Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 07 Қыркүйек 2021

Үкімет мүгедек жандардың зарына қашан құлақ асады?

None
None

     Соңғы үш жыл бойы біздің елде мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін мемлекеттік көмек жыл сайын 5 пайызға ғана өсіп келеді.

Бұл дегеніңіз – І топтағы мүгедектерге жылына 3400 теңге, ІІ топтағы мүгедектерге 2600 теңге, ІІІ топтағы мүгедектерге 1700 теңге үстеме қосылады деген сөз.  Есептесек,  цифрлар былай түзіледі: І топтағы мүгедектер 2020 жылы 62 723 теңге жәрдемақы алса, биыл олар 65 860 теңге алып отыр; II топтағы мүгедектер былтыр 49 983 теңге алса, биыл – 52 483 теңге; III топтағы мүгедектер 2020 жылы 33 975 теңге, ал биыл 35 675 теңге алады. Міне, біздің үкімет осылайша мүгедек жандарды «жарылқадық» деп есептейді. Ал шындап келгенде, бұл жыртыққа жамау да болмайтын тиын-тебен.

        Бұл мәселеге қатысты өткенде Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі бір топ азамат ашынып, үкімет үйіне дейін барды. Олар мемлекет тағайындаған жәрдемақыға өлместің күнін көріп жүргендерін айтып шағынды. Тіпті бірқатары жағдайларын үйлестіре алмай отырған еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің отставкаға кетуін талап етті. Наразылық тобының арасында болған Ермек Бекішевтің айтуынша, жеті жыл бойы үйінің кезегі бір жылжымаған. Алатын 65 мың теңге жәрдемақысы азық-түлікке әрең жетеді. Әкімдіктен берілген жатақхана өте ескі, кіріп-шығуға қолайсыз. Ермек Бекішев үкіметке сенуден қалғанын айтып, «Мен министрдің отставкаға кетуін талап етуге мәжбүрмін. Қанша рет жауаптыларға айттық. Үйдің кезегі қашан жылжиды? Жәрдемақымызды 2910 теңгеге көтерді. Ал азық-түлік 30 пайызға қымбаттап кетті», – деді.

       Жалпы, бір бұл емес, біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың Мамин үкіметіне айтар базынасы өте көп. Олар «мемлекеттің қолдауын коронавиурс індеті кезінде де сезініп отырған жоқпыз» деп ашынады. Мысалы, былтыр әлемдік пандемия жарияланған тұста Қырғызстан, Өзбекстан елінің мүмкіндігі шектеулі жандары үкіметтің ерекше қамқорлығын сезінді. Көрші Ресей үкіметі де пандемия кезінде мүгедек жандарға мемлекет белгілеген жәрдемақыға қосымша федералдық бюджеттен 12 900 рубль, облыстық бюджеттен 28 600 рубль, аудандық бюджеттен 2821 рубль көлемінде үстемеақы төлеп тұрды. Ал біздің үкімет пандемияға байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға 10 600 теңге (!) көлемінде көмек көрсетті. Оның өзі мемлекеттік бюджеттен емес, Алматы мен Нұр-Сұлтан бойынша  жергілікті бюджеттен төленді. Басқа облыстардың бюджеті мұндай төлемді төлей де алған жоқ. Бұған қатысты Алматы облысында тұратын мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Әсия Әділбекова былай дейді:

    – Былтыр төтенше жағдайда берілетін 10 604 теңге тек қалада тұратындарға ғана берілді. Біз тәрізді Алматы облысының аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға ондай көмек те жоқ. Баламның мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы не дәрісіне, не арнайы тамағына жеткен емес. Бір байқағаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға келгенде үкіметтің сараңдығы ұстайды да тұрады. Әйтпесе қаншама қыруар қаржыны өзге салаларға бөліп жатыр емес пе, осындай қиын-қыстау кезеңде сол қаржының бір бөлігін мүгедектерге бөлсе де болады ғой.

      Әсия Әділбекованың сөзін Алматы қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек Мәлік Сабырханов та қуаттап отыр. Оның айтуынша, үкіметтің жәрдемақысымен болашағын ойласа, тамағынан  тіпті ас өтпейді.

   – Екінші топтағы мүгедектігім үшін 52 мың теңге жәрдемақы аламын. Жәрдемақыны не тамағыма, не коммуналдық төлемге, не дәріме жеткізе алмаймын. Шындап келгенде, биліктегілер өздері 52 мың теңгенің таңғы асын да ішпейді ғой. Біз сараң үкіметтен қайыр да күтпейтін болғанбыз, – дейді Мәлік Сабырханов.

       Деректерге жүгінсек, Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек адам бар. Оның 430 мыңы – еңбекке қабілетті, 181 мыңы – зейнет жасында, 94 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Соңғы бес жылда мүгедектігі бар адамдардың саны 7,5 пайызға көбейген. 

      Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, біз мүмкіндігі шектеулі осы санаулы ғана жандарға жағдай жасай алмай отырған елміз. Бұған қатысты қаржыгер «Қазіргідей инфляция кезінде  халық 30 пайызға кедейленіп қалды. Мұны ескерсек, мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын 30 пайызға дейін көтеру керек еді. Дәрі-дәрмектің, азық-түліктің барлығы қымбаттап кеткенін есептесек, алдағы уақытта билікке бұған қатысты тиімді  шешімдер қабылдауға тура келеді», – дейді.

        Негізінде, бүгінде әлемді жайлаған індеттің ауыртпалығынан, экономиканың дағдаруынан қол-аяғы балғадай азаматтардың өзі қиналып отыр. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың басына ауыртпалық түсіп отырғанын еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сезіне ме, өзі?! Былтыр осы саланы басқарған Біржан Нұрымбетов арнайы «Ұлттық жоспар» жобасы бойынша «мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін өзгертемін» деген болатын. Экс-министр «аталмыш жоспар 2025 жылға жеті  бағытты 64 іс-шараны қамтиды», – деп, жобаның жарнамасын асырған еді. Артынша Нұрымбетов кетіп, министр болып келген Серік Шәпкенов «мүгедектердің жәрдемақысын көбейтуге 3,5 млрд теңге бөлінді» деп аузын толтырып айтты. Шындап келгенде, бұл қаражат әр мүгедек жанға бөлінгенде 50-65 мың теңгенің айналасында ғана болып отыр. Сонда министр Шәпкеновтің жарымжан жандардың зарын ұққаны осы ма?!

       Жалпы, біздің министрлердің арасында «басы ауырып балтыры сыздаса», бірден шетелден ем іздейтіндер жетерлік. Тіпті тісі қақсаса да шетелге ұшып барып, бастың ауруын жазатын қарапайым дәріні шетелден алдырып, сол жақтың қызметіне жүгінетін шенділерді де білеміз. Демек, олар біздің медицинамыздың ақсап тұрғанын жақсы біледі. Сондықтан шетелдегі сапалы медициналық қызметті тұтынады. Сонда қолында қаражаты, жиған байлығы жоқ, бірақ медициналық қызметке күнде жүгінетін мүмкіндігі шектеулі жандар не істеуі керек?! Үкіметтегілер бір сәт осыны ойлап, тиімді шешімдер қабылдауға неге асықпайды? Ең өкініштісі, биылғы жолдауда да мүмкіндігі шектеулі жандар көзден таса, көңілден қалыс қалыпты.

Тегтер: