Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:09, 11 Сәуір 2023

Үкімет 18 млрд долларды қайтара ала ма?

None
None

Сырт көзге Қазақстан аста-төк байлыққа мелдектеп жатқан, мейманасы тасыған мемлекет секілді көрінері хақ.

Негізі солай болуға тиіс еді… Бірақ… елдің әл-ауқатының төмендігі, экономикадағы тоқырау, қаржы саласындағы дағдарыс, қымбатшылық, т.б. қарап, Қазақстанда ешкімнің шекесі қызып тұрмағанын, ақ май асап, іркіт төгілген заманда өмір сүріп жатпағанын байқауға болады.

Десек те,әлеуметтік желіде өріп жүрген кейбір деректерге қарасақ, еліміздің зерттелген табиғи байлық қоры он бес триллион доллардың ар жақ, бер жағы көрінеді. Егер соны өндіріп қана қоймай, өнімге айналдырып жіберсек, ол триллиондар елу-алпыс есеге артып шыға келетіні белгілі. Ырғын байлық. Бұған кем дегенде жүз миллион халық біраз ғасыр қарыны тоқ, кигені көк қалпында шат-шадыман өмір сүреді-міс дейді әлгі деректер. Қазақстан ондай мүмкіндікке ие екені рас. Жоққа шығара алмаймыз. Өкініштісі – қазір біз сол ен байлықты еншімізге жаратып, еміп отырмыз ба? Қайдам? Керісінше, Алланың берген бар байлығын соның ішінде, ірі кен-кеніштерді тәуелсіздік алған жылдардың басқы кезінде шет елдік алпауыт компанияларға таратып беріп қойдық. Рас, тәжірибе жоқ еді. Мұнай-газ, түрлі-түсті һәм сирек кездесетін металл кен-кеніштері шетелдіктердің қолына, басқарылуына тұтастай өтіп кетті. Елдің емес, шет елдіктердің мүддесіне ыңғайлап келісімдер жасалды. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс-тұғын. Қазақ билігі олардың алдында жорғалап жүрді. Қас-қабағына сай әрекет етті. Елдің несібесі болуы тиіс байлық, шет елдік алпауыт компаниялардың жемсауына доллар болып төгіліп жатты. Ал Қазақстан еншісіне көзге тамызған тамшыдайы ғана қалатын. Әлі де солай. Тек мемлекет тізгінін ұстаған Назарбаев кетіп, Тоқаев келген кезде ғана бұл мәселе тілге тиек етілді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде жасалған келісімшарттарды қайта қарау мәселесі көтерілді...

Бірақ бұл оңай жүзеге асатын іс емес екені бесенеден белгілі. Әлемдік деңгейдегі трансұлттық ірі қаржылық топтар, компаниялар Қазақ билігінің ыңғайына жығыла қоюы екіталай секілді. Қарсы әрекетке қарекет жасары хақ. Бірнеше рет олармен соттасуға ден қойған Қазақ билігі жеңіліске ұшыраған. Енді қайтпек керек? Осыдан бірер күн бұрын үкімет елдің батысында мұнай өндірумен айналысатын компанияларды тағы сотқа берді. АҚШ-тың Bloomberg ақпарат агенттігінің жария еткен хабарына қарағанда, қазақ үкіметі Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеріп жатқан Shell Plc жобасының серіктестері, Exxon Mobil Corp, Eni SpA және TotalEnergies рұқсат етілмеген 13 миллиард доллардан астам қаржыны заңсыз шығындады деп отыр. Бұдан тыс оларға экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 5,1 миллиард доллар айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстан үкіметі енді Ұлттық экономика үшін, мұнай компаниялары пайдаланатын тендерлік жүйені өзгертуге ниетті екенін білдірді. Алайда шет елде өтетін сотта Қазақстан үкіметі жеңіп шыға ма? Әлде трансұлттық алпауыт компаниялардың дегені бола ма? Мәселенің үлкені – осы. Айта кетелік, Қашағандағы мұнай қоры 5-6 миллиард тонна деп есептеледі. Табиғи газдың қоры 1 трлн шаршы метр. Ал Қарашығанақтың мұнай қоры 1,7 млрд тонна және 1,7 трлн текше метр газды құрайды екен. Ұшан-теңіз байлық. Осы байлықтың азғантай мөлшері ғана мемлекет қоржынына түсетіндігі, өкінішті. Тоқаевтың бұрындары жасалған келісімшарттарды рет-ретімен қайта қарау керек деген бастамасы алдағы уақытта жүзеге аса ма? Бұған тек мұнай-газ саласы кірмесі анық. Елдегі байлықтың денін құрап отырған, алайда шет елдіктердің қолына өтіп кеткен, болат, мыс, уран, алтын, т.б. салаларда енері хақ.

Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров: «Үкіметтің бұл қадамын қолдау керек. Тоқаевтың айтқанына сай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалған келісімшарттарда кеткен кем-кетікті қайта қарау қажет. Тек мұнай- газ саласы емес, мәселен, Миталл басқарып отырған болат өндірісі және тағы басқалар дегендей. Біз еліміздің мүддесіне сай қарекетке көшуге тиіспіз», –дейді.

Ал белгілі экономист Мақсат Халық: «Ретсіз шығындалған 13 миллиард долларға, экологиялық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл ретінде салынатын 5 млрд долларды қоссақ, 18 млрд шығады. Бұл аз қаржы емес. Ұлттық қорымызда 53 млрд доллар бар. Ал бұл соның 40 пайыздайы. Өте қомақты қаржы. Сотта қазақ үкіметі жеңіп шыға ма, шықпай ма, мәселе онда емес. Тіпті жеңіліп жатсақ, халықаралық өзге де арбитраждық соттарға беріп көру керек. Артық болмайды. Бір мәселе анық және айқын. Айтайық, 90-шы жылдары жасалған келісімшарттардың бәрі жабық есік жағдайында өтті. Қазақстан мемлекеттік, ұлттық мүдделерін қорғай алмады. Келісімдер корпорациялардың, компаниялардың ыңғайына қарай жасалды. Ұтылып қалған тұсымыз – осы. Енді осыларды көтеріп, қайта ревизия жасап, әлемдік соттардың арқасында Қазақстанның пайдасына сай шешіп алсақ, талай жыртық-тесігімізді жамауға болар еді. Дегенмен мұның екінші жағы барын да ұмытпауға тиіспіз. Келісімшарттар қайта қаралатын болса, инвесторларды шошытып алуымыз мүмкін. Келіп жатқан инвестицияның қарқынына, әрі еліміздің инвестициялық климатына кері әсер беруі ықтимал. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мұның бәрі заңның аясында жүзеге асуға тиіс. Бұл жерде инвесторлардың жұмыс барысында жіберген қателіктері әшкереленіп, Қазақстан жеңіп шығып жатса, онда еліміздің имиджіне нұқсан келмеуі мүмкін. Сондықтан жеті өлшеп, бір кескен жөн», – дейді.

Осы жерде тілге тиек ете кететін бір мәселе, мемлекеттің мүддесіне сай жасалмаған 90-шы жылдардағы келісімшарттар тек мұнай-газ саласымен ғана шектеліп қалған жоқ. Мұндай қойыртпақ келісімшарттар стратегиялық маңызы зор болат, мыс, алтын, уран, т.б. салаларды да қамтыды. Енді осының бәріне қайта ревизия жасайтын кез келді. Бірақ мұның бәрі өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жасалғаны жөн. Өйткені бұған дейін елімізге 370 миллиард доллардың көлемінде қаржы келген. Ал Тоқаев алдағы жеті жылда 150 млрд долларлық инвестиция тартуды үкіметке тапсырып отыр… Ал келісімшарттарды қайта қараудан секем алып қалған инвесторлар алдағы уақытта Қазақстанға қаржы сала ма? Жаңа бір күрделі мәселенің шеті қылтиып тұрғандай ма, қалай?..

Тегтер: