Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:43, 06 Сәуір 2022

Үйгентас деген ел бар...

None
None

    ҚР Президенті

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

 Алматы облысы Алакөл ауданы

  Үйгентас өңірінің тұрғындарынан

                               Ашық  хат

       Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

     Бүгінгі жаңа тұрпатқа ие болған, ғасырдан-ғасырға «Мың өліп мың тірілген» қазақ елінің ендігі тағдыры да, болашағы да, тізгіні де өз  қолыңызда!

 Сіздің «Еліміздің шекара сызығының бойындағы елді мекендердің босап  қалуы жақсы құбылыс емес. Сондықтан өкіметке таяу мерзімде жоспарлы  түрде ұсыныс енгізуге тікелей тапсырма беремін. Әрине, бұл оңайшылықпен  тез арада шешіле қоймайды, қомақты қаржыны талап етеді. Бірақ  мемлекетіміздің  қауіпсіздігін сақтау, шекарамызды мықтап бекіту – біздің  ең басты мақсатымыздың бірі», – деген нақты да салмақты айтылған ұстанымыңыз – ертеңіне алаңдаушылықпен қарап, «шықпа, жаным, шықпа...»  деп күн кешіп отырған, ширек ғасыр бұрын солақай саясаттың салдарынан жабылып қалған шекаралық аудандардың тұрғындарының көкейіне сенім  ұялатып, үміт отын жақты.

        Қытаймен шекаралас Нарынқолдан Қатонқарағайға дейінгі  аралықта небәрі 400 мыңға жуық халықтың қалғандығы өзіңізге  мәлім. Осы орайда, Алакөл ауданына 1997 жылы 23 мамырда біріктірілген Үйгентас өңірі ауыл тұрғындарының жағдайының күннен-күнге нашарлауы себепті мекенжайын тастап, кетулерінің жалғасып  отырғанын  сізге  өкінішпен  хабарлауды  жөн  көрдік.

    Сіз бұрынғы Үйгентас ауданының географиялық орналасу  ерекшеліктерін, тарихын және экономикалық мүмкіншіліктерін жақсы білесіз. Осы өңірде  болған қазақтың біртуар азаматы Шоқан Уәлиханов өз күнделігінде  Шұбарағаш-Ойжайлау  жөнінде «Чубарагаш – лучшее место в хозяйственном  отношении во всей  юго-восточной  половине  степи...» деп жазса, осы өңір жайлы А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттарында», Иран шахтарының естеліктерінде, жерлесіміз КСРО  ұлттар  палатасын басқарған мемлекеттік  сыйлықтың, Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Әнуар Әлімжановтың «Көгілдір тауларында» жақсы  сипатталған.

     Патша заманында Лепсі уездінің құрамынан көршілес Ұржар, Таскескен, Мақаншы, Бөрілітөбе, Сарқан, Алакөл губерниялары Кеңес  Үкіметі орнағаннан кейін 1928 жылдан бастап, жеке-жеке аудандар  статусы  беріліп бөлек шыққандарынан кейін орталығы Лепсі  шаһары  болып 1928 жылы 22 сәуірде Андреев ауданы құрылған-ды. Сол кездің  өзінде Лепсі шаһарында 40 мыңға жуық халқы бар гүлденген қала  болған. Атақты орыс көпесі Пугасовтың спирт, арақ өндіретін, жеміс-жидек, мал, аң терілерін өңдейтін цехтары, кірпіш зауыты болғаны әлі  күнге дейін ел аузында.

   Жетісу өлкесінің Жерұйығы атанған Үйгентас ауданы Қытаймен  шектелетін шекара ұзындығы 300 км аумақты қамтиды, екі ел  арасындағы  адам  өтетін  он үш өткелдің жетеуі және 2012 жылы қайғылы  оқиға орын алған «Арқанкерген» заставасы да осы аймақта.   

    Үйгентас ауданы халқының саны 1991 жылмен салыстырғанда, 47 мыңнан 23 мыңға дейін азайған. Аудан орталығы болған Қабанбай ауылында сол жылдары 14 мыңға  жуық  тұрғын  болса, 2021 жылы бар  болғаны 6 мыңдай қалған. 1991 жылы 31 мектепте 12 мыңға жуық оқушы болса, 2021 жылы мектептер саны 21-ге азайып, 10 мектеп  жабылып, 3420 ғана оқушы қалған. Олар Айпара, Жауынгер, Кеңес, Жамбыл, Карл Маркс, Шілікті, Бостандық, Шымбұлақ, Майқан, Жүнжүрек мектептері. 9 мектеп жанындағы интернаттардың екеуі ғана  қалған.

    18 балабақшада 4 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленсе, күрделі  жөндеуден өтіп, қалпына келтірілген бес балабақшада бар болғаны 380 бала тәрбиеленуде. Мұғалімдер саны 1500-ден 560-қа дейін қысқарған.

        Шекара шебіндегі ауыл тұрғындарының ата қонысын тастап, кетуінің басты себебі – жұмыссыздық, жаңадан ашылған өндіріс орындарының   жоқтығы, орта және шағын кәсіпорындардың аздығы, жалақы, зейнетақы   көтерілген сайын 50-100 пайызға өсетін (азық-түлік, дәрі-дәрмек, газ, т.б) қамбатшылық. Мысалы, біздің елдің шұғыл континенталдық аймақта орналасқанын ескерсек, 7 айға созылатын қыс мерзімінде он тоннаға жуық көмір қажет. Көмірдің бағасы соңғы бес жылда бес мың теңгеден тоннасы жиырма  бес-отыз мың теңгеге дейін өсті. Сонда бір қысқы маусымға тек көмірге орта есеппен 200-300 мың теңге кетеді. Оның үстіне, шекарадағы ауылдардың аудан орталығынан шалғайлығы, ол шеті мен бұл шетіне барып келу үшін 250-300 шақырым жер жүру керек, айына аудан орталығы Үшарал қаласына екі рет іссапарға барсаң, жолыңа 10-15 мың теңге жұмсайсың. Әр отбасындағы зейнеткерлердің зейнетақысы күнкөріске жетпейтіні айдан анық екені көрініп тұр. Әсіресе, боранды, жауын-шашынды күндері жол қатынасы мүлде тоқтайды. Шекарадағы әр шалғай ауыл «Барса келмес» аралына айналады.       

        Шекараны халық күзететінін ескерсек, шекара аудандарын өркендету туралы мемлекеттік арнайы программа қабылдануы керектігі кезек күттірмейтін, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты маңызды шаруа болғандықтан, мемлекет тарапынан жұмысшы тобын құрып, құзырлы органдардың сенімді, жауапты қызметкерлері енгізілсе, және олар шалғайдағы шекараның өтінде тұрған, әсіресе, Үйгентас, Мақаншы өңірлерінің елді мекендерін аралап, халықпен бетпе-бет кездесіп, мәселенің мән-жайын саралап, жасалуға тиіс шұғыл істерді мемлекет басшысына, үкімет пен парламентке жеткізсе, деген  ұсынысымыз  бар.

     Осы жұмыс тобына өкімет деңгейінде қабылданған  бұрынғы, кейінгі перспективалық бағдарламаларды сараптап, бүгінгі  күн талабына  сай  өзгертулермен, толықтырулар енгізіп, жалпы, Қазақстанның шекара  аймақтарының, соның ішінде, «Қытаймен шекаралас орналасқан  аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» кешенді  бағдарлама қабылдау керек.

     Кеңестік дәуірде ғылыми экономикалық тұрғыда, әбден зерттеп- зерделеніп, тәжірибеден өтіп, нақты нәтижелерін берген салаларға  басымдылық беру мақсатында жоспарлы түрде әрбір өңірдің табиғи  ерекшеліктерін, ресурстарын ескере отырып (специализация), тек ірі мегаполистердің Астана, Алматы облыс орталықтарының айналасына  мемлекеттің қыруар қаржысына, инвесторлардың араласуымен салынып жатқан кәсіпорындарды шоғырландыра бермей, кезінде  қабылданған «Төртінші индустриалдық даму» бағдарламасына өзгерістер енгізіп,негізгі приоритетті шалғайда орналасқан, табиғи  ресурстарға, шикізатқа бай шекара аудандарына бағытталғаны дұрыс  болар еді. Мысалы, Алматы облысының 2025 жылға дейінгі  стратегиялық даму бағдарламасында көрсетілген 89 су электр стансалары қатарында жоспарланған Тентек, Ырғайты, Ағынықатты, Лепсі ГЭС-тары салынып біткенше, көршілес орналасқан Шығыс Қазақстан облысының Бұқтарма гидроэлектр стансасынан өзіндік құны арзан квт/сағаты 8 теңгемен тұтынылып отырған арзан электр қуат көзін біздің Алакөл ауданының, электр жүйесіне қосу үшін небәрі 30-40 км жерге жоғарғы кернеулі электр жүйелерін тартса, осы өңірдің кәсіпорындары, қарапайым тұтынушылары квт/сағатына 16-18 теңгенің орнына екі есе арзан электр қуатын алар еді. Сонымен қатар, Жоңғар қақпасына жел электр стансаларын орнатуды да қолға  алған жөн.

