Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:27, 16 Желтоқсан 2021

Үкімет Тәуелсіздік мерекесін атап өту тұжырымдамасын бекіте ала ма?

None
None

        Биыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. 16 желтоқсан – қазақтың арманы орындалып, жасампаздығымыз жаңа белеске көтерілген Тәуелсіздік күні.

Тарихқа көз жүгіртсек, тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен, барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Тәуелсіздік тәрізді  ұлттық мерекені атап өтуді халық жүрегімен сезініп, жанымен ұғынуы тиіс. Ал енді біз осы мерекенің маңызын ұғына алып жүрміз бе? Тәуелсіздік дегенде, ойымызға алдымен не оралады? Мерекені тойлау белгілі бір адамдарға марапат ұсынып, ән-шашу шашып, мерекелік концерт өткізумен ғана шектелуі қажет пе?

        «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың пайымдауынша,  бізге келешекте Тәуелсіздік мерекесін атап өтудің арнайы тұжырымдамасын бекітіп алған жөн. Саясаттанушы Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, үкімет таяу болашақта осы мәселені ойластыруы керек.

      – Біріншіден, Тәуелсіздік мемлекеттік мереке болғандықтан, бұған жұмсалатын қаражат бюджеттен арнайы баппен қаралып бекітілуі тиіс. Екіншіден,  мерекені атап өту үшін үш күн қажет, бірақ оның бәрін де­малыс ету міндетті емес. Демалыс бір күн болса, жеткілікті. Мысалы, 17 жел­тоқсан. Ал 16-сы – Желтоқсан құрбандарын еске алу күні; 17-сі – Ұлттық жаңару күні; 18-і – Азат­тық күні – Алашорданың мемлекет құру туралы шешім қабылдаған құрыл­тайы жабылған күн деп белгілеген дұрыс. Бұған қазіргі Мамин үкіметінің батылы жете ме білмеймін,  бірақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын пайдаланып осындай  шешімдер қабылдаған жөн, – дейді Жандос Өмірәлиев.

        Бұған қоса, маманның пайымдауынша,  мейрамды тек қана салтанатты сипатта емес, келелі форумдар өткізіп, онда өткенді тал­қылау мен келешекті жоспарлау, сын көзбен қарау, мемлекетті нығайта түсу жолдары қарастырылуы қажет. Онсыз бұл мереке біржақтылық, бірсарындылықпен, тек санаулы тұлғаларды ұлықтаумен шек­те­ліп қала беретін болды.        – Тәуелсіздік мерекесін ұлттық си­пат­та атап өту деген міндетті түрде ұлт­тық киім киіп, сахналанған көріністер жасаудың немесе алаңға барып бір топ әншінің әнін тыңдап қайту емес.  Мерекені өткізу форма­сына келсек, бірінші кезекте осы тәуел­сіздік үшін боздақ болғандарды еске алу қажет. Олар үшін мешіттерде, әрбір көше­де, халық ортадан жиналып, құран бағыштап, дұға оқыса, тәуелсіз­дігі­міз баян­ды болар еді деп ойлаймын, – дейді саясаттанушы.

        Бұдан бөлек, мамандар «Тәуелсіздік мерекесін маңыздылығын арттыруға елдегі ұлттық компаниялар да үлестерін қосса», дейді. Мысалы, осы күнге орай, «Қазақтеле­ком», «Қазақ­стан теміржолы», «Эйр Астана» тәрізді ұлттық компания­лар мен ірі-ірі барлық сауда орталықтары жеңілдіктер жасаса. Ол жеңілдіктер қандай болуы керек?! Мәселен, бірі  16 адамға тегін қызмет көрсетсе, енді бірі 16 жолаушыға тегін билеттер берсе, сауда орталықтары 16 адамға сый-сияпат жасаса, бұл мерекені қарапайым халық та сезінер еді.

