Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:19, 07 Желтоқсан 2022

Үкімет «элиталы бизнеске» қашанғы жалпақтайды?!

None
None

Бүгінде аз ғана элиталық топтардың ықпалының артуы қауіпсіздігімізге айтарлықтай қатер төндіріп отыр.

Бұл қоғамның әлеуметтік-экономикалық содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Бізде ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблема бар екенін ел президенті Тоқаев та, халықаралық сарапшылар, үкімет те жақсы біліп отыр. Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін мемлекет басшысы өз аузымен айтқан болатын. Бұл ретте президент биыл жыл басында: «Халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек» деді. Тоқаев елдегі элиталы бизнеске «тартып алмаймыз, қайта бөліске де салмаймыз, бірақ өздерің ұлттық экономиканы көтеруге ынталы болыңдар», дегенді де баса айтты.

Міне, содан бері 11 ай өтті. Қоғамда не өзгерді?!

Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою, инвесторларға қолайлы жағдай жасау деген дүниелерді 30 жыл бойы қозғап келдік. Бірақ осы аралықта елге жаны ашыған бай-манапты да, байлардың байлығының қызығын көрген халықты да көрмедік. Маманның пайымдауынша, біздің үкімет әлі де сол «элиталы бизнеске» жалпақтап  отыр, қатаң талап қоя алып отырған жоқ.  Мәселен, үкімет соңғы екі жылда бизнесті қолдау мақсатында бірқатар шешімдер қабылдады. Әйтсе де банктерден арзан несие беру, несиені кешіру, салықты төмендету тәрізді жеңілдіктерді бізде бірінші кезекте қарапайым шаруа немесе өз күшімен адал ақы маңдай тер тауып жатқан кәсіпкер емес, қолдаушысы бар, «көсеуі ұзын» «элиталы бизнестің» алып жатқаны туралы деректер жиі кезедеседі. Осыған байланысты сала мамандары «болашақта жекелеген ірі бизнестен бөлек, шағын бизнеске және ғылымға бөлген абзал», – деп отыр. 

Бұл ретте     экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:

— Қазір нанотехнологияның дамыған заманы. Мұнайдың орнын алмастыратын заттар да көбейді. Қазір дамыған әлем елдерінің басым бөлігі көмір мен ағашты химиялық синтездеуден өткізіп, мұнай жасауды ойластырып отыр. Тіпті осылай жұмыс жасап отырған елдер де бар. Демек келешекте мұнай бағамының төмендеуіне негіз бар. Сондықтан бір ғана мұнайға байланған экономика құрудың дұрыс еместігіне ендігі көзіміз жеткіздік. Демек, біз үшін қазір маңыздысы инновацияға, ғылымға бет бұру. Отандық өнім өндіру саласына ден қою. Қазақстанның өзін-өзі қамтитын деңгейін арттыру маңызды болмақ. Осылай еткенде ғана Қазақстан бұл дағдарыстан ұтып шыға алады. Үкімет «элиталы бизнесті» қолдай беруді доғару керек. Оларға осы уақытқа дейін жалпақтадық. Енді ғылымға, қарапайым шаруалардың бизнесіне шағын және орта бизнеске қажетті көмек көрсетілуі керек.

    Жалпы, мамандардың байыптауынша, болашақта АҚШ, Қытай тәрізді алпауыт елдердің өзі мұнай бағасын түсіруге ықыласты болады. Себебі, ғылымы дамыған елдердің дені мұнайдан күнделікті тұтынатын заттардың барлығын алып жатыр. Киім-кешектен бастап, кір жуатын сабын, жазатын үстеліміз, қолданатын қаламсабымызға дейін бірқатар елдер мұнайды химиялық синтездеу арқылы алады. «Осыдан барып, Қытай мен АҚШ-тың өзі мұнай бағасын түсіруге барын салады.

Сондықтан сарапшылардың ойынша, біз үшін шикі мұнайды сата бергеннен гөрі, индустриалды-инновацияға бет бұру маңызды. «Ал мұндайда бизнес әлеміне қара басының қамын күйттегеннен гөрі, халықтың жайын ойлаған кәсіпкерлердің келуі маңызды. Ендеше, үкімет жекелеп байығандардың көңіліне қарағаннан гөрі, халыққа пайдасы барларға жағдай жасауы қажет. Сонда ғана халықты батпақтап жатқан экономикадан алып шыға аламыз» деседі мамандар.   

Тегтер: