Үкімет кімді алдап отыр?
Міне, биліктің халыққа ертегі айтып, алдап келе жатқанына 30 жыл болды. Сол «ертегі» әлі жалғасуда.
Осыдан біраз күн бұрын Үкімет сайтында мынадай бір «ғажап» деректер пайда болыпты. Оны көпшілігіміз байқамай қалғанымыз рас. Алайда кәсіпкер һәм саясаттанушы Санжар Боқаев көріп қалып, әлеуметтік желілерде шу шығарды.
Елді елең еткізген бұл не дейсіз ғой, енді қырағы көз Санжар Боқаевтың Мамин басқарған үкіметтің масқарасын шығарған жазбасындағы мына бір жайларды алға тартайық. Сөйтсек, Қазақстанда 167 түрлі көлік шығарылады екен. Соның ішінде әлемдік нарықта ерекше орын алатын 22 көлік түрі бар көрінеді. Осындай брендті көліктер шығару үшін соңғы 10 жылда Қазақстанда 130 зауыт салынып үлгеріпті. О, ғажап! Неткен керемет! Халық қалай аңғармай, білмей қалған?!
Ал әлемде автокөлік шығарудан алғашқы бестікке кіретін Жапон елі небәрі 14 көліктің түрін шығарса, Германия 15 көлік түрін өндіріске қоя алған екен. Бұлармен салыстырғанда Қазақстан 167 көлік түрін, соның ішінде 22 брендті көлік шығаратын деңгейге көтеріліпті. Әлгі автоалып елдері біздің жанымызда шаң қауып қалғанға ұқсайды. Апырай ә дерсің, анау Жапон мен Герман еліне обал болған екен ғой дерсің жаның ашып. Ал ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, бұл Мамин басқарған үкіметтің кезекті «ертегісі», қиял-ғажайып аңызы. Сонда Мамин үкіметі кімді алдап отыр? Өздерін бе, әлде халықты ма?
Бізде көлік шығаратын 130 зауыт жоқ екені бесенеден белгілі. 167 түрлі көлік шығару автоалыптар елі – Жапония мен Германияның қолынан келмегенде, экономикасы мешеу, жемқорлық жайлаған Қазақстанның қолынан келді дегенге кім сенеді?
Рас, бізде азды-көпті көлік шығарылады. Бірақ оны Made in Kazakhstan деуге келмейді. Біз бар-жоғы даяр келген дүниені құрастырамыз. Оны Қазақстанда шығарылған деп емес, Қазақстанда құрастырылған десе дұрыс болар еді. Айтпақшы, Санжар Боқаев индустрия министрлігі елімізде нақты қанша көлік шығатынын және көлік шығаратын қанша зауыт бар екені жөнінде жауап бермесе, есеп комитеті мен бас прокуратураға шағымданатынын мәлім етті.
«Асқар Ұзақбайұлы, сізден «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қамтамасыз етуіңізді өтінемін. Мен сіздің қызметтен кетуіңізді сұрамаймын. Сізді немесе сіздің министрлеріңізді ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді. Өйткені дәл сондай адамдар орындарыңызға келеді. Біз құндылықтарды өзгертуге тиіспіз. Өтірікпен, көзбояушылықпен және кәсібисіздікпен күресті бірге жариялайық. Сонда айналадағы нәрсенің барлығы өзгере бастағанын көресіз», – дейді Санжар Боқаев.
Бұған үкімет не дер екен?! Күтелік. Егер де билік 130 зауыт бар екенін, одан 167 көлік түрі шығатынын, оның ішінде 22 брендті көліктер екенін дәлелдеп берсе, Мамин үкіметін «айналайын» демеске амал жоқ. Ал дәлелдеп бере алмаса не дейміз?