      – Мере­ке­нің қаншалықты маңызды екенін үл­кен де, жас та, әсіресе, тұрмысы төмен адам­­дар ұғынуы керек. Онсыз мереке ұл­т­­тық, халықтық сипатқа ие болмай­ды. Сондықтан мемле­кет­тік ап­парат осындай ұсыныстарға мән беріп,  бұл үрдіс­тің барлығын тіке­лей қа­да­ғалауға алуы қажет. Мұндай же­ңіл­діктер бас­қа мереке­лер­де емес, тек қана Тә­уел­сіздік мере­кесіне орай жа­салуы тиіс. Сонда мерекені ел күтеді, маңызын ұғады, – деседі мамандар.

        Былай қарап тұрсақ, аталған ұсыныстарды жүзеге асыру аса қиындық туғызбайды. Мамандар, алдымен, осындай қарапайым тәсілдерді енгізу арқылы мерекенің маңызын жыл өткен сайын арттыра түсуге болатынын алға тартып отыр. Бірақ әншейінде қызылды-жасылды форумдар өткізуге, даңғаза той-жиынға шашылатын біздің «малшашар» үкімет мұндай ұсыныстарға мән бере қояр ма екен?! Саясаттанушылар айтып отырғандай, Мамин үкіметінің Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасын арттыруға батылы бара қоя ма?!

       Жалпы, өзгелерге зер салсақ, бірқатар елдер өз тәуелсіздігін тойлауға айрықша мән береді. Мысалы, Өзбекстандағы 12 облыстың қай-қайсысын алсаңыз да, бұл мерекені тойлауда «Өмірім менің, тағдырым менің – туған жерім, қайталанбас Өзбекстаным» деп ұрандатып, мерекелік бағдарлама дайындайды. Елдің қай түкпірінде болсаңыз да, бұл күні дәстүрлі концерттер мен театрлық қойылымдардан көз ашпайсыз. Өзбек десе, бірден еске түсетін палау тағамы да осы күні кез келген үйдің дастарханынан табылады. Ел орталығындағы «Мустакиллик» алаңында кешке керемет отшашу шашылады.

      Шотландиялықтар Тәуелсіздік күнін рух күші, тұрақтылық пен беріктік мерекесі деп біледі. Тәуелсіздік күні шотландтардың бейбітшілік үшін күрес жолына арналған көптеген аңыз-әңгіме, поэма, баллада айтылады. Барлық жерде ескі айбынды қамалдар көбейіп, олар тумен, жалаушалармен сәнделеді.

        Пруссия, Австрия, Польшада Тәуелсіздік күні бүкіл жұрт демалады. Президент бастаған барша халқы, заңды тұлғалар, атақты саясат өкілдері, әскери жасақ ту көтеріп, Варшава орталығына шығады. Жыл сайын дәстүрлі түрде марафондар мен толқулар болады. Елдің барлық қаласында мерекелік іс-шаралар, концерттік қойылымдар болып, жұрт жаппай көшеге шығады. 

      Ал бізде ше?! Бізде, керісінше, бұл күндері «халық көшеге шығып кетпесін, наразылығын білдірмесін», деген ниетпен, ең алдымен, студенттер ерте бастан ауыл-ауылдарына, үйлеріне қайтарылады. Сосын, атқарушы биліктегілер елдің аңысын аңдып, өз көлеңкесінен өзі қорқып, әйтеуір, мерекені үзіп-жұлып атап өткен боламыз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі бұл мерекені жалпы ел болып тойлап, мейрамға халықтық сипат бере алған жоқпыз. Бұл күні бізде құзырлы орган қызметкерлері көшеде топталған елді көрсе, үйлеріне қуып тығуға барын салады. Желтоқсан оқиғасы болған алаңға да  елдің қарасы көп жинала алмайды. Мұнымен біз жыл сайын мерекенің маңызын жойып, құндылығын төмендетіп жатқанымызды білеміз бе? Үкімет болашақта осыны бір сәт сезініп, Тәуелсіздік мейрамын атап өтудің  арнайы тұжырымдамасын бекітіп, бұл мерекенің беделін арттыруға күш салса, абзалырақ болар еді. Сонда именшектеп тұрмай, халық та еркіндікті сезініп, өзінің ойын ашық айта алатын, өзінің құқын қорғай алатын ұрпақтың өсуіне жол ашылар еді.

Тегтер: