Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:31, 15 Наурыз 2023

Үй түгілі үйшігін де сатпайды

None
None

Инвесторлар біз жинаған тиынға…

Ақиқатын айту керек, біздегі баспана құрылысында жүрген инвесторлардың қарапайым халықтың жайын ойлайтын түрі көрінбейді. Деректерге жүгінсек, биыл жыл басынан бері қайсыбір қалаларда еліміздегі баспана бағасы 41 пайызға дейін қымбаттаған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, пәтерлерді қайта сату нарығындағы баға өсімінің көш басында Семей (41%), Қызылорда (39,9%), Ақтөбе (36,9%), Ақтау (35,4%) және Қостанай (30,9%) қалалары тұр. Ал тұрғын үйді жалға алу бойынша жоғары өсім Көкшетау (53,7%), Қостанай (51,9%), Алматы (49,6%) және Петропавл (49,3%) қалаларында тіркелді.

Осылайша отандық нарықта баспана бағасы да, оны жалға алу құны да қатты шарықтап тұр. Бұдан бөлек, баспана тұрғызуға аса қажетті құрылыс материалдары да былтырғымен салыстырғанда 200-300 пайызға өскен. Мәселен, бұған дейін баспаналы болуды ойлайтын халық жиған-тергеніне жер алып, шағын үй салуды жөн санайтын. Ал нарықтағы қазіргідей қымбатшылықта халықтың өздігімен үй салып алуға да шамасы жетпейін деп тұр. Егер үкімет тұрғын үй құрылысы саласындағы асау бағаға тұсау сала алмаса, қазаққа болашақта үй түгіл, үйшік сатып алу арман болатын тәрізді. Алайда біз осылай «үкімет кірісіп, бағаны тұсаулау керек» дегенімізбен, экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, баспана бағасын арзандатуға енді үкіметтің шамасы келуі неғайбыл.

 – Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, болашақта халықаралық банктер біздің банктерден, ірі компаниялардан қарыздарын сұрай бастайды. Осы тұста екінші деңгейлі банктер ипотека пайызын қымбаттатса, елдегі құрылыс компаниялары шығындарын жабу мақсатында салған үйлерін қымбатқа сата бастайды. Бұған қоса, делдалдар да құрылыс заттарын шетелден қымбат бағаға әкелетінін желеу етіп, құрылыс материалдарын қымбаттатады. Осы себептерді алға тартсақ, әзірге баспана бағасы арзандай қоймайды, – дейді Марал Төртенова.

 Ал сонда қарапайым халықты арзан баспанамен қамту мәселесі басы ашық күйінде қала бере ме?! Негізінде, біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарлама легін ұсынды. «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25», «Шаңырақ», «Жасыл ипотека», «Ұмай» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы бізде жетерлік. Бұдан бөлек, қазір енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деген ұлттық жобаны тетікке қостық. Былайынша, аталмыш жобалардың атағы жер жарып, насихаты артып тұрғанымен, «мұндай реформалардың қызығын халық толыққанды көрді» деп тағы айта алмаймыз.

Бұл ретте «Экономика және құқық» институтының маманы Жанар Айтуғанқызы былай дейді:

– Негізінде, бізде құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салыққа жеңілдік беріледі. Ендеше, инвесторлар салған үйлерінің шаршы метрін неге арзандатпайды? Алматы мен Астанада үйдің шаршы метрі 400-500 мың теңгені құрайды. Үй бағасы елде тым қымбат. Сондықтан баспана бағасын арзандатуға үкімет бел шешіп кірісуі керек, мемлекеттік жеңілдік берілген инвесторларға нақты талап қойылуы қажет. Бірақ нақ қазір «Смайылов үкіметінің құрылыс саласындағы алпауыт инвесторларды тезге салуға шамасы келеді» деп айту қиын. Себебі бұл инвесторлар қаражатты мемлекет арқылы қалай алу керек, мемлекеттік сатып алуды қалай өздеріне бұру керек, осының барлығын әбден меңгеріп алды. Бізге құрылыс саласына мүлде жаңа инвесторлар келуі керек. Құрылыс салуға қатысты жемқорлықты, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тоқтам салмасақ, бұл салада әлі талай заңсыздықтарға жол беріледі.

 Негізінен, мамандардың пайымдауынша, сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін. Бірақ мұндай дабылға мемлекеттен жеңілдік алып, тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған ірі компаниялар пысқырмайды да. Ол ірі компаниялар қазірде халықты арзан баспанамен қамту жағына мүлде бас қатырып отырған жоқ. Құрылыс саласында жүрген бұл компаниялар әлемдік және жергілікті нарықтағы ахуалды желеу етіп, «баспананы арзан бағаға сата алмаймыз» деп ақталады. Мәселен, былтыр бәсекелестікті қорғау агенттігі баспананың шаршы метрін арзандату турасында 25-тен астам ірі құрылыс компанияларына ескерту хатын жіберіпті. Алайда бас пайдасын көздеген инвесторлар ескерту хатты да, басқа да шараларды ескеріп отырған жоқ. Осы орайда атап айтарлығы, инвесторлар мен ірі компанияларға үкіметтің сөзі де, тоқпағы да өтпей тұр.

 Енді не істеу керек? Қарапайым халықтың армандаған баспанасы құр қиял болып қала бере ме? Бір үйге мұқтаж жандардың мәселесі қашан шешіледі? Халық жалдамалы пәтер кезіп, қашанға дейін қаңғырады? Елдегі баспана машақатын, бір ұяға зар болып жүргендердің мұң-мұқтажын таяу болашақта шеше аламыз ба, бастысы, бұл саладағы бағаны тұрақтандыру мүмкін бе? Жалпы, үкіметтің тұрғын үй нарығындағы ұстанған бағыты оңды болса, сіз бен біз жыл сайын «баспананың бағасы өсіп кетті, баспана алу арманға айналды» деп бас қатырмайтын да едік. Амал нешік, әзірге көкейде сауал көп, өкініштісі – оған тұщымды жауап та, халыққа тиімді реформа да болмай тұр...

Тегтер: