Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:14, 28 Желтоқсан 2022

Үкімет өз уәдесіне тойған жоқ па?

None
None

Күлтөбенің басында күнде жиын… Қымбатшылықты ауыздықтауға арналған жиналыстан көп нәрсе жоқ.

Теледидарды қосып қалсаң, қымбатшылықты «ауыздықтап» жатырмыз, әлеуметтік желіні ашып қалсаң, қымбатшылықпен олай да, бұлай да «күресіп жатқан» үкімет. Премьер-министр Ә.Смайылов болса, бағаны тежеп тұрудың тиімділігін арттыру үшін түрлі форматта жиындар өткізумен әлек.

Атап айтқанда, «айналым схемасы» бойынша тәсілдер қайта қаралды, енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады екен. Бұдан басқа, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып күшейтіледі, өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтін шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту жөніндегі қағидалар бизнеспен келісіледі екен.

«Өңірлерде бағасының ауытқуы аса ықтимал көкөніс және басқа да тауар түрлері бойынша келісімшарттар жасасу жөнінде тиісті тапсырма жолданыпты. Сонымен қатар, кейбір өңірлердің жоспарланған шараларды орындамауына және формал түрде қарауына байланысты бағаның өсуі байқалады» депті Әлихан Смайылов.

Премьер-министр маусымаралық бағаны ұстап тұру үшін көкөніс бойынша жедел түрде келісімшарттар, қалған өңірлерге қант зауыттарымен шарттар жасасуды қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

«Ішкі нарықты өз азық-түліктерімізбен толықтыру және оларды маусымаралық кезеңде сақтау үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Өңірлік комиссиялар тарапынан делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі уақтылы шаралар қажет. Біздің басты міндетіміз – азаматтарды қолжетімді бағада қажетті тауарлармен қамтамасыз ету», – деді ол.

Кеңесті қорытындылай келе, премьер-министр жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сондай-ақ бір ай мерзімде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Инфляцияның жоғары қарқыны экономиканың үдемелі дамуына мүмкіндік бермейді және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Осыған байланысты келесі жылы оны 2 есеге төмендету бойынша жұмыс – ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұл жұмыста формалдылық болмауы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Талап етуден, шара қолданудан кенде болып жатқан жоқпыз. Бірақ нәтижесін байқадық деген халықты естіген де, көрген де жоқпыз. Күнаралата дүкенге барамыз, керек заттарды алып, төлем жасап, түбіртекке көз салып, шолып өту әдетке айналды. Апта сайын баға өспесе, түскен бағаны көрмедік. Жоғарыдағы шаралар тек қажетті тауарларға арналған жобалар. Ал тұрмысқа қажетті басқа да заттар баршылық. Оның ішінде химиялық, жеке гигиеналық, дәрі-дәрмек те халық үшін аса керек заттар өте көп. Олардың бағасына кім көңіл аударар екен?! Қарапайым қалың көпшілік пайдаланатын қара сабынның бағасы 100-120 теңгеден 500 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Осымен-ақ бағаның неше пайызға өскенін бағамдаса болар.

Үкіметтегілер инфляцияның деңгейін өздерін жұбатарлық пайыздармен цифрлап алған. Халық пайызға шақпайды, халық күніге базарға барып, дүкен аралап, бағасын салыстырып, қалтасына қонымдысын алып күнелтуде. Халықтың  қарапайым тілімен айтсақ, баға екі есе өсті. Оны пайызға шақса, статистикамен жұмыс жасағыштар жасай берсін. Ал біздің атқамінген мырзалар базар барып, баға салыстырып, көзбен көріп қайтты ма екен? Әй, қайдам! Былтырғы күрт қымбатшылықтан бері де бір жыл өте шықты. «Ескі жыл ескіркегей, жаңа жыл жарылқай гөр» деп бұл жылды да әупірімдеп, там-тұмдап, аяқтап қалдық. Жаңа жылдан үміт күтеміз...

Тегтер: