Үкімет картопты жарды, халық аш қалды
![None](/static/img/image.jpg)
Осыдан тура екі ай бұрын біз «Жас Алаш» газетінде «Аш қалмаймыз ба?» деген тақырыппен мақала жарияладық.
Ол мақалада халықты қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрғанын, алдын алмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы одан әрі шарықтай беретінін ашып көрсеттік. Тіпті мәселені шешу үшін сала мамандарының тарапынан арнайы ұсыныстар да айтылды. Бірақ біздің үнімізді еститін үкімет пе?! Жазғанымыз да, мамандар тарапынан айтылған ұсыныстар да ескерілмеді. Ескерілмегені сол – елді қиындықтан құтқаруы тиіс үкімет, керісінше, халықты «шок» қылып, шошытуын қояр емес.
Ет жеп, сорпа ішу арман бола ма?!
Сөйтіп, үкіметтің «шогы», қымбатшылықтың шоғы халықтың тұрмысын қарып барады. Қазір біздің редакциямызға хабарласқан жандарда есеп жоқ. Бірі картоптың қымбаттығын айтса, енді бірі балаларына ет жеп, сорпа ішу арман болғанын алға тартып шырылдайды. Мәселен, алты баланың анасы Гүлзира Қожанова былай дейді:
– Үкіметтегілер біз тәрізді ай сайын 60-70 мың теңге алып отырса, басқаша сайрар еді. «Алты баламды ертең немен тамақтандырамын» деп түнде жылап аламын. Тапқанымыз не тамаққа, не киімге жетпейді. Суға макаронды қайнатып беріп, талғажау етіп отырмыз.
Бұл тек бір ғана көпбалалы ананың басындағы жағдай емес. Қарапайым халықтың басым бөлігі қазір осы күйде отыр. «Аналитик» әлеуметтік-экономикалық зерттеу орталығы осыған байланысты республика халқының бір жылда қанша азық-түлік тұтынғанын санамалап көріпті. Сарапшы Олег Лурьев былай дейді:
– Қазір үкіметтің күнде бас ауыртып, ойланатын өзекті жайттарының бірі халықты азық-түлікпен қамту болуы қажет. Мысалы, 1960-70 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 80 келі ет жепті. Ал 1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал қазір «қазақтың саны өсіп жатыр» дейміз, адам басына шаққанда бір жылда орташа жейтініміз – 35-40 келі ет. Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткішке дейін төмендеп кеткенбіз. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда жыл сайын 90 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш өте төмен дәреже. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарап, халықты ашықтырмаудың жолын іздеу керек.
Халық ертегіге сенуден шаршады
Мамандар осылай дегенмен, біздегі шенділердің көңіл күйі жақсы. Олар халықтың алдына шығып, есепті де өте жақсы береді. Мысалы, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбеттің сөзінше, мамыр-маусым айларында елдегі жалпы инфляция көрсеткіші небәрі 7,2 пайызға ғана өскен. Шамасы, Баймағамбетов тап осы мамыр мен маусым айларында сәбіздің бағасы 145 пайызға, картоп 138 пайызға, күнбағыс майы 117 пайызға өсіп кеткенін есінен шығарып алса керек. Қазір елде сәбіздің бағасы 500-700 теңге, картоптың құны 300-500 теңге, күнбағыс майының литрі 600-700 теңге екенін шенділерге қалай мойындатамыз?! Азық-түліктен бөлек, газ, электр жарығының құны, жанар-жағармайдың бағасы да шарықтап кетті емес пе?! Бірақ осыған қарамастан, Ұлттық банк төрағасының орынбасары позитивті пікір айтудан танбайды. Оның айтуынша, 2021 жылғы инфляция көрсеткіші 4-5 пайыздың аралығында болуы әбден мүмкін.
Жалпы, зер салсақ, біздің шенеуніктердің есеп беруінің өзі бір-бірімен қабыспайды. Ұлттық банк жоғарыдағыдай есеп берсе, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былай дейді: «Тауар өндірісі 5,8 пайызға өсті. Сонымен қатар қызметтер өндірісі 4 пайызға қысқарды. Нәтижесінде ІЖӨ 0,2 пайызға төмендеді. Мамыр айында жылдық инфляция 6,7 пайызға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі нақты мәнде 0,9 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен төмен. Дегенмен оң өсім сақталады».
