Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:14, 29 Шілде 2022

Үкіметке «рақмет» де. Енді картопты да Ресейден тасимыз...

None
None

Жуырда президент үш министрге сөгіс жариялады. Экология, геология және табиғи ресурстар министріне ашықтықтың жоқтығы үшін.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министріне, Ауыл шаруашылығы министріне сөгіс берді, «еститін мемлекет» өз азаматтарының мұң-шағымын жөнді естімей қалғаны үшін. Сауап болды, бұлар сөгіске лайық еді. Қант тапшылығы пайда болғаны қашан, бірақ біздің билік енді ғана жыбырлай бастады, сөгістен кейін. Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, бұл сөгістер мемлекеттегі басқару жүйесіндегі терең дағдарысты білдіреді.

– Сөгіс алған бұл министрлер президенттің шешімімен бертінде ғана тағайындалғандар еді. Сауда және интеграция министрі үкіметте 2007 жылдан бері жүрген бас зейнеткердің кадры болса да, ол қазіргі президенттің тұсында көтеріліп, премьер-министрдің орынбасары боп тағайындалды. Ауыл шаруашылығы министрі бұл қызметке дейін негізінен банк пен қаржы саласында жұмыс істеген Қаржы вице-министрі болған. Сонысына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласын басқаруға тағайындалды. Оның қазіргі орынбасарлары да қаржыгерлер, бір орынбасары, тіпті, кадр жөніндегі мықты маман, жас вундеркинд деседі. Ендеше, бізде қант мәселесі туындағанына несіне таңғаламыз? Ауыл шаруашылығы деген саламен министрлікке келгеннен кейін ғана енді таныса бастағандардан не күтеміз, – дейді ол.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі басшылардың бәрі дерлік президент тағайындаған адамдар екенін атап өту керек.

– Экология, геология және табиғи ресурстар министрі президент тұсында вице-министр атанды, кейінірек, өткен жылдың қыркүйегінде министр болып тағайындалды. Президент тағайындаған кадрлардың істі басқаруға келгенде, түкке тұрғысыз басшылар екенін көріп отырмыз. Жұмыстарында бұрын да ашықтық жоқ еді, әлі де жоқ. Өйткені олардың жұмысын бақылайтын ешкім жоқ. Өйткені Бас зейнеткер құрып кеткен жүйе сондай еді. Қазіргі билік референдум арқылы сол жүйені сақтап қалды және тағы да сол баяғы қайдағы бір түсініксіз бағдарламалар мен жобалар арқылы ары қарай елді билемек. Шын реформаға бара алмай, оған бата алмай отырмыз. Бүгін базарға барсам, Ресейдің Краснодарынан келген картоп сатылып жатыр. Бұрын осынау бір маңызды өніммен өзгелерді қамтамасыз етіп келген Қазақстанның енді осындай күйге жеткені қалай? Осы ма, министрлеріміздің өз салаларын басқарған түрі? Жаз кезінде шетелден жеткізілген картоп жеп жүрміз, ертең қыста біздің азық-түлік қауіпсіздігіміз қалай болар екен? Қысқасы, Қазақстандағы басқарушылық терең дағдарысқа түскен, әрі бұл мәселе құр кадрлардың орнын ауыстырумен шешілмейді. Шындығы сол, қазіргі кадрларымыз еліміздің проблемаларын шеше алмай отыр. Жүйелі реформасыз, еліміздің жағдайы тек мүшкілдей береді-ау, – деп пайымдайды пікір иесі.

Тегтер: