Үкімет жасырынбақ ойнауға шебер...

Басқаны қайдам, біздің үкімет жасырынбақ ойнауға тым шебер. Статистиканы түрлендіріп, мәселелердің тігісін жатқызып көрсетуге келгенде, алдына жан салмайды.
Мәселен, өткенде ресми статистика Қазақстанда 1 млн адам кедейшілікте өмір сүретінін мәлімдеді. Ізінше, Бүкіләлемдік банк елімізде 4,5 млн жуық адам кедей тұратынын жария етті. Ал осы арада қайсысына сенеріңді білмей, сенделесің де қаласың. Елді жайлаған қымбатшылыққа қатысты да солай, ресми деректер инфляция 18,5 пайыз деп көрсетсе, бейресми деректер 20 пайыздан да асырып жібереді. Бір бұл емес, тізе берсек, статистиканы мың құбылтатын мұндай деректер жетіп артылады.
Жалпы, кедейшілікке қатысты Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз азаматтар 5,3 пайызды (1 034 700 адам) құраған. Тұрмысы төмен азаматтар, әсіресе, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, Шымкент қаласында тұрады. Алайда тағы сол Бүкіләлемдік банк мамандарының 2020-2022 жылдар аралығында жүргізген сауалнама нәтижесінде халықтың 23 пайызы өзін кедей категориясына жатқызатыны белгілі болған. Бүгінде аталмыш банк мамандары Қазақстан үкіметіне шынайы жағдайды дәл көрсету үшін кедейлік шегін анықтау тәсілін өзгертуді ұсынып отыр. Мұндай ұсынысты отандық сарапшылар да айтып келеді.
Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, кедейлікті анықтаудағы Қазақстан қолданатын тәсіл кедейлік шегін төмендетіп көрсетеді, халықаралық стандартқа сай келмейді.
– Әлемдік банк стандарт бойынша азамат күніне 5,5 доллардан аз ақша жарататын болса, онда кедей болып саналады. Теңгемен бұл күніне шамамен 2500, айына 75 мың теңге. Бұл есепке сай, жалақысы 75 мың теңгеден аз қазақстандықтар кедейшілікте өмір сүріп жатқан болып саналады. Негізінде, Бүкіләлемдік банктің есебімен келісуге болады. Қазіргідей қымбатшылық кезінде екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыз жүргендер 60-70 мың теңгеге телміріп отырғандар да жетіп артылады. Сондықтан біздің үкіметке нақты статистиканы жасыруды доғару керек. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дегенді текке айтпаған. Болып жатқан мәселелерді жасыра-жасыра өтірікке тым малданып кеттік, – дейді қаржыгер.
Маманның пайымдауынша, қызды-қыздымен біз өз өтірігімізге өзіміз сенетін жағдайға жеттік. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жайлы жағымды пікірлер айтуға бейімдігі талайғы қордаланған жайттардың бетін жасырды. «Саладағы кемшіліктерді бүркемелеу арқылы, керісінше, оларды қатты шиеленестіріп алдық».
Рас, айтса айтқандай, биыл жаңа жыл алдында үкіметте Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Сол сәтте ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымыз жайлы тым жақсы пікірлер айтты. Қуантыровтың айтуынша, жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі биыл – 3,9 пайызды, 2023 жылы өсім 4 пайызды құрамақ. Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов сол отырыста «жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз шегінде болжанып отыр» деп хабарлады. Өз кезегінде, үкімет басшысы Әлихан Смайылов та өсіп-өркендеуімізге қатысты позитивті болжамдарды тізбеледі. Премьердің айтуынша, 2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1 пайыз деңгейінде болады. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайызға төмендейді. Республикалық бюджет 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды.
Міне, осылайша, үкімет биылдың өзінде халыққа мамыражай күн туа бастайтындай сендіріп қойды. Алайда үкіметіміз осылай дегенімен сарапшылардың пікірі аса қуантып отырған жоқ.
Бұған қатысты экономист-сарапшысы, «Экономика және менеджмент» маманы Жасұлан Төреқұлдың айтуынша, бізге сілкініс керек.
— Бізде әсіресе парламент тарапынан үкімет жұмысын бақылау жоқтың қасы. Алда сайлау келе жатыр. Парламентті қайта сайламақпыз. Болашақта осы мәселелерге барынша мән берілуі керек. Әр салада ашықтық, талдау, тиянақтылық болғанда елдің болашағы да жарқын болмақ. Ендеше, парламент осы мәселелерге мән беріп, халықпен етене араласып жұмыс істеуі керек. Халықпен жасырынбақ ойнауға болмайды. Біздің үкімет мүшелері расымен де жасырынбақ ойнауға шебер. Отыз жылдан астам уақыт осылай болды. Енді ашықтық, әр салада турашылдық, әділдік керек. «Барлығы тамаша» дегенді тоқтату керек, – дейді Жасұлан Төреқұл.
Сөйтіп, мамандар алға тартып отырғандай, атқарушы билікке болашақта «барлығы жақсы» дегенді доғару керек. Елге «жауырды жаба тоқитын» емес, мәселені көретін, еститін, оны шешетін билік керек. Қазір халық әділ де шынайы басқарушы тарапты армандап отыр. Әрине, ондай атты күнге қолымыз жетсе қанекей...