақ биліктегілерге бәрібір, – дейді Нұрислам Айдаров.
Оның сөзін Арнагүл Әзін есімді тұрғын да қостады. Айтуынша, балалар пәтер ішінде де сыртқы киіммен жүруге мәжбүр.
– Арнайы салынған қазандық үйді мүлде жылытпайды. Сондықтан қосымша электр құралдарын қосып, амалын тауып жылынуға тура келеді. Оны қоссақ, жарық үшін төленетін ақы шарықтап кетеді. Қайтерімізді білмей қалдық, – дейді ол.
Жергілікті шенеуніктер мұның бәрі ақаудың салдарынан орын алған уақытша қолайсыздық екенін алға тартып, олқылықтарды жоюға сөз берді. Әйтсе де мәселенің шешілер нақты уақытын айта алмады. Оған дейін қоныс аударушыларға бүрсең қағудан басқа амал қалмайын деп тұр.
Жалпы, Павлодар облысында қоныс аударушыларға немқұрайды қарау алғашқы жағдай емес. «Еңбек» бағдарламасы бойынша өткен жылы көшіп келгендерге де жайлы жағдай жасалмаған еді. Әсіресе Шарбақты ауданындағы баспаналарда олқылықтар көп. Тұрғындардың бірі Башир Костоевтің айтуына қарағанда, қыс бойы шұрық-тесік үйдің ішінде жел гулеп, қабырғаларды мұз басқан.
– Құрылыс жұмыстарының барлығы көзбояушылық. Басқасын былай қойғанда, үйдің іргетасының өзі дұрыс қаланбаған. Ауланы абаттандыру жұмыстарын да асығыс жасағаны анық байқалады. Бұл – бір емес, ондаған үйдегі мәселе. Әкімдікке бірнеше рет шағым айтып барғанымызда, «әне шешеміз, міне шешеміз» деп құр уәде береді. Қолға алынған шаруа жоқ, – дейді Башир Костоев.
Былтыр бұл аудан басшылығы қоныс аударушылар үшін жалпы құны 168 млн теңге болатын 10 үй сатып алған еді. Аудандық нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Равиль Гумаровтың айтуынша, құрылыс кезінде кеткен қателерді мердігерлер кепілдік мерзімі аясында тегін жөндеуі тиіс.
Сол сияқты Ақсу қаласында қоныс аударушылар үшін 400 млн теңгеге 20 үй сатып алынған болатын. Бірақ оның 18-і тұруға мүлде жарамады. Сол себепті өзге өңірден келушілер баспанамен уақтылы қамтылған жоқ.
Тізе берсек, аймақта мұндай кемшіліктер жетіп-артылады. Ал Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов «Біздің облысқа келген қоныс аударушылардың 97 пайызы осы жақта үймен қамтылып, жұмыс істейді. Яғни 11 мың адам еңбек ету үшін қалды» деп есеп береді. Қалуын қалды ғой, бірақ қандай жағдайда қалды? Мәселе осында. Шенеуніктер «құрғақ» статистикаға сене бермей, осы мәселені саралап, реттеуі тиіс. Әйтпегенде жақын уақытта өңірге келушілер саны күрт азаюы ғажап емес. Ал бұл білікті мамандар тапшылығының мәселесі сол күйі қала беретінін көрсетеді