Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:16, 10 Ақпан 2022

Үкімет ұсынған «Жаңа реформа» халықты қиындықтан құтқара ма?!

None
None

Сейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыста үкіметбасы болып тағайындалғанына тұп-тура бір ай болған Әлихан Смайылов бірқатар реформаларды жіпке тізді. Ең маңыздысы – су жаңа үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындап жатқан көрінеді...

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, алдағы уақытта  – 700 мың адамды жұмыспен қамту үшін  қажетті жағдай жасалады. Сондай-ақ жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары да қолға алынбақ.

   Осылайша, Смайылов үкіметі елдегі жұмыссыздықпен, әсіресе, жастардың «екі қолға бір күрек таба алмай», бос жүруімен білек сыбана күресіп, «халықтың тұрмысын арттыруға күш саламыз», деп отыр. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, Қазақстан қазірде жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясы келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі былтырғы маусым айындағы көрсеткіш бойынша – 20,9 пайызды құраған. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елдеріндегі жұмыссыздық деңгейімен салыстырғанда, Қазақстанның жағдайы мәз емес екенін айқын көрсетеді.

Негізінде, осы жұмыссыздық мәселесімен біздің «алысып» келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Смайылов үкіметіне дейін де, күні кеше орынтағымен қоштасқан Асқар Мамин үкіметі де жұмыссыздықпен белсене «күрескен-ді». Бұл ретте, «Еңбек» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша арнайы жоспар-мақсат та құрылған-ды. Мысалы, «2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленіп, оған бюджеттен 1 трлн теңге де бөлінді. Бірақ осы бағдарламалар аясында нақты жұмысқа орналасқандар саны әлі де күмән туғызады.

  Хош, кететін Мамин кетті, ал енді Смайыловқа сенеміз бе, сенбейміз бе?! Бұл ретте, экономика ғылымының докторы, профессоры Жұмаділда Баяхметов:

– Осы уақытқа дейін де халық талай реформаларды көрді. Біздің шенділер шетелге барып келіп, дамыған елдердің бір жақсы тәжірибесін көріп қалады да, «біз де сондай болуымыз керек» деп, әлгіні реформа етіп бізге тықпалайды. Шынтуайтында, шенеу­ніктердің орынды-орынсыз реформасы халықты әбден шаршатып жіберді. Сондықтан қазіргі үкімет айтарын айтты ғой, енді соны – орындау ләзім. Құрғақ уәде беріп, бөлінген қаражатты оңды-солды шашуға жол беру – халықты одан әрі ашындырады. Ендігі кезекте, Смайылов үкіметіне уәдені орындап, нәтижелі жұмыс істеу маңызды болуы керек, – дейді.

Нәтиже демекші, бұл жолғы үкімет отырысында президент Тоқаев нақты істің оң қорытындысына қол жеткізу үшін үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Әсіресе, Маңғыстаудағы халықтың мұң-назын естуде осындай қадамға бару қажет. Бұған қатысты Президент: – «Қажет болса, үкіметтік арнайы комиссияны тағы да Маңғыстауға жіберу керек. Туындаған проблеманы бір ғана әкімдіктің мойнына жүктеп қоюға болмайды. Кәсіподақ жетекшілерімен және жұмысшылары шеруге шығып жатқан компания иелерімен сындарлы диалог орнату қажет. Оларды қолдап, туындаған мәселені бірлесе қараған жөн», – деді.

  Өз кезегінде, бұған қатысты Әлихан Смайылов: «Ішкі нарықты арттыру және тапшылыққа жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісі ұлғайтылады. Ішкі нарық қосымша – 150 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай-газымен қамтамасыз етіледі. Шикі және тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өспейді», – деп мәлімдеді.

Президент бұл жолы да үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі реформалау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазынадағы» мемлекеттік сатып алулар туралы, тендерді сол баяғы компаниялардың ұтатынын тағы бір нықтады. Ал бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген сала мамандары да «Самұрық-Қазынамен» елдегі бірқатар проблемалардың нақты ұштасып жатқанын ашып айтты. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, ««Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өз бағытынан жаңылмай жұмыс істегенде, Маңғыстаудағы ел алаңға шығып, айдың күннің аманында даурықпайтын еді».

– «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры барлығын жобалап, бағдарлап, экономикамызды алға сүйрейтін компания болуы керек еді. Өкінішке қарай, біздегі ұлттық компаниялар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етті дей алмаймыз. Ұлттық компаниялар жұмысының осалдығынан, мұнай-газ өндірісі дамымады, халықты қымбатшылық қысып отыр. 30 жыл бойы инновация, индустрия өркендемеді. Сондықтан президент айтып отырғандай, бізге қазір жаңа экономикалық бағыт керек. Құрамына қаншама ұлттық компания енген «Самұрық-Қазына» қоры сол компаниялардың жұмысын бақылап, өздері де  таза, ашық жұмыс істегенде, бұлай тоқырамас едік. Нақ қазір халықтың жағдайы төмен екендігін үкімет мойындауы керек. Халыққа биліктен жанашырлық қажет. Сонда ғана атқарушы биліктің істеген істерінен нәтиже шығады, – дейді Арман Мусин.

Негізінен, халықтың жағдайы төмен екенін үкімет отырысында президент те ашып айтты. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтінін алға тартты.

«Қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып жатыр. Бүгінде бір миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Осыған қарамастан, үкімет орташа жалақының өсіп жатқанын хабарлады, бұл – қиял», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықтың жағдайы осылай қалыптасып отырғанын тілге тиек еткен Тоқаев үкіметке екі ай ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржыны және онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беруді де тапсырды.               

Жалпы, бұл жолы үкіметте талқыланған «Жаңа экономикалық бағыт. Бірінші қадам. 2022 жыл» атты іс-қимыл бағдарламасынан күтер үміт көп.  Аталмыш бағдарлама Ұлттық даму жоспары мен басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыруға бағытталған. Құжатта макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру,  кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту және адами капиталды дамыту бойынша нақты іс-шаралар қамтылған. «Үкіметтің бұл іс-қимыл бағдарламасы  эксперттік қауымдастықтың қатысуымен әзірленді. Бағдарлама аясында  4 бағыт бойынша, шамамен – 500 іс-шара көзделген», – деп отыр Әлихан Смайылов.

Қалай десек те, ел үкіметі президентке 2022 жылы жаңа экономикалық бағытқа апаратын бағдарламаны ұсынды. Бұған қарап, алдағы уақытта «Қазақстанның экономикасы өсім беріп, ырзығымыз-несібеміз артар», деген үмітіміз де баршылық. Негізінен, халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2022 жылы – 3,7-4,0 пайызға өсуі мүмкін.  Ұлттық банк мұны – 3,9-4,2 пайыз деңгейінде болжап отыр. Бұдан бөлек,  Ұлттық банк пен үкімет биылғы жылдың соңына қарай халықтықинап, қысып отырған инфляцияны – 6-6,5 пайызға түсіруге ниеттеніп отыр.     Түйіндей келе айтарымыз, басты – ниет бар. Жаңа реформалар легі де баршылық. Енді үкіметке халықты қиындықтан құтқару үшін  әділ, таза, адал жұмыс істеу қатты қажет-ақ болып тұр. «Егер бұл жолғы  үкіметтің жұмысы тазалықтан, әділдіктен құралмаса, онда мың жерден реформа ұсынылса да, халық қиындық қамытынан құтылмайды. Өйткені, бұған дейін де қанша реформаларға реңк бердік, бірақ артынша, ол жаңалықтарды жүзеге асыруға бөлінген қаражаттар жемқорлардың құлқынына кетіп қалды», деседі мамандар. 

Ендеше, біз де өз тарапымыздан Смайылов үкіметі «әділдік әкімге де, әркімге де керек екенін» ұмытпаса етті дейміз...

Тегтер: