Үкімет халықтың табысын арттырғалы отыр
Үкімет жыл сайын жеделдеген инфляцияны ескеріп, 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын қабылдады.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев биыл 11 қаңтарда мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы, табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, үкіметке Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын-ды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, бағдарлама жобасын әзірледі. Ә. Қуантыровтың айтуынша, талдау нәтижелері бойынша, тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 3,1%-ға дейін баяулағаны айқындалды.
«Сонымен қатар халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті», – деді Ә. Қуантыров. Оның айтуынша, жүргізілген талдауды ескере отырып, халықтың табысын арттыру бағдарламасында ел дамуының негізі – жұмысшы жастар, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастырудың жаңа мүмкіндіктері, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы, еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру, туризмдегі жұмыспен қамтуды арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде жаппай жұмыспен қамту, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру, халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру, табыстың сатып алу қабілетін қорғау сынды бағыттар назарға алынып отыр.
Осы ретте, айта кетерлігі, бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысының артуы, кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру, сатып алу қабілетін қорғау. Бағдарламаны іске асыру лайықты еңбек пен масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады. Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады.
«Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша шаралар қабылданатын болады», – деді Ә. Қуантыров. Оның айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру бойынша шаралар іске асырылатын болады. Өндірістік дағдыларды дамыту бойынша бағдарламада «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс-шаралар көзделген. Одан кейін министр кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бағытында 41 шара іске асырылатынын айтты.
Кәсіпкерлікті дамыту аясында өткен жылы жаңа реттеуші саясатты – «таза парақтан» реттеуді енгізуге бағытталған заң қабылданды. Бақылау және қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні, сондай-ақ екі талаптың орнына бір талап ету қағидаты – «1 in 2 out» қағидаты енгізілді. Автоматтандыру қамтамасыз етілмейтін есептілікті талап етуге тыйым салынды. 2022 жылы министрлік алдында мына міндеттер тұр: міндетті талаптар тізілімін құру, мемлекеттік бақылауды автоматтандыру, тексерулерден кәсіптік бақылауға көшу, бизнеске арналған талаптарды көздейтін реттеушілік актілерді талдау.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 13,2 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың көлемінен 7,3%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі ЖІӨ-нің 16,5%-ын құрады», – деп мәлімдейді Ә. Қуантыров.
Халықтың табысын арттыру үшін 2025 жылға қарай мынадай 5 нысаналы индикаторға жоспарлы түрде қол жеткізуді қамтамасыз етеді: ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%, жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2%, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%, жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн астам адамға жұмыс орындарын құру.
Халықтың табысын артыру бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халық табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде еңбек министрлігі жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыстар жүргізетінін баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен барлығы, 33 іс-шара қарастырылған, оның 16-сын тікелей министрлік жүзеге асырады. «Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді», – деді С. Шәпкенов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні еңбек нарығында 300 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар азаматтық келісімшарттар негізінде жұмыс атқаруда. Тапсырыс берушілер мен орындаушылардың арасындағы қарым-қатынас күрделі бюрократиялық процесс. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшінің құрамында 60%-ға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша тартылады. Осы мәселелерді ескере отырып: біріншіден, министрлік фрилансерлердің қызметін цифрлық форматқа өткізу мақсатында «платформалық жұмыс» электрондық сервисін әзірлейді. Бұл әртүрлі платформаларда өз бетінше, жұмыс істейтін азаматтардың қызметін оңай тіркеуге, қажет мамандарды тез арада табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, 3 және 4 санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 4,7 мың адамға қысқартылатын болады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жүйені тұрақты түрде жаңарту арқылы мониторингіленетін болады. Аталған шаралар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға мүмкіндік береді. «Еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEET санатындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедіктігі бар бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар бар. Бұл әрбір мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер құралдар қабылдауды талап етеді», – деді С. Шәпкенов.