Үкімет отставкаға кете ме?
Қазір сарапшылар да, қарапайым халық та Мамин үкіметіне сын айтудан жалығар емес.
Сала мамандарының бірқатары бүгінде «Үкіметке оң баға беру қиын. Мамин үкіметі көп ақша жұмсады. Шенділер қолда бар малды шашып алды. Экономиканы оңтайландыру үшін Ұлттық қордан да, зейнетақы қорынан да қыруар қаражат алынды. Бірақ нәтиже аз» деген пікірді ашық айтуда. Саяси сарапшылардан бөлек, экономист-сарапшылар да Мамин басқаратын үкіметтің әлсіз жерін жіпке тізуден жалығар емес. Бұл ретте мамандар: «Өзгені айтпасақ та, бір ғана мысал, ел бюджетінен коронавирусқа қарсы күреске қыруар қаражат бөлінді. Дәрі-дәрмек, медициналық маска жетіспеді. Ауруханалар мен емханалар науқасқа толды. Дәрігерлер не істерін білмей, абдырап қалды. Мұның бәрі үкімет сылбырлығының салдары», – дейді.
Үкімет пен халық арасы
Үкіметті сынайтын мамандардың дені жуық арада «малшашар Мамин үкіметі отставкаға кетуі мүмкін» деген болжамдарды айта бастады. Оған себеп – халық пен үкімет арасының тым алшақтап, бірін-бірі естімеуі. Рас, мұнайдың бағасы шарықтап, Ұлттық қорымызға одан түскен түсім ағылып келіп жатқан тұстары үкіметті басқару оңай еді. Ал қазіргідей алмағайып заманда үкіметтің ілкімді, халыққа да сүйкімді болуы шарт еді.
Қазір халықтың қолындағы қаражат азайып қалды. Тіпті кірісі күрт төмендеген адамдар алақан жайып, қайыр сұрауға да арланып отырған жоқ. Үкімет бұл мәселенің арты экономикаға үлкен соққы болатынын сезінбей отыр ма, әлде сезсе де, сыр бермей сырғақси ма, әйтеуір, қанша жерден мамандар тарапынан тың ұсыныстар айтылса да, «барлығы жақсы, өсім бар» деуден танбайды. Ақиқатында, елде шырылдап шындықты айтып үндеу жолдағандар да көп, жағдайын айтып көмек сұрағандар да жетерлік. Бірақ «еститін мемлекет боламыз» деген үкіметтің өзі бұқараның осы базынасына аса құлақ түріп жатқан жоқ. Осыған қарап, «біздің үкімет керең бе» деп жүргендердің қарасы күн сайын артып келеді.
Экономиканы қалай құтқарамыз?
Негізінде, экономиканың заңы бойынша халықтың қолында қаражат жоқ болса, экономиканың да болашағы бұлыңғыр деген сөз. Бұл ретте экономист-сарапшы Мақсат Халық былай деген болатын:
– Бүгінде экономикадағы үлкен проблема – жиынтық сұраныстың түсіп кетуі. Өйткені халықтың қолында қаражат жоқ. Қандай да бір тауарды алғысы келеді, бірақ сатып ала алмайды. Сондықтан ең бірінші кезекте осы мәселені шешу керек деп ойлаймын.
Міне, маманның пайымынша, жиынтық сұраныстың түсіп кетуі осындай мәселеге әкеп тірейді. Сондықтан үкімет болашақта табыссыз қалғандардың қолына қаражат ұстату жағын мықтап қолға алуы керек. Ол үшін елдегі жұмыссыз қалғандарға «екі қолға бір күрек» ұстатып, жұмыс беруі керек болмаса, бюджеттен бөлінетін жәрдемақының көлемін арттыру қажет.
Ұлттық қор бар ма, өзі?!
Жалпы, біздің билік қанша жерден «халықты тарықтырмаудың амалдарын қарастырып жатырмыз» дегенімен, мемлекеттік қолдауға қолы жетпей, биліктен емес, қайырымды жандардан көмек сұрап жатқандардың саны көбейіп барады. Бұған қатысты экономист мамандар арасында «Ұлттық қордан әр тұрғынға ақша бөлу керек» дейтіндер де табылды. Мәселен, экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, Ұлттық қордың шарапатын көретін кезең келді. Ойын ортаға салған маман былай дейді:
– Ұлттық қорға қазір мұнайдан түсетін түсім, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер, экспортқа рента салығы және өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі, міне, осылардың барлығы Ұлттық қорға түседі. Біз бұл қаржыны халықтың басына әлдеқандай жағдай туғанда тығырықтан алып шығады» деп сақтап отырмыз. Ендеше қазір сол кезең келді.
Экономист-сарапшының айтуынша,әлемді жайлаған індеттің ауыртпалығы ғана емес, экономикалық қиыншылықтар таяу болашақта қатты сезіле бастайды. Қазір қол-аяғы балғадай азаматтардың өзі қиналып отыр. Тіпті бүгінде тіреп тұрған бизнесі бар, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің де уайымы қалыңдап кетті. Өйткені олардың да бизнесінің бабы кете бастады.
– Элиталы бизнесімен тамыр-танысы барлардың да көмек алып жатқан фактілері кездесті. Көмекке шын мұқтаж жандарды шөміштен қағып, «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол бергенді доғару керек. Ел басына күн туған кезеңде де жемқорлықтан аяқ тартпағандар жазалануы тиіс. Мамин үкіметі халыққа түсер ауыртпалықты жүрегімен сезінсе деймін. Үкімет мүшелері «алаңдауға негіз жоқ, мемлекет барлығына көмектеседі» дегенімен, халық толыққанды мемлекеттік көмекті сезініп үлгерген жоқ. Мұны мойындау керек, – дейді Марал Төртенова.
Тақырыпқа тұздық
Ұлттық қордағы қаражат қор болмасын десек…
Қалай десек те, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды оңтайландыруға қатысты мемлекеттік қазынадан да, Ұлттық қордан да алынатын қаржының есебі артып отыр.Ұлттық экономика министрлігі тәптіштегендей, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт былай бөлінетін болған: 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаржы бөлінбек. Бұған қоса, Ұлттық экономика министрлігі елдегі даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы 1,85 трлн теңге алуды ойлап отыр. Өйткені экономикалық жағдай болжағандай емес болып шықты. Бұған қарап, мемлекеттік бюджеттің жағдайы қиын және оны жасыру да қиындап бара жатқанын айтқызбай-ақ түсінуге болады.
Экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша,бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет қордан жыл сайын трансферт қаржы алады. Бұдан бөлек, дағдарысқа қарсы шаралар үшін былтыр Ұлттық қордан қосымша 4,7 трлн теңге алынды. Пандемияға қатысты жағдай одан әрі ушықса, тағы да Ұлттық қорға қол саламыз.
– Негізі, бізде ол алған қаржыны Ұлттық қорға 100 пайызға қайта орнына қоя алатын мүмкіндік аз. Елде дүрілдеп жұмыс істеп тұрған ірі зауыттар, ірі кәсіпорындар мен фабрикалар саусақпен санарлық. Импортқа тәуелдіміз. Экспортқа шығаратын мұнайдың бағасы арзан. Аздаған жем берсе, сүт бере бермейтіні тәрізді Ұлттық қор толығу үшін елде ірі өндіріс орындары көп болуы керек, импортқа тәуелділіктен толық арылу қажет. Егер біз осы қарқынмен Ұлттық қордан қаржы ала беретін болсақ, қордағы 26 трлн теңгені бес-ақ жылда түгесуге болады, – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Мамандардың пайымынша, қазіргі үкімет қаражатты тым көп жұмсап жатыр. Бірақ жұмысының нәтижесі «+5» деп бағалайтындай емес. Ал енді жұмысын көңілге қонымсыз атқарған үкімет отставкаға кете ме, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар. Бірақ қазір халық үшін тығырықтан жол табатын жаңа есімдер бой көрсетіп, нақты реформалар қолға алынып, ел еңсесін тіктеуі қажет екені даусыз.