Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:27, 04 Наурыз 2021

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» Үкімет мұны түсіне ме?

None
None

Қазақстанда 2,5 млн адам, яғни халықтың 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Бұл ресми дерек.

Ал бейресми дерек бойынша, елде баспанаға қолы жетпей жүрген бұқараның саны 5 млн-ға жуықтайды.

      Негізінде, халықты баспанамен қамтуға қатысты БҰҰ-ның арнайы белгілеген стандарты бар. Осыған сәйкес, елдің әрбір тұрғынына 30 шаршы метр тиесілі болу керек. Алайда біз бұл стандартты Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болса да, әлі бағындыра алмай келеміз. Бағындырған өз алдына, тіпті болашақта «құрқылтайдың ұясындай болсын баспанаға ие болу арманға айнала ма» деген қауіп бар.

  Асауға тұсау бола ма?!

      Бірқатар экономистер «әдеттегідей биыл да баспана бағасы қымбаттайды» деп болжайды.  Мамандардың пайымынша, пандемияға байланысты елдегі тұрғын үй  бағасы 20-30 пайызға дейін қымбаттауы әбден мүмкін. Оған бірінші себеп: әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, елдегі банктер болашақта сыртқы қарыздарынан құтылудың барлық амалдарын қарастыра бастайды. Осы тұста екінші деңгейлі қаржы институттары шығындарын жабу үшін өздерінде кепілде тұрған үйлерді қымбатқа сата бастайды. Бұған қоса, елде тұрғын үй салып, оны сатылымға шығаратын монополистер де құрылыс заттарын шетелден қымбат бағаға әкелетінін желеу етіп, баспана бағасын қымбаттата береді. Міне, осы себептерді алға тартқан мамандар алдағы уақытта елде баспана бағасы арзандай қоймайтынын ескертіп отыр. Ал сонда қарапайым халықты арзан баспанамен қамту мәселесі басы ашық күйінде қала бере ме?  Осы уақытқа дейін мемлекет бұқараны арзан баспанамен қамтитын сауатты бағдарламаларды неге жүзеге асыра алмай қойды? Мамин үкіметі баспана қазақтың бас қайғысына айналып отырған уайымы екенін жанымен түсіне ала ма?! Асаудай бұлқынған баспана бағасына тұсау бола ма? Бұл реттеэкономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:

      – Біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарламалар легін ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы бізде жетерлік. Бұдан бөлек, баспананы 20 жылға жалға беру, жастарды баспанамен қамту, алғашқы жарнасыз 20-25 жылға жалдамалы пәтер беру тәрізді толып жатқан жаңашылдыққа толы бағдарламалар да бізде болды. Бірақ, өкініштісі, «осы бағдарламалардың қызығын халық көрді, ел арзан баспанамен қамтылды» деп, кеуде кере мақтана алмаймыз. Себебі елдегі баспананың бағасы халықтың табысынан асып кетті. Халықтың тапқан табысы баспана алуға жетпейді. Мұндай бағытпен біз елді үймен қамтамасыз ете алмаймыз. Болашақта үкімет халыққа қолжетімді баспана нарығын қалыптастыра алмаса, бұл салада күйзеліс болады.

       Сөйтіп, сала мамандары «алдағы уақытта сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін» деп дабылдатып отыр.

                    Үкіметтің инвесторларға сөзі өте ме?

        Біз қаузап отырған тақырыпқа қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, егер үкімет халықты арзан баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтса, онда елімізде мемлекеттік арзан жалдамалы тұрғын үйлердің санаты арту керек. Ортақ айналымдағы тұрғын үйлердің шамамен алғанда 40 пайызы халыққа қолжетімді, яғни арзан болуы тиіс. Үкіметке инвесторларды арзан үй салуға міндеттеу қажет. Ірі инвесторлар қымбат бағалы элиталық үйлерге ғана қаржы құйғысы келеді. Олар мемлекеттік, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуда белсенділік танытпайды.  Тіпті осы бағытта жұмыс істейтін банктерге де инвестиция салмайды.

    – Мысалы, кезінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, қазіргі Отбасы банкі, қаржы институты 2016 жылы сатылуға қойылды. Бірақ сол аралықтан бері банкті сатып алуға жекелеген инвесторлар қызығушылық танытпаған. Себебі белгіленген нормаға сәйкес, банкті сатып алғанның өзінде, барлық әлеуметтік талаптар сақталып, тұрғын үйлер халыққа арзан бағамен берілуі тиіс. Сондықтан келешекте осы мәселені шешу мақсатында үкімет арнайы шараларды қарастырғаны жөн. Инвесторларға тиісті талап қойылмаса, баспанасыз халықты арзан тұрғын үймен қамтуға мемлекеттің шамасы келмейді, – дейді экономист-сарапшы.

       Сала маманының пайымынша, арзан үй салу бастамасы біздің инвесторлар мен ірі компаниялардың құлағына әзірге жете қоймайды.

     – Оларға арзан үй тұрғызғаннан гөрі 16 қабатты үй тұрғызып, оның әр пәтерін 40-50-60 млн теңгеге  сату әлдеқайда тиімді. Сондықтан ондай инвесторлар «арзан пәтерлер тұрғыза қояды» дегенге сену қиын. Бұларды инвесторлар емес, алыпсатарлар деу керек. Инвесторлардың қайсыбірі тұрғын үйді арзан кезде қарпып алып қойып, енді қайтара сатарда оның бағасын жасанды жолмен көтеріп,  пайдаға белшеден батады. Егер тұрғын үй нарығында ынсапсыз инвесторлар азайып, қайтара сатылатын пәтерлердің бағасына реттілік енгізілсе, елде пәтер бағасы біршама арзандап, әлеуметтің қолы арзан баспанаға жетімді бола түсер еді. Бұл арада бақылау мен талап қоя білу керек, – дейді сарапшы.

       Жалпы, мамандардың айтуынша, жуырда президент Тоқаев үкіметке тұрғын үй нарығын қадағалауға қатысты тектен-текке тапсырма берген жоқ. Сондықтан келешекте Мамин үкіметі мына жайттарға назар аударғаны жөн. Арзан баспанасыз тұрғын үй  құрылысы алға баспайды. Ипотека, кредит рәсімдеу кезінде халыққа қойылатын талап күшті.  Үкімет бұл арада  инвесторларға   да нақты талап қоя білуі  керек. Ол үшін инвесторлармен арада келісім жүргізіп отыру қажет. Егерталап қою  қолынан келмесе,   Отбасы банкіне арзан несие беру үшін  үкімет бөліп отырған капиталын  төрт есеге көбейтуі қажет.  Міне, халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, үкімет осындай нақты шараларды қарастырғаны абзал.

Тақырыпқа тұздық

 «Баспана – халықтың ең жанды жері, мұны үкімет ұғуы керек»

     Тақырыпқа орай, біз осы саланы зерттеп жүрген «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметоваға сауалдарымызды қойдық.

–  Біз елдегі баспана машақатын, бір ұяға зар болып жүргендердің мұң-мұқтажын таяу болашақта шеше аламыз ба, бастысы, бұл саладағы бағаны тұрақтандыру мүмкін бе?

– Қазір нақ осы нарықта алыпсатарлық мәселесі өршіп тұр. Біздің елде арзан үйлердің дені қарапайым халықтың игілігіне емес, тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлардың пайдасына жұмыс істеп жатыр. Олар пәтерді қайтара сатқан кезде үйдің бағасын аспандатып жібереді. Міне, бізге бірінші кезекте  осы үрдіске тыйым сала білу керек.  Қайсыбір сарапшылар мұндай келеңсіздіктерді сап тыю үшін «қайтара сатылатын тұрғын үйлерге салықты өсіру керек» дегенді алға тартады. Негізінен, қайтара сатылатын тұрғын үйге жоғары салық салу Қытайда, Ұлыбританияда, Жапонияда бар. Бұл елдер осы әдіс арқылы баспананы арзанға сатып алып, қайтара қымбатқа сататындарды шідерлеп отыр. Сондықтан үкімет болашақта осы мәселені де ойластырғаны жөн. Нарық болғаннан соң, оны реттеу керек.

– Кейбір сарапшылар,нақ қазір біз үшін баспана мәселесін бабына келістіретін тағы бір тетік – арнайы маманданған тұрғын үй қорларын құру керектігін айтып жүр. Бұл бізге қажет пе?

– Тұрғын үй мәселесін шешу үшін ескі және апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізетін арнайы қорлар құрылуы қажет. Мәселен, мұндай қор Ресейде әлдеқашан жұмысын бастады. Ресейлік тұрғын үй қорына бүгінде 242 млрд рубль қаржы түсіп, Ресей үкіметі осының арқасында 11 млн адам тұратын 11 мың үйді жөндеуден өткізген. Бұған қоса, Ресей үкіметі осы қорға түскен қаржы көзінен халыққа арзан несие беру арқылы тұрмысы төмен отбасыларды «полуторкалармен» немесе жатақханалармен қамтып отыр. Мамандар «осындай қорлардың өз жұмысын Қазақ елінде де бастағаны жөн, сонда біз елдегі тұрғын үй саласына қатысты түйткілдерді шешуді жеңілдете түсеміз» дейді. Негізінде, байыптап қарасақ, бізде тұрғын үй инспекциясын құру, тұрғын үй қорының жай-күйіне арнайы мониторинг жүргізу, нысандардың нормативтік беріктіктерін қадағалау тәрізді жұмыстар жүргізілу қажеттігі жиі сөз болады. Алайда тыңғылықты ұсыныстар айтылғанымен, қайсыбірінің шешімін де таппай жатқаны жасырын емес. Қалай десек те, баспанасын тірлігінің берекесі санайтын кез келген қауымның үйсіз күйі жоқ. Ендеше күйі кетпес үшін бұқара баспанамен қамтылуы керек. Ол үшін халыққа тиімді бастамаларға кіріскеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын.

Жалпы, үкіметтің баспанаға қатысты ұстанған бастамаларына қандай баға бересіз?

– Бұл ретте үкіметте сауатты менеджерлер легі жетіспей тұр. Баспана –  халықтың ең жанды жері. Мұны үкімет ұғуы керек. Өкініштісі сол – бізде әдемі креслода, жарқылдаған кабинетте отырғандар осы жағын түсінбей тұр. Егер үкіметтің тұрғын үй нарығына қатысты ұстанған бағыты оңды болса, сіз бен біз жыл сайын «баспана қымбаттап кетті, қолымыз жетпейді» деп даурығып отырмас едік.

Тегтер: