Үкімет бейқам отырса, жарлы қайдан байысын?!
Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатындар әбден тарығып, олардың 86 пайызы сіңірі шыққан кедейшілікті сезініп жүр.
Қазір де сала мамандары Қазақстанның тұрмысы төмен адамдарға жасап отырған әлеуметтік көмегін «қанағаттанарлық» деп «айта алмаймыз» деп дабыл қағып отыр.
25 000 теңге жыртыққа жамау бола ма?!
Жалпы, Қазақстанда адам санына шаққанда 2, 1 млн адамға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік төлем беріледі. Бізде үкімет бекіткен атаулы әлеуметтік көмектің биылғы көлемі 25 200 теңгені құрады. Шындап қарасақ, бұл сома бір адамның бір айлық азық-түлігіне де жетпейтін мардымсыз қаражат. Өзге елдермен салыстырсақ, біздегі атаулы әлеуметтік көмектің тым төмен екенін бағамдаймыз. Мысалы, өткен аптада Италия үкіметі тұрмысы төмен отбасыларға кедейшілік шегі ретінде берілетін жәрдемақыны 780 евроға көтеретіндіктерін мәлім етті. «Оңтүстік Италиядағы жұмыс табудың қиындығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы елдегі кедей тұрғындарға үлкен салмақ салуда» деген Италия билігі осылайша тұрмысы төмен халқына жәрдемақыны үстемелеп көмек беруді жөн көріпті. Әрине, Қазақстанға Италия болу қайда?! Біз экономикалық даму тұрғысынан да, әлеуметтік қалыптасу жағынан да өзімізді дамып кеткен елдермен салыстыра алмаймыз.
«Барометр» маркетингтік талдау орталығының маманы Арман Мусиннің айтуынша, дамыған және дамушы елдерде әлеуметтік төлем өте жоғары деңгейде төленеді. Тіпті қазір «әлем бойынша экономикалық жағдайы тұрақсыз» деп саналатын Греция мен Ирландияны мысал етсек, олар тұрмысы өте төмен адамдарға 1100-1500 доллар көлемінде қаржы төлейді. Сол тәрізді тұс-тұстан санкцияға ілініп, халықаралық агенттіктердің өзі «экономикасы қоқысқа әбден малтықты» деп бағалаған Ресей де кедей-кепшіктеріне 300 доллар көлемінде жәрдемақы ұсынып отыр. Испания, Беларусь елдерінің де тұрмысы төмен адамдарға төлейтін жәрдемақысы осы шамалас.
— Мұқтаж жандарға 25 мың теңгеден төлеу «бюджетке салмақ түсіреді» деп ойламаймын. Мұндай қаражатпен бір ай емес, бір апта ғана өмір сүруге болады ғой. Қазіргідей қымбатшылық қысып тұрған заманда, үкімет осы мәселені шешуі тиіс деп ойлаймын. Бұл кезек күттірмейтін күрделі мәселе, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Үкімет үмітті ақтады ма?
Жалпы, мамандардың айтуынша, үкімет болашақта ауыл тұрғындарына қатысты тың өзгерістерді қарастыруы керек. Себебі тіркеуде тұрған кедей-кепшіктің 56 пайызы ауыл тұрғындары. «Ауылды жерде жұмыссыздық өршіп тұрғандықтан, үкімет ауыл тұрғындарының қиыншылықтарын ескере отырып, оларға бөлек жәрдемақы базасын қалыптастыру керек», – дейді мамандар.
— Негізінде бірқатар елдерде тұрмысы төмен жандарға бірнеше мәрте көмектер беріледі. Мысалы, бізде тұрмысы төмен адамдар жұмыс істемей зейнетке шықса, олардың алатын зейнетақысы да өте төмен болады. Шет мемлекеттерде олай емес. Дамыған және дамушы елдердің біразы қартайған шақта да тұрмысы төмен отбасыларды қамсыз қалдырмайды, – дейді А. Мусин.
Ал экономика ғылымының кандидаты Марал Төртенованың айтуынша, 2025 жылға қарай Қазақстандағы кедейлер саны одан әрі арта түсуі әбден мүмкін. Себебі қазір экономикалық тұрақсыздық тереңдеп барады.
— Әлемдік экономикада қалыптасып отырған тенденциялар бізге әсер етпей қоймайды. Келер жылы дағдарыстың салқынын анық сезінетін боламыз. Қазірдің өзінде тұрақсыздық орын алып отыр. Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленді. Сондықтан бұл арада әрине сауатты шешімдер қабылдануы тиіс. Бұған қатысты үкімет үмітті ақтай ма, жоқ па ол арасы тағы белгісіз. Себебі біздің үкімет әлеуметтік-экономикалық саясатты ұстанамыз дегенмен әлі айқын нәтиже көрсете алған жоқ, – дейді экономист-сарапшы.
Әлеуметтік қорлар көмекке келе ме?!
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, әлеуметтік төлемдер, халықты әлеуметтік қорғау деген мәселені бір ғана минисрлікке артып қою да дұрыс емес. Бұл ретте үкіметке немесе президентке бағынатын қосымша әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс. Сол қорлар тарапынан мұқтаж халыққа қосымша қаражат бөлініп отырса игі болар еді.
— Әлеуметтік саясатта халықтың жағдайын мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлеммен көтеру мүмкін емес. Бұған қатысты дүниежүзінде түрлі тәжірибелер бар. Мысалы, Малайзияда тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсететін әлеуметтік-қоғамдық қорлар бар. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі. Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып, жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арзан несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финляндия, Германия тәрізді елдерде 1 пайыз үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан, – дейді Арман Мусин.
Маманның айтуынша, мұндай аз пайыздық үстемақымен тұрмысы төмен адамға несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді. Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы да мүмкін. Шағын шеберхана, тігіншілік, етік жөндеу істерін дөңгелетіп әкеткісі келетіндер де бар. «Сондықтан әлеуметтік аз қамтылған топқа арзан несие беру жайы да қолға алынса», – дейді қаржыгер.
Қалай десек те алдағы бес жылда елдің тұрмысын арттыру маңызды бола түспек. «Өйткені біз 30 жылымызды бос мақтанмен өткізіп алдық». Дегенмен үкімет бейқам отырса, жарлы қайдан байысын?! Ол үшін әрине Смайылов үкіметі жанығып жұмыс істеуі қажет. Бұл арада сала мамандарының ұтымды ұсыныстары ескерілгені де абзал. Міне, сол кезде барып біздегі «аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ тимес» деген қанатты сөз мәнін жойып, еліміз байып, халқымыз дамып, еңсеміз тіктелер...