       Президентіміздің отандық фармацевтика саласын дамыту жөніндегі сын-ескертпелерін орындау мақсатында еліміздің таулы өңірлерінде тегіннен-тегін, ешкім екпей-ақ өсіп тұрған дәрілік  шөптердің жүзден артық түрлерінің мол ресурстары барлығын ескеріп, алдымен ішкі рынокқа арзан, қолжетімді дәрі-дәрмек, химиялық қоспасыз таза адам ағзасына зиян келтірмейтін дәрумендер шығаратын, артығын алыс-жақын шет елдерге экспорттайтын дүниежүзілік стандарттарға сәйкес, нарықтағы бәсекелестікке төтеп беретін  көпсалалы фармацевтикалық фабрика салуға отандық және осы салада нәтижелі еңбек етіп жүрген әлемдік деңгейдегі Индия, Жапония, Израиль, Германия, Ресей, Қытай мемлекеттерінің инвесторларының қатысуымен инвестициялық форум өткізу күн тәртібіндегі ең өзекті, тез арада шешуге болатын, маңызды стратегиялық мәселе. Осы келешекте салынатын фармацевтика өндірісінің айналасына көпсалалы, импортты алмастыратын, таза органикалық өнімдер шығаратын бал, жеміс-жидек, қымыз, сүт өңдейтін технологиялық желілер мен цехтар іске қосылса – бұл біздің Отанымыздың маркасы, бренді болар еді.    

     Тағы бір ерекше атап өтетін жайт – мемлекеттің тікелей қамқорлығының  арқасында Іле Алатауынан сонау Тарбағатай Алтай тауларына дейінгі орманды таулы аймақтарда табиғатты қорғайтын ұлттық парктердің   санатында «Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Лепсі  және  Көкжар филиалдарының ашылуы 100 шақты адамның жұмыспен  қамтылуына ықпал етті. Ал енді осы мемлекеттік мекемелердің  мүмкіншіліктерін ұтымды пайдалану мақсатында кезінде қабылданып   кеткен «Табиғатты қорғау, Орман және аң шаруашылығы» кодекстерінің шектеулерін алып тастап, бұрынғыша экотуризмді мемлекет меншігіне қайтарып, «интурохотадан» жекеменшіктің  қалтасына түсіп жатқан қомақты қаржысын мемлекет қазынасына бағыттайтын уақыт келді. Оның үстіне міндетіміз тек «табиғатты» ғана қорғау деген шектеумен жүрген осы ұлттық парктердің және ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман және аң шаруашылығы  мемлекеттік мекемелердің қызметі аясын кеңейтіп, қосымша өндіріс кәсіпорындарын, қосалқы шаруашылықтарды ашу (ағаш өңдейтін, жеміс-жидек қабылдайтын, дәрілік шөптер өңдейтін цехтар, т.б.) қажеттігі  өзін-өзі ақтайтын пайдалы іс екені даусыз.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған әрбір  Жолдауында аграрлық сала ескерусіз қалған емес. Ауыл  шаруашылығына жасалып жатқан қамқорлықты қолжетімді ету үшін әрбір шалғай аудан орталықтарында бұрынғыдай Қазагропром жүйесін  қалыптастырса. Сонда ғана мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген қаржылай көмек жекеменшік екінші дәрежелі банктердің,  ортадағы делдал мекемелердің («ҚазАгроФинанс», «ҚазАгро», «Қазагромаркетинг»), тағы басқа да қаржылық қорлар «Даму», ірілі-ұсақты несиелік серіктестіктердің (43%) қосымша өсімақыларынсыз «Агропромбанк» жүйесінің  3-4 пайыздың мөлшеріндегі нысаналы жеңілдетілген несиелері тікелей тауар өндірушілердің қолына тиіп, жалпы ауыл жұртына қолжетімді болар еді. Сонымен қатар шаруаларға несие берудегі таусылмайтын кедергілер мен ақылға қонбайтын талаптардың түптеп келгенде жоғарыда аты аталған, ештеңе өндірусіз-ақ байып, мемлекеттің кепілдігімен қаржылай көмек алып, мемлекетті сүлікше сорып отырған «делдал» мекемелерден құтылып, мемлекеттің жүгін жеңілдетер еді.

  Ең негізгі мәселелердің бірі – өндіріс, өңдеу ошақтарын, әртүрлі саладағы нысанды завод-фабрикаларды салуды орталықтардан шалғайдағы елді мекендерге,  аудандарға бағыттау,  атап айтқанда үлкен мегаполистердің  айналасына есепсіз салынып жатқан, түрлі себептермен, әсіресе шикізат  тапшылығына байланысты іске қосылысымен тоқтап, жабылып жатқан,  мемлекет кепілдігімен салынған ірілі-ұсақты кәсіпорындарға қаржыны  шаша бергенше, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін агроөнеркәсіптік кешендерді (ет, сүт, қант, сұйық май, бал, балық, жеміс-жидек, көкөністер  және басқа да ірі комбинаттар, дайындау конторларын, элеваторларды, қоймаларды) қалалардың  маңайынан қияндағы аудан орталықтарына  салу қажеттілігі уақыттың талабы. Бұл ұсыныстар бұрынғы кеңестік жүйені аңсаудан туған ой емес. Сол жылдары кеңестік одақты түбегейлі құрдымға жіберген дүниежүзіндегі алпауыт мемлекет АҚШ-тың экономистері соңғы  уақытта бұрынғы КСРО-ның ауыл шаруашылығы жоспарлы басқару  жүйесіне көшкенін ақпарат құралдарынан білесіздер. Өйткені ірі мемлекеттің  халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету – тек мемлекеттің қолынан келетініне   көзі жеткендіктен болса керек. Сондықтан кеңестік жүйенің жақсы жақтарын сақтап қалған Беларусь, Қытай мемлекеттеріндегідей отандық ауыл шаруашылық кешенін модернизациялау барысында осы мемлекеттердің  тәжірибесін басшылыққа алып, жоспарлы экономикаға көшу қажет. Осы  орайда, АШМ-нің ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп кооперативтер ашу бастамасын дамытып, бұрынғыша мүмкіндігінше ұжымшар-кеңшарларға біріктіріп, заманауи аграрлық-тауарлы өнеркәсіп шаруашылықтар құру  керек. Ауыл шаруашылық өнімдеріне жоспарлы түрде мемлекеттік  тапсырыс енгізу қажет. Мысалы, көрші Қытай елінің жоспарлы экономика негізінде шекара аудандарын нығайту мақсатында 2010 жылдан бері атқарып жатқан іс-шараларын айта кеткен жөн. Осы мақсатта мемлекет 100 миллиард доллар қаржы бөліп, оның сыртында әр аймақта өркендетуге үлкен қалаларда шоғырланған қаржы орталықтарын, министрліктерді, ірі өнеркәсіп орындарын завод-фабрикаларды, жоғарғы, арнаулы орта оқу орындарын алыстағы аймақтарға, әсіресе шекара өңірлеріне шефтік көмек беруге міндеттеді. Сөйтіп, жоспарлы түрде ірілі-ұсақты, өндіріс ошақтарды қажетті инфрақұрылымдары бар жаңа типтегі агроқалашықтар салу арқылы үлкен оң нәтижеге жеткендігі көпшілікке аян. Сол тәжірибені бізде де қолданса көп мәселе шешілер еді.

    Сіздің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауыңызда жер қатынастарына байланысты айтқан сын-ескертпелеріңізді естіп, көрген шалғайдағы ауыл жұрты қатты қуанып, жеке-қосалқы шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік туғанына ризашылығын білдіруде. Шынтуайтына келсек, Жер кодексінің 2018 жылғы мамыр айында ауылдар маңайындағы жайылым мәселесі  туралы  қолданыстағы заңын орындауға жергілікті  билік  өкілдері құлықсыз, нақтысын айтсақ, ешкіммен бет жыртқысы келмейді, ел мүддесін қорғағанның орнына, керісінше, түрлі айла-шарғыларға барып, кедергі жасайды. Оған дәлел ретінде айтарым – Үйгентас өңірінде 47 мың халықтың барлығының жер үлестері болған. Солардың көбі үй жайларын тастап, алды шет елге, қалғандары қалалар мен қала маңына көшіп кеткен. Қазір 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 23 мыңнан сәл асатын тұрғын қалды. Сіздің жолдауыңыздан кейін жан-жаққа бытырап кеткен халық өздеріне тиесілі жер үлестерін іздеп таба алмай, бұрын тұрған ауылдарындағы туыстарына, қалалардан ауылға көшпекші. Өздерінің ұрпақтарына заңдастырып, табыс ету мақсатында құзырлы мекемелерден жауап ала алмай амалсыздан құқық қорғау органдарына жүгініп, шарқ ұруда. 

    Осы жер дауларын шешу үшін Республика, облыс, қалаберді аудан, ауыл әкімдіктері Латифундистердің (Батурина – 3,7 млн га., Терешенко – 7 млн га., Кулагин – 7,5 млн га., Розинов – 1,5 млн га. және Дьяченко, т.т. сияқты), басқа да ірі жер иеленушілердің тізімін анықтап, жаңадан қабылданған 2022  жылдың 1-ші қаңтарынан күшіне енген заң аясында ашық кадастрлық мәліметтерді ақпарат құралдарына жария етіп, оларға берілген жерлердің заңдылығын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тексеруінен өткізсе дұрыс болар еді, талай жер босап инвесторлар шақыруға, қалада өз орындарын таба алмай жүрген жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге жағдай жасалар еді.  

 Білім және ғылым саласындағы шараларыңызды қолдай отырып, желіге  тарап кеткен «Кому принадлежат ВУЗ-ы Казахстана» деген сыни  материалдарды зерделеген көкірегі ояу әрбір азаматтың санасында,  мақалада көрсетілгендей бұрынғы министр болған Жұмағұловтың отбасында 20-ға жуық жекеменшік оқу орындары болса, 14-ші оқу министрінің қажеті  қанша деген сұрақ туындайды.

    Шекараны нығайтудың тағы бір амалы шеттегі ағайындарды 5-10 жылдық квотамен елге әкеліп, бос қалған ауылдарға шоғырландыру да тиімді болар еді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келетін жас мамандардың  жалақысына 50% үстеме қосып, 5-10 жылға жіберсе, жас отбасыларына әрбір дүниеге келген нәрестеге беріліп жүрген жөргекпұлды кәмелетке  толғанша төленетін жәрдемақыны көбейтсе, жалпы, мемлекет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктердің тізімін ұлғайтып, ауыл халқы үшін аясын  кеңейтсе: ауыл тозбай озар еді, қора төрт түлік малға, мектеп балаға  толар еді.

       Кезінде Сарқан қаласынан көшіп кеткен республикалық шекара  қызметінің Лепсі комендатурасын кері қайтарса, жол қатынасын жеңілдету үшін тікұшақтармен шағын самолеттер қона алатын ҚР азаматтық авиациясына қарасты Лепсі және Қабанбай аэропорттарын қалпына келтірсе деген мәселелер көптің көңілінде жүрген сұрақтардың бір парасы.    

       Қорыта келгенде, сіздің әрбір батыл қадамдарыңызға шекараның өтінде тұратын халық әрдайым қолдау көрсетіп, «жабылып қалған аудандарымызды ашып бере ме?» – деген үмітін үзбейді. Және сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, қажырлы еңбек тілейді!  

      Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

   Сіздің құзіретіңізге ҚР Ұлттық экономика минстрлігі «Шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы отырысының 2017 жылғы 22 ақпандағы №11-5/05-1642 хаттамасының 3-тармағын орындау мақсатында жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстарын жолдаймыз, сонымен қатар сол мезетте экономика министрі болған Т.Сүлейменовтың Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік даму департаментінің ұсынысы негізінде Нарынқол ауданымен қатар Алакөл ауданынан бөлу жолымен Үйгентас ауданын ашу мәселесін сол кездегі аудан, облыс басшыларының үзілді-кесілді қарсылығына байланысты қаралмай қалғанын есіңізге салғанды жөн көрдік.  

         Ізгі  ниетпен,                

 аудан  тұрғындарының  атынан

 Б. Қапсаламов,

                     бұрынғы Үйгентас ауданының әкімі,

                                                        Алматы облысының және Алакөл

                                                        ауданының Құрметті азаматы

Барлығы 58 адам қол қойған

Тегтер: