Үкіметтің ісі неге өнбейді?!
Біздегі үкіметтің отырысында негізінен, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жиі талқыланады.
Ұлттық экономика министрі, қаржы министрі, Ұлттық банк төрағасы қатысқан үкіметтің күні кешегі отырысында да әдеттегідей, инфляцияны тежеу, бюджеттің атқарылуы, экономиканың өсуі, әлеуметтік мәселелердің шешімі талқыланды. Еліміздің ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «биыл жыл басынан бері экономикамыз 4,6 пайызға өсті», деп қуантып қойды. Қуантыровтан қалыспайын деді ме, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та бюджеттің атқарылуына қатысты позитивті мәлімдемелер жасады.
Сөйтіп, министрлердің есебінше, экономикада өсім бар, бюджет жоспарлағандай, атқарылып жатыр. Нақты сектордағы өсім 4,8 пайызды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9 пайызға дейін ұлғайған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызға артқан. Инвестициялар елдегі діттіген салаларға ойдағыдай, салынып жатыр. Былайынша, «бәрі тамаша» деп кеудені кең керіп, еркін өмір сүруге болатындай-ақ есеп. Алайда үкімет «экономикалық тұрғыда өстік» дегенімен, қарапайым халықтың еңсесі бір тіктелер емес. Халық әлі кедейшіліктен белі бүгіліп, несиеден несиеге кіріп, қалтылдап, өмір сүріп келеді.
Мамандардың пайымдауынша, экономиканың оңалмағанына қатысты талай деректі келтіруге болады. Мысалы, 2021 жылы 1 қарашадағы дерек бойынша 192,3 мың отбасындағы 973,9 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 198,4 мың отбасындағы 990,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінген. Осылайша, елдегі атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны биыл 1 млн-ға жуықтаған. Мұның өзі мемлекетімізде жағдайы төмен кедей-кепшіктің күрт көбейгенін аңғартады.
Бұл ретте, экономист-сарапшы, Меруерт Молдабаева былай дейді:
– Бір жылда АӘК алатындардың саны 1 млн-ға жуықтап отыр. Бұл елдің болып-толып өскенін емес, экономиканың шатқаяқтап тұрғанын, әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді. Бізде экономиканың жауы – жалған статистика. Отыз жыл бойы жалған есеп беріп, статистиканы бірде асырып, енді бірде жасырып, айтып келдік. Бұл «ауруын жасырған өледінің» кері. Сондықтан өз басым, үкіметтің «экономикада өсім бар» дегенімен аса келіспеймін. Бізде статистиканы жалпылама алып есептеп, соны пайызға шаға салады. Әр саланы жеке есептеп, нақты өсімді шығару жағы кемшін. Инфлцияның өзі қазір 20 пайыздан асып кетті, ал Ұлттық банк оны 14 пайыз деп есептейді.
Маманның айтуынша, үкіметте күнде жиын өткізіп, тапсырмалар берілгенімен бақылау жағы әлсіз. Президент, үкіметбасы тапсырма береді. Бірақ оны орындауы тиіс үкімет мүшелерінің жұмысы сылбыр, мәселені шешуге асықпайды.
– «Күлтебеде күнде жиын». Бірақ үкіметтің тындырған шаруасының нақты нәтижесі көрінбейді. Қымбатшылықтың көкесін күзде көрейік деп отырмыз. Себебі қазір елдегі монополистер газдың, жарықтың бағасын өсіре алмай отыр. 1 шілдеден кейін үкімет жариялаған мораторий аяқталса, олар да бірден коммуналдық қызметтің бағасын өсіре қояды. Жарық, су, газдың бағасы өскеннен кейін барлығының бағасы өседі. Өнім өндірушілер мұның барлығына кеткен шығынды шығарып алу үшін өнім бағасын қоса өсіреді. Осылайша, қымбатшылық одан әрі дендейін деп тұр, – дейді сарапшы Меруерт Молдабаева.
Маманның сөзінің жаны бар. Бұл ретте, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов те үкімет отырысында «Қайсыбір реттелетін коммуналдық қызметтер бағасы мораторий аяқталғаннан кейін қымбаттайды, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер аясында нарықта көрсетілетін қызметтер бағасы өседі», деді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мамырда елдегі инфляция 14 пайызға дейін қарқын алды. Болжамға сәйкес, 2023 жылы инфляция ақша-кредит саясаты саласында қабылданып, отырған шаралар мен сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі аясында инфляция біртіндеп 7,5-9,5 пайызға дейін баяулайды. Алайда, сарапшылар, мұндай көрсеткіштің өзі елдегі қарапайым халыққа ауыр екенін ашып айтып отыр. Мамандардың пайымдауынша, болашақта елдің жағдайы түзеу бағытындағы, үкіметтің ісі өнуі үшін ең алдымен атқарушы билікте жүрген шенеуніктерге, министрлерге тойымды көзқараспен баюды үйрену керек. Үкімет осы жайын қатты қадағалауы тиіс. Мәселен, Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шылқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Егер жазылған жайт шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Ал біз қазір расында әкімдердің, министрлердің, үкімет мүшелерінің байлығына сүйсініп, қарап отыра беретін болдық. Талап ете алмаймыз. Байығандар байып жатыр, қарапайым халық кедейленіп барады. Сондықтан біз үшін келешекте бай-манаптарды, шенеуніктерді бақылау, қатаң қадағалау аса маңызды. Осы арқылы монополистік үстемдіктерге ие субъектілер тарапынан қоғамның орынсыз қаналуына жол бермеген жөн. Бұдан соң, әрине, мемлекеттен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға «ақылға қонымды» сомада жәрдемақы берілуі тиіс. Біздегі АӘК-тің (36 000 теңге) көлемін айтудың өзі ұят. Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, біз «экономикасы төмен» деп, менсінбейтін Оңтүстік Африкада мемлекеттік көмекке мұқтаж жандарға құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұрғаны үшін жалақысына қоса үстеме, төлемақы төленеді. Біздің ядролық сынақ алаңына айналып, полигон аймағанда тұратындарға экологиялық төлем ретінде төлейтін төлемімізді естіген ел күледі. Бұдан бөлек, үкіметтің дамуы кемшін қалаларды дамыту, бірсалалы қалаларды жандандыру, моноқалаларды өркендету іспетті бағдарламалары да ойдағыдай нәтиже бермеді. Жұмыссыздық мәселесі де дендеп тұр. Осының барлығын тізе берсек, экономикамыздың екпін ала алмай, ентігіп тұрғаны ащы да болса шындық. Ал сол шындықтың бетін бүркемелегісі келіп, жалпақшешейлікке салынып, марғау басып, мимырт қимылдайтын шененеуніктер атқарушы билікте әлі де жетерлік. Осыдан барып, күнде жиын өткізсе де үкіметтің ісі қайдан өне қойсын?! Мұндайды көріп, «заманында Мөңке би «Елге жаны ашымас биің болады, Түске дейін түк шешпейтін жиын болады», дегенді текке айтпаған екен-ау», деп еріксіз қынжыласың. Қазақстан «жаңарады» дейміз, бірақ ескі заман, көне түсінікпен әлі келе жатқанымыз өзекті өртейді...