Міне, біздегі шенеуніктер жағдай қанша қиын болса да, «оң өсім бар» деуден еш жаңылмайды. Бірақ халық қазір мұндай ертегілерге сенуден әбден шаршаған. Бұған қатыстыэкономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді:
– Есепке жүгінсек, коронавирус Қазақстанды 7,7 триллион теңге немесе 18,4 миллиард доллар шығынға отырғызды. Былтыр ішкі жалпы өнімнің 2,9 пайызын жоғалтып, оны биыл қалыпқа келтіреміз деген болжам болған. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша тек экономиканың нақты секторының өсіп, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету салаларының әлі де қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны белгілі болды. Қазір қызмет көрсету саласы кем дегенде 20 пайызға қысқарды. Енді мұны қалпына келтіруге екі-үш жыл кетеді. Үкімет оптимистік болжамдарды асығыс айтып отыр.
Жарнамасы жарасқан жол картасы қайда қалды?
Негізінде, біздің үкімет есеп беріп, болжам айтудан ғана емес, жоспар құрудан да «картопты жарып», таңғалдырудан танбайды. Мысалы, 2019 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері одағының өкілдерімен кездесіп, картоп өндірісін ұлғайту бойынша жоспарлар құрған болатын. Сол кезде министр Сапархан Омаров картоп өсіру саласын дамыту бойынша «Жол картасын» әзірлеуді жоспарлап отырғандарын айтқан. Жоспар бойынша нақ сол «Жол картасы» елдегі картоп өндірісін нықтап, өнім бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін еді. Бірақ екі жыл өтсе де, жарнамасы жарасқан «Жол картасының» қызығын көрмедік. Керісінше, соңғы екі жылда картоптың бағасы ырыққа көнбей, шарықтап кете барды.
Ең қызығы, «осы жолы картоп пен сәбіз неге сонша қымбаттап кетті» деген сауалға сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «әкімдер мен ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды бақылай алмады» деп жауап берді. Ал жағдайды бақылауы тиіс әкімдердің қайсыбірі «мен үйімнен тамақ ішпеймін, азық-түлік бағасын білмеймін» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарса, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «бізде қорда былтырғы картоп бар, бірақ халық биылғы «свежий» картопты тұтынғысы келеді» деп, мүлдем ақылға сыймайтын сылтау айтты. Осыған қарап, «Айыптының мың сылтауы мен қырық болжамы таусылмайды» деген нақыл тұп-тура біздің шенділерге қатысты айтылған ба дейсің.
Форвардтық кездесуден пайда бар ма?
Сөйтіп, жарнамасы жер жарған «Жол картасы» да жоқ, қымбатшылыққа қатысты тұшымды жауапқа да зар болып отырмыз. Ендігі үмітіміз – көршіден көмек сұрау. Осы мақсатпен қазірде министр Бақыт Сұлтанов картоп іздеп қыр асты. Бұл ретте министр Сұлтанов: «Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен келісімшарт жасасудың нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады. Орталық Азия елдеріне іссапармен шығамын. Негізгі мақсат – форвардтық келісімшарттарды пысықтау. Соның ішінде картоп, сәбіз, пияз бен қырыққабат сияқты өнімдерді өзара жеткізу мәселесі де бар», – деді.
Оның айтуынша, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен форвардтық келісімшарттарды рәсімдеудің нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады. Себебі өзара тауар жеткізудің нақты тәртібі болады. Мәселен, маусымаралық кезеңде піспей тұрған өнім көрші елдерден жеткізіледі, өз өніміміз шыққанда, керісінше, көршілерге жөнелтіледі. Осылайша қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік бар.
Ал сала мамандары экономиканы дамытуға, оның ішінде қымбатшылықты ауыздықтауға жаңаша әдістерді қолға алмасақ, келер жылы халық одан әрі тарығып, ауыртпалық бұқараның арқасына бата түсетінін алға тартып отыр.
Тақырыпқа тұздық
Халықты ашықтырмау үшін сауатты күрес керек
Мамандардың пайымдауынша, үкімет болашақта мына жайттарға аса мән беруі тиіс. Біріншіден, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние – коррупциялық қадам. Олардың қатарына кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Мұндайларға кеткен шығынды кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып, шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте баға осылай шарықтайды. Екіншіден, мемлекеттік монополиялардың аздығы. Монополистердің бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген. Үшіншіден, тендердегі заңсыздықтар. Мемлекеттік ведомостволық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы. Тендерді тамыр-таныстық жайлаған. Бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние. «Ең алдымен осы мәселелер нақты шешімін таппаса, қымбатшылықты ауыздықтау да, экономиканы жандандыру да, нақты секторларды дамыту да қиынға соғады. Сондықтан үкімет халықты ашықтырмау үшін осы мәселелердің салдарымен сауатты күресуі тиіс», – дейді сала мамандары.