Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 12 Тамыз 2021

Үкімет Құдайдан екі-ақ нәрсе тілеп отыр

None
None

2019 жылдан бері, жалпы, Мамин үкіметі жұмысына кіріскелі бері аса бір көңілді тоқмейілсітетін, уайым-қайғысыз отыратын экономикалық жетістіктеріміз бола қоймады.

Әсіресе, экономиканың тірегі саналатын «қара алтын» бағасы әлемдік нарықта бір көтерілмей қойды. Тіпті, былтыр көктемде қара алтынның құны 20 долларға дейін төмендеп, теңге теңселіп, доллар долданып, экономикамыз қатты соққы алды. Бұған қоса, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кебін келтіріп, әлемді жайлаған коронавирустың кесапаты да қосымша соққы болып тиді.

          Ал енді биыл есімізді жиямыз ба десек,  халықаралық сарапшылар  тарапынан індеттің тағы өршитіні айтылып қалды. Бұдан бөлек, сарапшылардың пайымынша, биылғы күзде әлемдік нарықта мұнай бағасы   қатты төмендейді. Әлем бойынша инфляция деңгейі де қарқын алмақ. Өйткені локдаундар әрі елдің ұстанған монетарлық саясаты мен әлемде болып жатқан оқиғалар мәселені осыған әкеп тіреп отыр. Ал енді мұндайда  үкіметке не істемек керек?

         Рас, біздің  үкімет, әдеттегідей, «барлығына дайынбыз, жоспарлы түрде жұмысқа кірісеміз», деген есепті жіптіктей қылып береді-ақ.  Бірақ қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, қазірдің өзінде бюджетке түсіп жатқан қаражат аз.  Карантиндік режим енгізілгелі бірқатар шағын және орта бизнес әлден тоқырауға ұшырап жатыр. Тіпті, ірі-ірі бизнес өкілдерінің өзі салық төлей алмай, бюджеттің бүйірі бос қалуда. Қарапайым халықтың да біразы табыс көзінен айырылып, бюджетке салық төлеу көлемі азайды. Енді оған мұнайдың арзандауы, індеттің одан әрі өршуі қосылатын болса, онда сөзсіз қиын заман туындайды.  Мамандардың пайымдауынша, осыны сезген үкімет  қазір Құдайдан екі нәрсені қатты тілеп отыр.

        Оның біріншісі – індетке қарсы вакцина тезірек өз әсерін берсе, дейді. Екіншісі – мұнай бағасы құламаса, деп тілейді. Егер Құдай үкіметтің бұл тілеуін бермесе, жағдай өте қатты қиындайды, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

        Жалпы, деректерге жүгінсек, былтыр бюджет шығыны 14,2 трлн теңгені құрапты. Бюджетке  енген кіріс – 6,4 трлн теңге болған. Байқағанымыздай,  өткен жылы бюджетке енетін кіріс бюджеттің шығынын түгел жаппаған.  Үкімет былтыр көктемде «тек мұнай бағасының құлауына байланысты Ұлттық қордан 2,7 трлн теңге ғана аламыз», деп жоспарлаған еді. Оған әлемді жайлаған коронавирус салдары қосылып, аталмыш қордан тағы қосымша қаражат алынды. Ұлттық қордың қаржысы қазір 60 пайызға азайды. Ал мұндайда үкіметтің мұнайдың бағасының түспеуі мен вакцинаның тезірек нәтижелі болуын Құдайдан тілеуі орынды да. Егер үкіметтің тілеуін беріп, осы екі нәрсе қалыпты әрі нәтижелі болатын болса, онда уайымға салынбауға болатын еді. Мұндайда біз де «әр нәрсенің басын шалып істеуге шебер біздің үкіметке құдайдың өзі көмектесті-ау», деп кеуде кере кең тыныстап, алаңсыз отырар едік.

        Негізінде, айтатын жерде айту керек, бұған дейін біздің үкімет бірқатар шараларды атқармады емес, атқарды. Экономиканы алға жетелейді деген көптеген жобалар болды. Мысалы, «Моноқалаларды дамыту – 2020», «Өңірлік даму – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Таза су – 2020» тәрізді үміт күткен бағдарламалар болды. Әттеген-айы, осы бағдарламалардың аяғы сұйылып, құмға сіңгендей, жоқ болып кетті. Бұдан бөлек, былтыр мұнай бағасы түсіп, әлемдік пандемия жарияланған тұста «А» жоспары арқылы жұмысты бастадық, «ол жоспар арқылы тығырықтан шыға алмасақ, «Б» жоспарына кірісеміз», деген үкімет мүшелері әліпбимен де жұмыс істеп көрді. Бірақ атқарушы билік осылай алфавит санамалап жүргенде, індет іргені дендеп, халықтың есі шығып, ел ішін дүрбелең алып та үлгерді. Ал енді қазір болжап отырғандай, «қиын жағдай орын алатын болса», үкіметтің халықты және экономиканы сақтап қалатын қауқары бар ма?!

        Шынын айту керек, біз осы уақытқа дейін мұнайдың бағасы түскен сайын, «экономикаға дем береміз», деп Ұлттық қордан әр саланы қолдауға трансферттер алып келдік. Қазір мамандар ұлттық қордың қаржысы осылай жұмсала беретін болса, онда қорды бес-алты жылда түгесіп тастауға болатынын да ескертіп отыр.  

    – Ұлттық қорда теңгемен есептегенде, 26 трлн теңге бар. Долларға шаққанда, бұл, шамамен, 60 млрд доллардан асады. Былтыр індет кезінде 4,7 трлн теңгені экономикаға дем беру үшін Ұлттық қордан алдық. Бұл –долларға шаққанда, 10 млрд доллар. Егер жыл сайын 10 млрд долларды Ұлттық қордан ала берсек, онда қордағы қаржыны әрі кеткенде, бес-алты жылда тауысуға болады. Демек, бұл арада бізге үкіметтің алақан жайып, Құдайдан тілек тілеуі емес, нақты өзгерістерге бет бұрғаны керек. Өйткені қазіргі жағдай бізді қойып, әлемдегі алпауыт елдерді, ірі-ірі инвесторларды қорқытып отыр, – дейді Арман Мусин.

        Мамандардың айтуынша,  алдағы уақытта  мұнайдан бөлек, металдар, облигациялар мен алтын бағасы да түсе бастауы мүмкін. Сондықтан мұның арты  үлкен дағдарысқа  ұласып кетері белгілі.  Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, мұндайда ең бірінші жетіспейтін дүние –  экономикалық айқындылық, ал бізде ол жоқ.

      – Экономиканың жауы – жалған статистика. Осыдан құтылғанымыз жөн. Өтірікке құралған экономика ешқашан өсім бермейді. Тамыр-таныстық дендеген жерде қаржы саясаты дамымайды. Негізінен, қаржы саясаты асқан салқынқандылықты талап етеді. Ұлттық қор алынбалы-салынбалы болмауы тиіс. Мұнай қымбаттаса бітті, Ұлттық қорға қол сұғып, оны орталатып, сорлатуды доғару қажет. Бізде мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бірақ көп елден кедей тұрамыз. Біз 30 жыл бойы не істедік?! Қандай жетістігіміз бар?! Болашақта билік осыған толыққанды жауап беруге дайын болғаны жөн, – дейді ойын түйіндеген экономист-ғалым.

         Расымен де, ойлап қарасақ, әр нәрсенің сұрауы бар емес пе? Атқарушы биліктегілердің өздері болып жатқан жағдайды нақты сезініп отыр ма? Әлде «шындап сұрасақ тілеуімізді Құдай берер, Құдай бермесе, мұнай құтқарар», деген беймарал қалыптан шыға алмай отыра бере ме? Қазір мұнайға сеніп, отыра беретін заман өтті. Ал, мамандар айтып отырғандай, өтірікке малданған, тамыр-таныстан құралған, жемқорлар дендеген біздің экономикамыздың дәуірлеуіне Құдай енді жол аша қояр ма екен, осы?!

Тегтер: