Үкімет дәрменсіздік танытып отыр

Қазақстанда азық-түлік тауарлары бағасы күн сайын емес, сағат сайын өсіп жатқанын халықтың қалтасына түскен салмақтан-ақ білуге болады.
Жыл басында қаңтардағы оқиғадан кейін өнімдерді жеткізудегі қиындықтарға байланысты баға көтерілген болатын, одан кейін ақпанның соңы мен наурыздың басында Украина мен Ресей арасындағы жағдайға байланысты бір доллар 510 теңгеге дейін өсті. Қазақстан тұтынушылар қауымдастығының мәліметінше осы аралықта баға 40 пайызға дейін көтерілген.
«Тіпті қазақстандық және ресейлік өндірістің өнімдері, сондай-ақ дәрі-дәрмек бағасы да өсті. Бізде тауардың 19 түрінің тізімі бар, олардың сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек, олар әлі де осы көрсеткіштен жоғары. Барлығы қымбаттап жатыр. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, соңғы уақытта тек жұмыртқа ғана шамамен 7 пайызға арзандады. Қалғанның бәрі, соның ішінде сүт өнімдері, тауық еті және т.б. 30 пайызға немесе одан да көп қымбаттады. Тіпті долларға тәуелді емес нәрселердің де бағасы өсіп жатыр», – деді қауымдастық басшысы Светлана Романовская. Оның айтуынша, өнім өндірушілер мен дистрибьютерлер бағаның өсуін шетелдің тауарына тәуелді болғанымыздан деп түсіндіреді. Мысалы, сүт және ет өнімдерін өндіруде басқа елдерден сатып алынған жемдік қоспалар қолданылады. Сондай-ақ пандемия мен Ресейге салынған санкцияларға байланысты логистика күрделене түсті, көптеген адамдар жаңа тауарлар партиясын қымбатырақ сатып алуға мәжбүр болды.
Ресейдегі жағдайға байланысты тауар жеткізілімдерінің тізбегі тұралап тұр
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жаппай қымбаттап жатқанын Үкімет те жасырмайды. Ұлттық банк басшысы инфляцияға азық-түлік өнімдері ең көп үлес қосып отырғанын, оның ішінде – нан өнімдері, жарма, сүт өнімдері бағасы 10 пайызға дейін өскенін хабарлаған болатын. Өткен апталарда қант сатып алушылар үлесінің артуына байланысты қант бағасы шарықтап кеткен болатын. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрлігі және сауда комитетінің өкілдері Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Тіпті елімізде құс еті, жұмыртқа мен күнбағыс майы, Ресей санкциясына байланысты халықты дәнді-дақыл өнімдері қымбаттайды деген ақпаратқа сенбеуге шақырды. Бірақ көрші елде орын алған жағдайдың бізге мүлдем қатысы жоқ деп айта алмайтыны түсінікті еді. Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев Ресей санкциясынан логистика қызметінің жұмысы баяулап қалғанын және салдарынан бірқатар қиыншылық туындағанын айтты.
«Логистика тоқтап, кейбір тауар жеткізілімдерінің тізбегі тұралап тұр. Одан бөлек, экспорт пен импортқа қатысты тауарлардың жаңа нарығын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір порттар жабық, логистикадағы байланысты жақсарту жұмыстары қолға алынды», – деді ол.
Осы ретте экономист Марат Қайырленов өнімді жеткізу мәселесін шешу үшін Қазақстанға жаңа логистикалық байланыстар орнату, Каспий теңізі арқылы жеткізуге көбірек көңіл бөлу және Орталық Азия елдері арасында да тығыз ынтымақтастық қажет екенін айтады.
«Ұлттық банктің теңгенің рубльге шаққандағы тепе-теңдігін қолдауына байланысты көптеген компаниялар теңгенің доллар бағамының шынайылығына күмән келтіріп, тауарларын сатуды тоқтатты. Көптеген өндірушілер теңгенің тұрақсыз айырбас бағамына күмәнмен қарайды. Оларда бір доллар теңгеге шаққанда 600-700-ге дейін құлдырауы мүмкін деген сенімсіздік бар. Сондықтан тауарларын арзанырақ сатқысы келмейді», – дейді сарапшы.
Ресми ақпарат бойынша республикада барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде – ұн 145,1 мың тонна, қант 47,6 мың тонна, күріш 40,2 мың тонна, макарон 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және тағы басқалары. Үкімет баға қымбаттаса да, тапшылық туындамайды деп сендіріп отыр.
«Ресейге экспортталатын тауарлар саны азайғандықтан, көрші ел бізден тауар сатып ала бастайды. Астық мәселесі де биыл ушығайын деп тұр. Валюта бағамының құбылмалы болуы ресейліктердің жаппай бізден доллар сатып алуына ықпал етті. Бұған дейін Ресей сакцияның оң ықпал еткенін, бұл олардың экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бергенін мәлімдеген еді. Бірақ, көрші ел импортқа тәуелділіктен бас тарту туралы 2014 жылдан бері айтып келеді. Бірақ оның нәтижесі айтарлықтай болған жоқ. Бір ғана мысал, Ресейде 90 пайыз тұқымға арналған картоп шетелден әкелінеді екен. Бұл жерде мәселе тек қана санкцияда ғана емес, әлемдік нарықтағы ірі компаниялардың өзі Ресейге тауар тасудан бас тартып жатыр. АҚШ Қытай Ресейге жасалған қатаңдатылған санкциялардың талабын бұзатын болса, Қытай тауарларын алмаймыз деп отыр. Қаржылық тұрғыда Қытайдың Ресейге сатып отырғаны АҚШ пен Еуропаға сатып отырған тауардан әлдеқайда аз»,- дейді экономист Марат Қайырленов.
Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерліктің алдына қойып отырған талабы тым жоғары
Қазақстанда азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың тапшылығы күтілмейді, бірақ олардың қымбаттауы мүмкін деген пікірді сауда желілері одағы басқармасы төрағасының орынбасары Эльбеги Әбдиев те растайды. Сарапшы бағаның өсуі азық-түлікке әсер ететініне сенімді. Әсіресе, қант бағасы қымбаттайды.
«Қантты ресми түрде 57%-ы Ресей мен Беларуссиядан әкелінеді, ал қалғанын өзіміз өндіреміз. Бірақ бұл өндіріс өте шартты, себебі Қазақстанға қант құрағы әкелінеді, шын мәнінде қоңыр қант қайта өңделеді және әрі қарай сатылады. Бұл жағдайда біз шикізат бағасына тәуелдіміз. Бүкіл әлемде қамыс қантының құны да өсуде. Бұған қоса, азық-түлік емес тауарлардың бағасы да өсып жатыр. Оған негізгі себеп валюта бағамының құбылмалығы және логистика шығындарының артуы. Бұл тұрмыстық химияға көп әсер етеді», -дейді есептейді Әбдиев.
Оның айтуынша, Ресейден келетін тұрмыстық химиялық заттардың азаюына байланысты Қазақстан енді Қытай нарығына жүгінуі мүмкін. Қалай десек те, бізде көрші Ресей мен Қытайдың тауарына тәуелділік жоғары. Қытайда пандемия кезінде тауар сатып алу мәселесінде қиындық туындаса, енді Ресейдегі жағдай мынау. Тұтынушы ел статусынан құтылуға басымдық бермей, көрші екі елге экономикалық һәм қаржылық тәуелсіз болмайтынымыз түсінікті. Ол үшін Әбдиевтің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлерге жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен арзан несие беру, салық жеңілдіктері қарастырылу керек.
«Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерліктің алдына қойып отырған бүгінгі талабы тым жоғары. Сол үшін шағын және орта кәсіпкерлік «көлеңкелі экономикаға» үлес қосып отыр. Мемлекеттің қазір істеп жатқаны мүлде дұрыс емес салық өте жоғары оның үстіне саудаға қатысты көптеген талаптар енгізіп жатыр. ШОБ үшін адал сауда жасау тиімді болатындай жағдай жасау керек», — дейді сауда желілері одағы басқармасы төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, сауда саласының жұмысын жеңілдету үшін сарапшы таңбалауды кейінге қалдырып, азық-түлік өнімдеріне қосымша құн салығы мөлшерлемесін 8 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр.