Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 28 Маусым 2021

Үйлене салып ажырасуға неге асықпыз?

None
None

Соңғы кездері отандастарымыз елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуы жиілеп кеткеніне, жұптардың отбасын сақтап қала алмай жатқанына алаңдаулы.

Өйткені мұндай жағдайларды өздерінің айналасынан көріп жүр. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екенін мойындайтын жастар да көп. Мұны естігенде, «бұл заманның ағымына сай орын алып отырған жағдай емес пе» деген де ой келеді. Бәлкім, бұрын интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер сияқты байланыс құралдары болмағандықтан, көп ақпарат жариясыз қалып, ажырасу туралы дерек аз болып көрінген болар.   

Мысалы, статистикаға көз жүгіртсек, 2019 жылы сарапшылар Қазақстан ажырасу саны бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұрғанын, 2018 жылы британдық The Economist басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орынға шыққанын айтқан болатын. Ал былтыр, яғни 2020 жылы пандемияның үдеп тұрған кезінде 45 036 жұп шаңырақ көтерсе, сол жарты жылдың ішінде ғана 12 мыңнан аса жұп ажырасқан. Ажырасудың ең көбі Алматы қаласында тіркелген – 1655, одан кейін Алматы облысында – 1507, Қарағанды облысында – 1507, Нұр-Сұлтанда – 1025, Шығыс Қазақстан облысында 1003 жұп ажырасып кеткен.  «Ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбіне ер адамдардың әйелінің көзіне шөп салуынан болып жатады. Сонымен қатар ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауынан, екеуінің тіл табыса алмауынан осындай жағдайға душар болады. Бізден көмек іздеп келетіндердің дені негізінен 30-40 жас аралығындағы жұптар. Көп адамдардың психологиялық сауаттылығы төмен екенін мойындау керек. Мысалы, кейбір қыздар отбасын құруды ақ көйлек киіп, басына ақ фата тағумен ғана өлшейді. Негізінде, отбасын құру деген – үлкен жауапкершілік. Жалпы, ажырасуға трагедия сияқты қараудың жөні жоқ деп ойлаймын. Мысалы, Жапонияды 30 жыл отасып, кейін бірге тұра алмай жатса, әркімнің өз жолын тауып кетуі қалыпты жағдай саналады», – дейді психолог Гүлзат Ерғазықызы.

Ажырасу статистикасында тағы бір гәп бар екенін де атап өту керек. Былтырлары адамдардың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жаппай жалған ажырасқаны, орысша айтқанда, «фиктивный развод» жасатқаны туралы да ақпарат тараған. Сарапшылар некенің бұзылу дерегі көбейгеніне қатысты дабыл қаққанымен, биылғы статистикалық мәлімет басқаша сөйлейді. Қазақстан экономикасына мониторинг жасау жөніндегі Ranking.kz жобасының сайты ажырасу саны 2,2 есеге азайғанын хабарлапты. Биылғы бірінші тоқсанда 32,3 мың жұптың некесі қиылса, оның басым бөлігі қалалықтар екен – 21,8 мың, 10,5 мыңы ауыл тұрғындары. Сонымен қатар ажырасу да қалаларда көбірек тіркелген – 3,6 мың, ауылдарда ресми тіркелген ажырасу дерегі 995-ке дейін азайған. Ажырасқандар саны бойынша Алматы көш басында: 669 ажырасу, кейінгі тізімде Алматы (478 ажырасу) және Қарағанды (446 ажырасу) облыстары тұр. Ал Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында некеге тұратындар қатары кеміген. Тағы бір алаңдарлық жайт, 100 қазақстандық ерлі-зайыптының 5-і бір жыл бірге тұрмастан ажырасып кетеді екен.   

         Бұл тұрғыда еліміздегі негізгі дін – ислам шариғаты не дейді? ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің айтуынша, дін ажырасуды қолдамайды: «Шариғатымыз ерлі-зайыптылардың ешбір себепсіз ажырасуларын құптамайды. Бірақ аса қажеттілік (зәрулік) жағдайда, яғни ерлі-зайыптылардың араларындағы жанжал мен ұрыс-керістің көбейгені соншалық – екеуінің бір шаңырақтың астында өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда ғана ажырасуларына рұқсат етіледі. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тағала халал еткен нәрселерінің ішіндегі ең жек көретініол ажырасу», – деген. Тағы бір хадисінде: «Үйленіп, өзінің құмарын қандырғаннан кейін ажырасқан адамға Алланың лағынеті болсын», – десе, келесі хадисте: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз немесе қажетсіз ерінен ажырасуды сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам болады», – дейді. Жоғарыда айтылған хадистер себепсіз ажырасу күнә екенін айқындайды. Сондықтан ерлі-зайыптылар нақты бір себеп болмаса, айрандай ұйыған отбасының ойранын шығармауға барынша күш-жігерлерін салулары керек», – дейді.

*Блиц-сұхбат

Ажырасу саны арта береді

Ернұр Молдашев, әлеуметтанушы   

         ‒ Бүгінде не себепті ажырасу көбейіп отыр?

‒ Шынымен де Қазақстанның соңғы 20-25 жыл ішіндегі статистикасын алып қарайтын болсаңыз, ажырасу біршама деңгейге көтерілген. Кейбір жылдары 1-2 пайызға кері кету болған шығар, бірақ негізгі динамика артуда. Жыл өткен сайын ажырасу саны артып келе жатыр, бірақ «қандай себеппен ажырасу көбейіп келе жатыр» деген сұрақ дұрыс емес. Ажырасу кезінде сот шешімінде оның себебі көрсетіледі. Оның негізгі себебін қарайтын болсаңыз, 70 пайызға жуығы екі себептен тұрады: психологиялық сәйкессіздік және экономикалық жағдай. Алайда соңғы 20 жылда Қазақстанның материалдық жағдайы артпаса, төмендеген жоқ. Сондықтан ажырасу материалдық жағдайдың қиындауынан көбейіп кетті деп айта алмаймыз. Екінші, психологиялық сәйкессіздікке қатысты ешқандай ғылыми тұжырымдама жоқ. Адамдар бір-бірімен психологиялық түрде бұрын қалай сәйкес емес болса, қазір де солай. Яғни соңғы 20-30 жыл ішінде адамдарды ажырастыратын жаңа себеп пайда болған жоқ. Сондықтан сұрақты «қазір адамдар не үшін ажырасып жатыр» деп емес, «адамдар бұрын неге ажыраспаған» деп қойған дұрысырақ болатын шығар. Өйткені қазіргі адамдарды ажырастырып жатқан себеп әрқашан болған: ХVІІ ғасырда да, ХХ ғасырда да, 1990-шы, 2000 жылдары да. Бірақ ол замандағы адамдар  сол қиыншылықтарға қарамастан, ажыраспаған болып отыр. Бұл мәселенің негізгі және ең басты себебі – отбасы институты шекарасының тарылуы.

‒ Ол қалай, сонда?

‒ Бұрын отбасы институты жалпы адам өміріндегі барлық функцияның 95 пайызын атқарған болатын. Адам дүниеге келгеннен бастап, көз жұмғанға дейін оның өміріне қажетті тауар мен қызметтердің 95 пайызын отбасынан немесе отбасы арқылы алатын. Адам туғаннан бастап, білім мен тәрбие алу, медициналық қызмет алу, жар табу, отбасын құру, жұмыс табу және тағы басқасының барлығын отбасының ішінде қол жеткізетін. Отбасы оның құқығын қорғайтын, отбасы ол үшін полиция да, сот та болатын, отбасы ол үшін балабақша және мектеп, ең соңында ритуалды қызметтерді де атқаратын. Яғни отбасы бұл қызметтерді көрсетіп қана қоймай, монополияға ие болатын. Отбасынан басқа, бұл қызметтерді көрсететін институттар әлемде жоқ еді. Отбасыдан басқа жерде тәрбие ала алмайтынсың. Отбасы ұсынып тұрған жұмысты істемесеңіз, басқа жерден жұмыс таба алмайсың деген жүйе болатын.

Ал соңғы уақытта отбасына бәсекелестер пайда бола бастады. Ол бірінші кезекте – мемлекет. Қазір мемлекет отбасының көп функцияларын тартып алып отыр. Соңғы ғасырлармен салыстырып қарайтын болсақ, отбасы жоғарыда айтқан функцияларға деген монополияның 95 пайызынан айырылып қалды деуге болады. Қазіргі таңда отбасы баланың мектеп жасына дейін, шамамен 10-12 жасқа дейін тәрбие берумен айналысатын институттың ғана қызметін атқарып келе жатыр. Сол үшін де отбасы функцияларының азаюы, отбасының маңыздылығының кемуі отбасы институтына деген тәуелділіктің азаюына алып келеді. Адам отбасы институтына тәуелсіз болған сайын кез келген қиыншылыққа шыдамастан, отбасын бұзып, жеке өміріне кетіп қала беретіндей жағдай туындап отыр. Оның барлығы қазіргі кезде «модный» боп тұрған индивидуализм деген идеологиядан шығады. Әлемнің батыс елдерінде индивидуализм немесе отбасы институттары шекарасының тарылуы және оған деген тәуелділіктің азаюы бізге қарағанда көш ілгері. Бізде қазір болып жатқан процестер батыстың дамыған елдерінде осыдан кем дегенде 50 жыл бұрын орын алған, ал кейбір функцияларынан отбасы тіпті 100-150 жыл бұрын айырылып қалған. Бізде дәстүрлі мемлекет, дәстүрлі қоғам ретінде отбасының күші әлі күнге дейін жоғары. Дегенмен де қазіргі бағытымыз батыстық үлгі болып отыр.

‒ Бұл дұрыс па, бұрыс па?

‒ Сіздің «Бұл дұрыс па, бұрыс па?» деген сұрағыңызға келетін болсақ, батыстың демократия, экономикалық даму, индустриализация, ғылым, сол сияқты т.б. бойынша өтіп кеткен басқа этаптарын біз «бұл – даму үрдісі, олар бізден алда» деп еш күмәнсіз ашып айта алсақ, отбасы мәселесінде олар бізден алда деп айту қиын. Иә, олар бізден ерекше. Бірақ қазіргі уақытта батыстағы психологтардың айтуынша, отбасы институты шекарасының тым азаюы, өзінің құндылығын, маңыздылығын жоғалтуы адамдарды күйзеліске, дағдарысқа алып келуде деген көзқарас бар. Оның да негізгі бір себебі – мемлекеттің отбасы институтынан барлық функцияларды тартып алуында.

Біздің мемлекет те соған тырысуда. Мысалы, осыдан 2-3 ай бұрын отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты бала құқықтары туралы заң қабылдауға тырысқан болатын. Сол кезде оған қоғам тарапынан қарсылық болды. Оның бір себебі – қазақ қоғамында әлі де отбасы институты құндылығының жоғары екені. Баланың құқығын қорғауды, баланы біліммен қамтамасыз етуді, баланың экономикалық жағдайын жасауды мемлекет өзіне тартып алғысы келеді. Алайда еліміздегі адамдардың санасы әлі күнге дейін отбасы институтының кейбір функциялары отбасы ішінде қалғанын қалайды. Дегенмен негізгі тенденция бойынша бәрібір де отбасы функциялары мемлекетке ауысуда. Сол себепті де ажырасу санының артуы ары қарай жалғаса береді. Оның соңғы шегі бар. Қазір Еуропаның кейбір мемлекеттері соған жетіп жатыр. Олар да біз жүрген жолмен жүріп, шегіне жетіп қойған деуге болады. Қазір онда ажырасу саны азайған. Өйткені ол жақтарда, жалпы, отбасы құрудың саны азайған, отбасы институты мүлдем өзінің қажеттілігін жоғалтып жатыр. Сол үшін де ол елдерде жұптар 15 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, өздерінің ортақ балалары болғаннан кейін барып қана заңды түрде отбасы институтын құру норма деген түсінік қалыптасып жатыр. Олар үшін заңды неке, яғни отбасы деген архаикаға айналып бара жатқан нәрсе.

Мүмкін, Қазақстан да белгілі бір уақытта соған келер. Сол арқылы ажырасудың санын азайтуға болар. Бұл – бір. Екінші әдіс – ажырасуды азайту үшін қайтадан кері кету. Кері кету дегеніміз жаман сөз емес, бұл – қайтадан өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызды жаңғыртып, отбасының күшін арттыру, отбасы функцияларын қайтадан өзіне қайтару, адамдардың отбасына деген тәуелділігін, отбасына деген жақындығын қайтару. Қазақтың кезіндегі қоғамын қайта құру арқылы ажырасулардың санын азайтуға болады. Оны өңірлерді салыстыру арқылы да байқауға болады. Мысалы, дәстүрлі қоғам көбірек дамыған Қазақстандағы оңтүстіктің, батыстың кейбір өңірлерінде ажырасу солтүстік өңірлерге қарағанда азырақ.

‒ Бірақ оңтүстік өңірлерде отбасы жанжалы да жиі кездеседі...          

‒ Иә, соны айтайын деп отырмын. Жаңағы өңірлердегі жағдайларға да жақсы немесе жаман деп баға беруге болмайды. Өйткені оңтүстік өңірлерде ажырасудың аздығының себебінен барлығымыз білетіндей, отбасылық зорлық-зомбылық фактілері көп тіркеледі. Жаңа айтып өткендей, бұл жерде тәуелділік бар. Егер әйел немесе бала отбасына тым қатты тәуелді болатын болса, отбасыны уақытында тастап кете алмайды және қиыншылықтарға көнуге мәжбүр болады. Соған байланысты ол мәселенің қатты ушығуына алып келеді. Бұл жағдай мектептегі күш көрсету, жәбірлеуге де қатысты. Статистикаға қарайтын болсақ, мұндай фактілер Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде көбірек тіркеледі. Ал ең аз шулы оқиғалардың барлығы оңтүстікте кездеседі, себебі ондағы адамдар құзыретті органдарға хабарламайды. Солтүстік өңірлерде ондай шуды көп ести бермейміз, себебі ондағылар оған жеткізбей ажырасып кетеді.

Жалпы, қазір ажырасу оңай, сондықтан да оның саны көбейді. Адамдар ажырасқан кезде ештеңе жоғалтпайды. Бұрынғыдай әйел адамдар күйеуіне, балалар әке-шешесіне тәуелді емес. Үлкен әулетке адамдар тәуелді емес. Бұрынғыдай емес, олар өз күнін өздері көріп жүре алады. Бұрын ажырасатын болсаңыз, ол сіз үшін соққы болатын. Идеологиялық тұрғыдан алғанда, адамдардың әңгімесіне қалатын, экономикалық тұрғыдан жұмысқа тұра алмайтын, бала-шағаны баға алмайтын, медициналық қызмет, білім ала алмай қалатын. Өйткені соның барлығын беріп отырған әулеттен айырылып қалдың деген сөз. Сізді ешкім қорғамайды, ешкім келіп жанашыр болмайды. Ал қазір жанашыр болатын, сізді қорғайтын, медициналық қызмет көрсететін, керек нәрсенің барлығымен қамтамасыз ететін мемлекет бар. Сол үшін де мемлекет күшейген сайын отбасы әлсірейді. Бұл заңдылық.      

Тегтер: