Үкімет: «баймыз!», халық: «жылаймыз!»
![None](/static/img/image.jpg)
Күні кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде кедейлердің көркеткіші азайып жатқанын мәлім етті.
Аталмыш ведомствоның дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстандағы кедейлік 46,7 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеп, 9 есеге азайған. Республика бойынша тек биылғы жылы ғана тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде бюджеттен 43 млрд теңге төленген.
Сөйтіп, министр Тамара Дүйсенова ханым басқаратын министрліктің есебінше, елде кедей-кепшіктің саны азайып, тұрмыс оңалып келеді. Министрліктің жоспарлауынша, әлі де бірқатар реформалар жүзеге асырылмақ.
Алайда еңбек министрлігі осылай дегенімен сала мамандарының басым бөлігі, халықтың ахуалы анағұрлым түзеле қоймағанын, қазір қарапайым қарашаның көбі кедейліктің ащы дәмін татып отырғанын алға тартты. Бұл ретте, әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, халық қазір басқасынан бөлек, ет пен нанды қатты үнемдей бастаған. Мысалы, 1960-1970 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 50 келі ет жепті. Ал 1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал қазір адам басына шаққанда, орташа бір жылда жейтініміз – 40-45 келі ет.
– Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткіштен де төмендеп кеткенбіз. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда жыл сайын 100 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш өте төмен дәреже. Сондықтан нақ қазір біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын, оның ішінде, азық-түлік тұтынуын сапалы етіп қайта қарау қажет, – дейді әлеуметтанушы.
Осылайша, мамандардың пайымдауынша, қазіргідей қиын сәтте халықтың ас-ауқатын осы бастан жүйелеген абзал. Ол үшін Дүйсенова басқаратын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, күнкөріс себетінен бастап, халықтың ең төменгі жалақысы қанша болуы керектігін дұрыстап есептеп, үкіметке ұсынуы тиіс. «Қазіргі есеп қисынсыз. Сондықтан елде кедейшілік төмендеп, жағдай жақсарып келеді дегенмен келісе алмаймыз», – деседі мамандар.
Негізінде, еңбек министрлігі ғана емес, жалпы, біздің үкіметтің өзі әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жайлы позитивті пікірлер айтуға тым құмар. Мысалы, өткенде үкіметте Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Сол сәтте ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымыз жайлы тым жақсы пікірлер айтты. Қуантыровтың айтуынша, жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі биыл – 3,9 пайызды, 2023 жылы өсім 4 пайызды құрамақ. Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз шегінде болжанып отырғанын хабарлады. Өз кезегінде, үкімет басшысы Әлихан Смайылов та өсіп-өркендеуімізге қатысты позитивті болжамдарды тізбеледі. Премьердің айтуынша, 2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1 пайыз деңгейінде болады. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайызға төмендейді. Республикалық бюджет 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды.
Міне, осылайша, үкімет «баймыз, дамып келеміз» деуден бір танбайды. Бұл үрдіс Мамин үкіметінің кезінде де, одан алдыңғы премьерлердің заманында да айтылған болатын. Жалпы, біз «шылқып байығалы» отыз жылдан әрі асты. Бірақ үкімет осылай дегенімен қарапайым халықтың белі қайысып, тіршілік тауқыметін тартып жүргені жасырын емес. Мысалы, өзге аймақтардан бөлек, бір ғана Алматы халқының ахуалын айтар болсақ, қаладағы қарапайым халықтың тапқан табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, Алматыда 1,3 млн халық бар десек, олардың тұтыну шығыны 2021 жылмен салыстырғанда (7,9 %), 2022 жылдың соңғы алты айында 9,1 пайызға өскен. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың ай сайынға тұтыну шығыны 153 мың теңгені құрады. Белгілі болғандай, 153 мың теңгенің 100 мың теңгесін екі баласы бар отбасы тек азық-түлікке ғана жұмсайды екен. Ал қалған сома коммуналдық төлемге, жолақысына кетеді. Сонда біздің қарапайым халықтың тапқан табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Тапқан табысын тек ас-ауқатына ғана жеткізетіндердің қатары көбейіп кетті. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Болашақта адам капиталын дамытқымыз келсе, қарапайым халықтың өзін-өзі дамыту орталықтарына, көңілін сергітуіне, білім алуына толыққанды жағдай жасалуы қажет.
Сөйтіп, мамандар алға тартып отырғандай, біздің атқарушы билікке болашақта «барлығы жақсы» дегенді доғару керек. Елге қазір мәселені көретін, еститін, оны шешетін билік керек. Расында біз отыз жыл «жауырды жаба тоқыдық». Шындық жоқ жерде сұмдық көп екеніне көзіміз әбден жетті. Сол сұмдықтарды көрген халық қашанғы жылайды?! Енді ақиқатқа тура қарап, халықтың жағдайын шын жасайтын кезең тууы керек емес пе?!