Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:33, 10 Қаңтар 2023

Үкіметте үміт, халықта күдік басым...

None
None

Биылғы жыл басталысымен үкіметте кеңес өткізген  Әлихан Смайыловтың жоспарына сүйенсек, осы жылы экономиканың өсуін 4 пайызға дейін жеткізуіміз керек.

Сондай-ақ биыл инфляцияны 2 есеге, яғни 9,5 пайызға дейін төмендету және елімізге 24,4 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту да үкіметтің басты міндеті саналып отыр.

   Сөйтіп, үкімет «елге инвестиция тартамыз, инфляцияны түсіреміз, экономиканы өсіреміз» деп жаңа жылда жаңа қарқынмен жұмысына кірісті. Бірқатар жаңа министрлер де тағайындалып, премьер-министр кеңсесі үкімет аппараты ретінде қайта құрылды.

Қалай десек те үкіметтің болашақтан үміті басым. Бұл ретте үкімет мүшелері  «қилы-қилы ұлттық жобалар мен бағдарламалардың нәтижесін көретін күн алыс емес» деп санайды. Алайда сала мамандарының пайымдауынша, келіп жеткен жыл экономика үшін де, әлеуметтік сала үшін де оңайға соқпайтын түрі бар.

    «Доллар долданып, теңге теңселеді...»

Экономист-ғалымдардың пайымдауынша, биылғы жылы ұлттық валютаның тағдыры таразыға түсетін жыл болмақ. Тіпті елде бір доллардың құны 500 теңгеден асып кетуі де әбден мүмкін. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, әлемдік геосаяси жағдай, мұнай өндірісі және Ресейдегі ахуалдың теңгеге тигізер кері әсері баршылық. Маманның пайымдауынша, ең негізгісі биыл мұнай нарығы айрықша қысымда қалатын түрі бар. Аталмыш нарықтағы трейдерлер қазірде Қытайдағы карантиндік шаралардың күшеюінен қорқып отыр. Мәселен, қазірде Қытайда коронавирустың қайта өршуі байқалды. Осыған байланысты Қытай келешекте ірі-ірі компанияларының жұмысына шектеу қоюы да мүмкін. Оның ішінде мұнай компаниялары да бар. Мұның соңы мұнай және мұнай өнімдерінің тапшылығын тудырып, артынша экономиканың демігуіне апарып соқтырмақ.

Қазақстан Қытаймен арадағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға бейіл бірден-бір ел екенін ескерсек, бұл жағдайдың бізге де әсер етпей қоймасы анық. Біз экономикамызға инвесторды Қытайдан көбірек тартамыз. Білесіздер, Қытай инвесторларының араласуымен елде 55 зауыт салынуы керек болатын. Қытай инвесторлары біздің елдің тау-кен, мұнай-газ, металлургия саласына инвестиция салғыш. Бірақ қазіргі қалыптасып отырған көңіл күймен Қытай өз инвестициясын шектесе, бұл салалардан да мемлекетке түсетін кіріс азая түспек. Ал мұның артында құлдыраудың шеті шығып тұр. Жалпы, мұндай стрестік ахуал салдарынан мұнай арзандап, бір доллар 520 теңгеге дейін баруы ықтимал. Ұлттық банк базалық ставканы тағы өсіруі әбден мүмкін, дейді қаржыгер Арман Мусин.

      Базалық ставканы өсіргенмен пайда бар ма?!

Алайда, бас банк базалық ставканы өсіргенімен елде инфляция да, тоқырау да тежеле қоймайды.  Мәселен, өткен жылы Ұлттық банкі базалық ставканы 7 рет көтеріп, 16,75 пайызға бір-ақ жеткізді. Ал инфляция деңгейі 20 пайыздан асып кетті. Бас банктен қарызға ақша алатын екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының арасында несиенің пайызын 40 пайызға дейін жеткізгендері бар. Ал мұның соңы бизнеске беретін арзан несиенің көлемін азайтты. Мамандардың пайымдауынша, мұндай саясатты ұстану арқылы біз осы уақытқа дейін тек отандық өнім өндірушілерге салмақ салып келдік. Олардың шығарған өнімдерін шеттен келген импорт тауарлар бір ығыстырып жатса, «бағаны өсірсең, басың кетеді», деген біздегі атқамінерлер бір үркітеді. Банктер беретін несиесінің пайызын бір жоғарылатады. Бұл айналып келгенде, «отандық өнім өндірушілерді тұсаулап, бәсекеге қабілеттілігін жойды». Енді келіп, отандық өндірісті қолдау, «Қарапайым заттар экономикасы», «Жол картасы» тәрізді жобаларды қолға алып, реформаларға жаңа реңк беруді жөн көріп жүрміз.

Сала мамандарының айтуынша, мұндай реформалардың орындалуын өткен 30 жыл бойы сауатты қадағалағанымызда, қазір халық қиналмайтын еді. Бізде керісінше, 30 жыл бойына бақылау, қадағалау тым әлсіз болды. Мысалы, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам екенін біле тұра, шенеуніктер сыбайласып, жеуге әбден дағдыланды.  Кеденнен бастап, жол үстінде және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтар көбейді. Өз кезегінде, мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып, шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте, инфляция осылай шарықтады. Ал мұндайда базалық ставканы өсіргеннен еш пайда жоқ деседі мамандар.

       Халық талайды көрді, қаншама уәдеге сенді…

Жалпы,  біздің білеріміз осы уақытқа дейін  халық талай реформаларды көрді, талай уәделерге сенді. Қазіргі үкімет те түрлі жаңашылдықтарды,  айтарын айтты ғой, енді соны – орындау ләзім. Құрғақ уәде беріп, бөлінген қаражатты оңды-солды шашуға жол беру – халықты одан әрі ашындырары даусыз. Демек ендігі кезекте, Смайылов үкіметіне уәдені орындап, нәтижелі жұмыс істеу маңызды болуы керек.

Нәтиже демекші, негізінде былтыр біздің үкімет «Жаңа экономикалық бағыт. Бірінші қадам. 2022 жыл» атты іс-қимыл бағдарламасы бойынша жұмыс істеді. Аталмыш бағдарлама Ұлттық даму жоспары мен басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыруға бағытталған. Құжатта макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту және адами капиталды дамыту бойынша нақты іс-шаралар қамтылған.  Бірақ қазір көптің көкейінде күдік басым. Бұқара қауым «жаңашылдықтың дәмін сезініп жағдайымызды түзеп келе жатырмыз» деп жүз пайыз сеніммен тағы айта алмайды.

 Тіпті халықтың жағдайы төмен екенін былтыр үкімет отырыстарында  президент те талай мәрте ашып айтты. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтінін алға тартты. «Қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып жатыр. Бүгінде бір миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Осыған қарамастан, үкімет орташа жалақының өсіп жатқанын хабарлады, бұл – қиял», – деген болатын мемлекет басшысы.

Түйіндей келе айтарымыз, енді үкіметке халықты қиындықтан құтқару үшін  әділ, таза, адал жұмыс істеу қатты қажет-ақ болып тұр. Егер бұл жолғы  үкіметтің жұмысы тазалықтан, әділдіктен құралмаса, онда мың жерден реформа ұсынылса да, халық қиындық қамытынан құтылмайды. Өйткені бұған дейін де қанша реформаларға реңк бердік, бірақ артынша, ол жаңалықтарды жүзеге асыруға бөлінген қаражаттар жемқорлардың құлқынына кетті емес пе?! Ендеше, Смайылов үкіметі үміт ақталып, елдің көкейіндегі күдік сейілу үшін ең алдымен қай салада болмасын әділдік керек екенін ұмытпаса етті дейміз...

Тегтер: