Үкіметтен жылу көрмейтін болдық...
Қазір үкіметке базынасын айтып жүрген бұқараның қатары көп. Халық қымбатшылықтан бір қалтырап, жүйедегі салғырттықтардан тағы бір запы болып, Смайылов үкіметінің жылы ықыласына бөлене алмай-ақ қойды.
Бүгінде қай салада болмасын мәселелердің шаш-етектен екендігі жұртты әбден мезі етті.
Мәселен, бізде дәрігерге барсаң, дүниеден баз кешіп, дәруішке айналасың. Бұл саладағы олқылықтарды 30 жыл бойы түзей алмадық. Бұдан бөлек, әлеуметтік салада, экономикада, бюджет қаражатын жұмсауда және басқа құрылымдарда түйіні тарқамаған түйіткілдер жетіп артылады. Әсіресе қазір елдегі жылу электр стансаларына қатысты мәселелер қатты қордаланып тұр. Атқарушы биліктен бұған дейінгі жылу көрмегеніміз өз алдына, енді үкімет бізді шынымен қалтырататын түрі бар. Себебі біздегі жылу желілерін толық жөндеу үшін әлі 14 жыл уақыт қажет екен.
Министр «қатырамыз» дейді...
Күні кеше индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2023-2037 жылдар аралығында елдегі барлық жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңартуға уәде берді. Өскенбаевтың айтуынша, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде 2023-2030 жылдар аралығында ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда. Оларды жаңғыртуға 538 млрд теңге қажет. Екінші кезеңде –2030-2037 жылдар аралығында тозығы жеткен 3,7 мың шақырымдық жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда. Оған қажетті инвестиция көлемі, шамамен, 1,2 трлн теңгені құрайды. Үшінші кезеңде – 462 млрд теңгені қажет ететін 1,4 мың шақырымдық жылу желілері жаңғыртылмақ.
Міне, үкімет отырысында Өскенбаев осылай «болашақта бәрін қатырамыз» дегендей, әдемі сөйледі. Ал біздің министрдің сөзінен аңғарғанымыз – елдегі жылу желілерін жөндеуге 14 жыл және 2 трлн теңге керек. Бұл дегеніміз – ірі қалалардағы халық әлі де 14 жыл бойы қыс болса, қалтырап, жаз келсе, тозған құбыр жарылып, ыстық суы атқылап, қорқынышпен күн кеше тұрады деген сөз.
ЭКСПО өткізіп күпіндік, нәтижесі қайда?!
Бұл мәселеге қатысты сарапшылар «үкімет және үкімет мүшелері пиғылын өзгертіп, жұмысының бағытын басқа арнаға бұрмаса, 30 жылда шеше алмаған мәселенің 14 жылда да шешілуі неғайбыл» деседі.
Бұған қатыстыэкономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов былай дейді:
– Жасыратыны жоқ, қыс түссе болды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы халқының уайымы қалыңдайды. Біздегі жылу құбырлары Кеңес өкіметінің тұсынан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Одан бері қаншама уақыт өтті. Біз Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта бірде-бір жылу электр стансасын салмадық. Соған қарамастан, АЭС салғымыз келеді. Ең күлкілісі, 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» деген атаумен ЭКСПО өткіздік. Күн мен желден энергия аламыз деп күпіндік. Ал соның нәтижесі қайда? Мұндай бастамалардың барлығы бізде тек ақша шашу болғаны ақиқат.
Рас, маман айтса айтқандай, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне біз қыруар қаражат жұмсадық. Тіпті қайсыбір деректерде аталмыш көрмені өткізуге 2 миллиард доллардан астам қаражат кеткені көрсетіледі. Міне, содан бері бес жыл өтті. Бірақ біздің елдің энергиясы жаңарған жоқ. Елде әлі сол өткен ғасырдан бері келе жатқан көмір жағатын жылу электр стансалары жұмыс істеп тұр. Тіпті сол жарнамасын асырып салынған ЭКСПО аумағының өзінен де бірнеше мәрте өрт шығып, халықты әбігерге салған жайы бар. Мұндайда «сол көрмеге кеткен қыруар қаражатқа неге заманауи технологиялық жаңартылған ЖЭС салмадық» деп те ойланасың?!
Елді Екібастұздың елесі кезіп жүр...
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның энергетика саласын айтарлықтай дағдарыс күтіп тұр. Қазір елді Екібастұздың елесі кезіп жүр.
Еске салсақ, биыл қыс қаһарына мінбей жатып-ақ қараша айында Павлодар облысындағы 130 мың халқы бар Екібастұз қаласының жылу электр орталығында апат болды. Аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Артынша, іле-шала Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 20 мыңға жуық тұрғын қыста жылусыз қалып, қалтырауды бастан өткерді. Риддерде де төтенше жағдай жарияланды. Бұдан соң, Қарағанды облысы Теміртау қаласында жылу желісіндегі апат салдарынан, 58 көпқабатты үй жылусыз қалды. Ізінше, Петропавл мен Қостанайдың халқы да суық пәтерде бүрсеңдеуге мәжбүр болды. Міне, осы тұста біздің үкімет ұйқысынан шошып оянғандай, елдегі жылу желілерін жаңғырту мәселелерін қозғай бастады.
Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 37 жылу электр станциясының 43 пайызы 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алматыдағы ең жаңа ЖЭО-ның өзіне 33 жыл болса, Семей, Алматы мен Балқаштағы ескірген стансаларға екі жылдан кейін 90 жыл болады. Энергетика министрлігінің дерегінше, қазақстандық жылу электр стансаларының 66 пайызы ескірген, кей қалалардағы көрсеткіш 80-90 пайызға жеткен. Мамандар, әсіресе Алматыдағы жылу стансаларының жағдайына қатаң бақылау керектігін алға тартуда. Айтса айтқандай, жылу құбырларының жарылуы Алматыда да жиі орын алатын құбылыс. Бұған дейін мегаполисте ыстық су құбыры жарылып, адамдар күйіп қалып, опат болған оқиғалар кездескен.
Бұған қатысты техника ғылымының докторы Абылай Еділғожин былай дейді:
– Алматыдағы орталықтандырылған жылу желілерінің ұзындығы – 1352,33 шақырымды құрайды. Оның 60 пайызы немесе 811,5 шақырымы 25 жылдық пайдалану мерзімінен әлдеқашан асып кеткен. Тіпті тартылғанына 40 жылға таяған құбырлар да бар. Соңғы бес жылдың ішінде 30,3 шақырым жылу желісі ғана жаңартылыпты. Енді есептеңіз, қаладағы жылу құбырларын жаңарту үшін әлі қаншама уақыт, қанша қаражат қажет?! Қала әкімі Ерболат Досаев осы мәселені үкіметте көтеру керек деп есептеймін. Себебі күні ертең мәселе ушығып, халыққа қатты батады. Алматы сияқты ірі мегаполисте 2 миллионға жуық халық тұратынын қала әкімдігі ұмытпауы тиіс.
Не істеу керек?!
Сонымен, саланы салғырттық дендеп тұр. Ал оны қалай жоямыз? Не істеу керек? Сала мамандарының пайымдауынша, ол үшін алдымен үкіметтің жұмысын дұрыс жолға қою керек. Үкіметтің пәрмені мықты болуы қажет. Кеңес заманынан бері келе жатқан технологиялардан құтылуға тиіспіз. Ол әрине, біздің қарқынмен бір аптада немесе бір айда бола қоятын дүние емес. Бізде бір аптада алып ірі аурухана тұрғыза салатын, бір айда бір ЖЭО-ның құрылысын сала қоятын Қытай республикасындай әлеует жоқ.
Демек, біріншіден, жедел энергетика саласын бақылау комитетінің әлеуетін кеңейту керек. Бұл комитет апаттың болу қаупін алдын ала ескертіп отыратындай деңгейге көтеруге тиіс. Салаға сауатты мамандарды тартып, қажет болса, ғалымдармен бірлесіп, кеңесіп жұмыс істейтін құрылым құру қажет.
Екіншіден, саладағы монополистерге қатаң талаптар қойылып, жекелеген ЖЭО-ның акция пакетінің басым бөлігі мемлекетке алынуы керек. Мемлекет сонда ғана оларға талап қоя алады. Мысалы, 70 пайыз акциясы мемлекеттікі болса, 30 пайызы монополистерде болуы тиіс. Осындай бағытпен елдің заңына бағына бермейтін жекеменшік монополистерді тезге салуға болады.
Үшіншіден, энергетика саласына бөлінетін қаражатты басқаруды үкімет қатаң бақылауға алуы керек. ЖЭО – мемлекет пен халық үшін маңызды нысан. Апат болса, шығын да орасан болады. Үкімет осыны ұмытпауы керек. Төртіншіден, Қазақстандағы тарифтер экономикалық тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан басқарылады. Әкімдер «тарифті көтерсе, халық шулайды» деп ойлайды. Негізінде, арзан тарифтен тек байлар ғана пайда көреді. Керісінше, тарифті көтеріп, кедейлерге тарифті төлеуде мемлекет тарапынан әртүрлі көмектер қарастырылса. Сондай-ақ тарифтен түскен қаражаттың қайда жұмсалатыны халыққа ашық жария етіліп отырса. Бұл мәселеге байланысты арнайы тексеру жүргізу қажет.
Міне, мамандардың пайымдауынша, үкіметке алдымен осы мәселелерді шешіп, сала мамандары тарапынан айтылған ұсыныстарға назар аударылуы керек. Әйтпесе, халықтың үкіметтен жылу көретін кезеңі алыстай бермек. Ал мұның соңы онсызда қалтылдап отырған елдің зығырын қайнатып, ашуын тудыруы әбден мүмкін...