Үкімет 42 500-ді түгендесе, халық ас-ауқатын үнемдеп әлек

Біздің үкіметтің есебінше, карантиндік кезеңде уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азамат 42 500 теңге мөлшерінде көмек алыпты.
Бұған ел бюджетінен 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Біздегі шенеуніктердің ойынша, мұндай жәрдем бізбен көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде беріле қойған жоқ. Осылайша үкімет қиыншылық кезде халыққа берген 42 500 теңгесін әлі жарнамалап, азғантай көмекті дардай етіп көрсетуден танар емес.
Жалпы, біз осы уақытқа дейін бұл қаражаттың «жыртыққа да жамау болмайтынын» бірнеше мәрте жаздық, талқыладық. Сала мамандары да «Жас Алаш» арқылы бұған қатысты өз пікірлерін білдірді. Мысалы, бұл ретте әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев: «Халық айтса айтқандай-ақ, 42 500 теңге мүлдем жұмыссыз қалғандардың қажеттілігін толық өтейтін сома емес. Елдің әл-ауқатын көтеруге көмек болатын көлемді қаражатқа да жатқызуға келмейді. Дәрі-дәрмек өте қымбат. Меніңше, 42 500 теңгенің әлеуметтік маңызынан гөрі символикалық сипаты артып кетті. Бұл үкіметке «біз осындай қадамға барып отырмыз, халыққа көмектесіп жатырмыз» деп есеп беру үшін қажет болып отырған қадам. Осылай демеске амал жоқ. Себебі қазір халыққа тек қаражат ғана емес, тегін дәрі-дәрмек, тегін медициналық көмекпен қамту, тегін КТ-дан өту, тегін тест тапсыру жағы қоса керек. Бірақ бұл шараларды үкімет дұрыс ұйымдастыра алмауда. Ал енді үкімет берген сол 42 500 теңгеге қарапайым халық тест тапсырса 15 мың теңгесі кетеді, КТ-дан өтсе 20 мың теңгесі кетеді. Бір айға маска алатын болса, қалған бес мыңы соған кетеді. Сонда тамаққа қаражатты халық қайдан алады?» – деген-ді.
Қазір белгілі болғандай, республика халқының 45 пайызы қаражатын ас-ауқаттан үнемдеуге көшкен. Себебі қымбатшылық қатты иек алып барады. Тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қатары көп. Қала халқының төлейтін коммуналдық қызмет ақысы бар. Ауыл халқының жемшөбінен бастап, отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың одан әрі өршімейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды.Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин: «Біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. Соңғы екі жылда халықтың ақшаны тамақтан қатты үнемдеуі көп нәрсені аңғартады», – дейді.
Қаржыгердің айтуынша, үкімет алдағы екі жылда сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кезең жетті. Ол үшін, маман айтып отырғандай, халықтың азық-түлік тұтынатын себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, күнкөріс деңгейі қайта сұрыпталуы тиіс. «Дамыған елдермен біздің орташа жалақы мөлшерін салыстырудың өзі ыңғайсыз. Бірақ біз өркениетке ұмтылған ел болғандықтан, олардың жақсы жағын алып қалуға тырысуымыз керек. Бірқатар дамыған елдерде орташа жалақы мөлшері 4500 долларды құрайды. Көптеген елдер өздерінің табиғи байлығын адам ресурсын дамыту үшін пайдаланады. Бірінші кезекте адам капиталын дамытуды қолға алған мемлекеттер ешқашан ұтылмайды. Сондықтан бізге де осы бағытты ұстану керек», – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Не істеу керек?
Экономист-мамандардың пайымдауынша, келер жылы қымбатшылық одан әрі қыса түседі. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жайттың өзі соны аңғартып отыр. Сондықтан біздің атқарушы органдарға болашақта қажетті шешімдер қабылдау керек болады. Ол үшін экономист-ғалымдар айтып отырған мынадай ұсыныстарға назар аударылғаны жөн:
А) Инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсірген жөн. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.
Ә) Үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі тиіс.
Б) Отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктерден бөлек, тарифтік жеңілдіктер қарастырылса жөн болар еді. Себебі жылу мен жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын, олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал.
В) Халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болу үшін мемлекеттік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болар еді. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққандағы өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады.
Осындай ұсыныстарды алға тартқан экономист-сарапшы «бірінші кезекте осы аталған амалдар жүзеге асса, халықтың мойнындағы ауыртпашылық сәл-пәл жеңілдер еді» дейді.