Үкіметтің халықтан жасырған құпиясы болуы мүмкін бе?
Күні кеше ғана ҚТЖ-ның Әлия Назарбаеваның компаниясымен жасасқан келісімшартты үзуі негізінде теміржол билеттерінің құны 50 пайызға дейін арзандағанын көз көрді.
Бүгінгі таңда мұндай сорақылықтар экономиканың әр саласында орын алып отырғаны да жасырын емес. Отандық бизнес өкілдерімен соңғы кездесуінде президент экономикадан қазынаға түсіп жатқан салықтың тым мардымсыз екенін ескерте келе, басы артық немесе пайдаға жарата алмай отырған кен орындарын кері қайтаруды тапсырған болатын-ды. Айтса айтқандай демекші, енді, экономикамыздағы жетекші нысандар деген мына екі салаға назар аударып көрелікші:
- КАРМЕТКОМБИНАТ
1995 жылдың қараша айында комбинатты үнділік бизнесмен Лакшми Митталға сату жөніндегі (шындығында, сыйға тарту шығар) Үкіметтің Қаулысы шыққан болатын. Ең сорақысы, сол келісімшарт тек ағылшын тілінде ұсынылған. Не қазақша, не орысша нұсқалары жоқ бұл келісімшартқа сол кездегі мұнай министрі Нұрлан Балғымбаев қол қоюдан бас тартқан.
Және бір қызығы, осы Комбинат бар жоғы 225 млн долларға бағаланған. Оның өзінде де 4 жылда бөліп төлеу құқымен. Яғни сатып алушы осы уақыт аралығында кәсіпорынның өркендеуіне бір тиын қаржы салмастан, өз пайдасымен-ақ еш шығынсыз жауып кетті деген сөз. Ал осы санаттағы Криворожский комбинатын Украина үкіметі сол мырза Митталға 4 млрд долларға жуық қаржыға сатқан болатын-ды!
Әрине, соңынан бұл келісімшарттың орысша нұсқасы да жарық көргенімен бәрі құпия сақталынды. Осы құпиялықтың кесірінен, 2012 мен 2015 жылдар арасында ғана «АрселорМитталТеміртау» АҚ-на Қазақстан Республикасының үкіметі тарапынан инвестициялық артықшылықпен жасалған жеңілдіктер 11,4 млрд теңгені құраған.
Соның ішінде: корпоративті табыс салығы – 20% (10,6 млрд теңге); мүлік салығы – 1,5 % (0,7 млрд теңге); жер салығы – 14,48 теңге кв. м (0,1 млрд теңге). Бұның сыртында ҚТЖ-ны шығынға батыратын жеңілдетілген теміржол тасымалы. Бұл не деген батпан құйрық? Не деген сыйлық?
Ең сорақысы да сол, Миттал мырза бір жыл ішінде – 200 млн теңге көлеміндегі айыппұлға дейін ғана жауап бере алады екен. Егерде ғайыптан тайып, біздің керемет сот жүйесі оны 1 млрд теңге залал келтірді деп айыппұл салған жағдайда ол сол соманың – 200 млн теңгесін ғана төлеп, қалған 800 млн теңгесін біздің мемлекетіміз қазынадан төлеуі керек… Мұндай масқараны кім көрген?! Бұл неткен сорақылық?!
Мыс саласы
Сонау 1913 жылдан бастау алатын бұл өндірістің де теңдесі жоқ деуге болады. ХХ ғасырдың ондаған жылдары бойы еліміздің азаматтарының арқасында, әлемдегі ең сапалы өнім беретін кәсіпорын болып қалыптасқан бұл саланың ондаған карьерлер мен шахта, кеніштері, комбинаттар мен зауыттары оңайлықпен құрылмаған-ды.
90 жылдардың басында бұл сала әлде бір шетелдік компанияның басқаруына беріліп, соңынан әр түрлі қитұрқы жолдармен бәз біреулердің жекесіне айналып шыға келді. Сол адамдар енді соңғы 10 жыл көлемінде әлемдік нарыққа жоғары сапалы мыс шығарудың орнына Қытайға руда мен концентраттар шығарып қана жүр. Мыс кенінің қоры бойынша әлемде 4-орында тұрған Қазақстан бүгінде Қытайдың шикізат өндіретін ошағына, яғни колониясына айналды десе болғандай.
Д.А.Қонаев, С.Т.Тәкежанов және көптеген инженерлер мен ғалымдардың арқасында дүниеге келген Қазақстанның түрлі-түсті металлургиясы осындай шыққан тегі белгісіз, күдікті, шетелдік компанияларға басқаруға берілуі салдарынан, толықтай күйреді десек, артық айтпаған болармыз.
Енді бірінші мәселені шешу үшін бар болғаны осы жағдайдың тарихына қайта айналып оралса...
Екінші мәселе бойынша ең алдымен, қазіргі таңда игеріліп жатқан кен орындарын тексерген дұрыс. Сондай-ақ олардың Қазақстан халқының мүддесіне қаншалықты сай екенін терең ұғыну керек. Соңғы кеңестен кейін кен орындарының иелері тиісті шешім қабылдайды, деп сенемін, әйтпесе, бұл қазынаның барлығын мемлекет меншігіне қайтарудың барлық заңды негіздері мен әдістері бар.
Сонымен қатар, еліміздегі жекешелендірілген барлық ірі кәсіпорындардың келісімшарттарының мазмұнын жалпақ жұртқа кеңінен жария еткен дұрыс. Сыртқа сатылған ел несібесінің елден жасыратын ештеңесі болмауы керек.
P.S. Қазір қит етсе, Советтік заманды кінәлау етек алған. Ал сол КСРО ақшаны көктен алған жоқ. Осы кәсіпорындардан түскен қаржыға балабақша да, мектеп те, емхана, аурухана, мәдениет үйлері салынды. Содан түскен қаржыдан халқы айлық жалақы алды. Өсті, өнді. Ертеңгі күнге деген еш алаңы болған жоқ. Мүмкін, ол жақтың жақсыларын керегімізге жаратармыз?..» – деген Оразалы Ержановтың сөзіне алып-қосар ештеңеміз жоқ сияқты.
Олай болса, істің жөнін білетін осындай азаматтардың ұсыныстарын қаперге алсақ, аса қателесе қоймаспыз, деп ойлаймын.