Үкіметтің өзі күдерін үзген шаруашылық оңтүстікке не береді?
Жиналған өнімді мақта зауыттары биыл қанша теңгеден қабылдайды? Шаруаның көңілін күпті етіп отырған осы сауал
Енді он-он бес күннен кейін Оңтүстікте ақ алтынға, валютаға теңелген мақтаны жинау науқаны басталады. Ал соңғы жылдары шитті мақтаның бағасы өзінің шығынын да жаба алмайтын дәрежеге жетті. Мақта жыл санап тиімсіз кәсіпке айналып барады. Бір кездері Оңтүстіктің бренді саналған «ақ алтын» тоқыраудың алдында тұр десек, қателеспеуіміз мүмкін.
Түркістан облысында мақта негізінен Мақтаарал мен Жетісай аудандарында егіледі. Аталған өңірдегі шаруалардың айтуынша, биыл мақта алқаптары ағын судан қатты тарыққан. Шілдеде мүлдем су ішпеген мақталықтар да бар.
– Мұндай су тапшылығы бұрын болмаған. Табиғатымыз әбден таусылды. Судың проблемасын енді ешкім шеше алмайды-ау. Айтатын жеріне дейін айттық, еш нәтиже шықпаған соң қойдық, – дейді жетісайлық шаруа Кенжебай Бектенов.
Енді бірер күнде шаруалар мақтаны қурату шараларына кіріседі. Қыркүйектің жиырмаларына қарай жаппай мақта теру науқаны басталады. Жиналған өнімді мақта зауыттары биыл қанша теңгеден қабылдайды? Шаруаның көңілін күпті етіп отырған осы сауал.
– Былтыр мақта өңдейтін зауыттар шитті мақтаның келісін 250 теңгеден қабылдаған. Көптеген шаруалар мақтаны қымбаттаған кезде сатамыз деп, өнімдерін зауыттарға сақтауға берген. Мамырда 1 келісін 267 теңгеден саттық. Сондағы қымбаттағаны 17 теңге ғана болды, – дейді К.Бектенов.
Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл биыл шаруалардың ағын судан тарыққанын жоққа шығарған жоқ. Оның басты себебі көршілес Өзбекстан суды алдын ала келісілген кесте бойынша бермеген.
– Дегенмен Жетісай мен Мақтаарал аудандарына 60-70 текше метрге дейін су келіп тұрды. Қазір 11 текше метр су алып жатырмыз. Шаруалардың алды мақта алқаптарын суаруды ақтауға көшті, – деді бөлім басшысы.
Дәл қазір мақташыларға мемлекет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына деп арзандатылған жанармай беріледі. Зиянкестерді жою үшін себілетін улы химикаттардың, тыңайтқыштардың бір бөлігі субсидияланады. Бұрын шаруаларға мақта еккені үшін әр гектарына субсидия төленетін. Кейін ол алынған өнімнің тоннасына қарай берілді. 2018 жылдан бастап «ақ алтынды» субсидиялау біржолата тоқтатылған. Бұл мақта шаруашылығының келешегінен үкіметтің өзі де күдерін үзіп қойған дегенді білдіретін сияқты.
«Биыл мақтаның бағасы қандай болады?» деген сауалымызға бөлім басшысы нақты жауап бере алмады.
– Бағаны айта алмаймыз. Жақында Жетісай мен Мақтаарал аудандарының шаруаларына арнап жиын өтті. Оған мақта зауыттарының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының және аудан басшылары да қатысты. Сол жерде біраз мәселе пысықталды. Зауыт басшылары қыркүйектің 15-іне дейін мақтаны өңдеу бағасын анықтап беруге уәде етті. Ал мақтаның бағасы туралы ешқандай әңгіме болған жоқ, – деді Б.Әлімқұл.
Мақтаң – шикізат, көршің – инвестор
Мақтаның бағасын Ливерпуль биржасы белгілейді. Оңтүстіктің мақтасын шетелден келген делдалдар тікелей мақта зауыттарынан осы биржадағы бағамен сатып алады. Яғни біздің мақта экспортқа тек шикізат күйінде кетеді деген сөз. Мұндай тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы –мақтаны өзімізде өңдейтін тоқыма кәсіпорындарын салу. Тоқыма кластерін дамыту туралы мәселе соңғы жиырма бес жылдың көлемінде айтылып келеді. Сол үшін талай жобалар қолға алынған. Бірақ оның көзге көрініп жатқан нәтижесі жоқ.
Былтыр шаруалар мақтаның бағасына қатысты шу шығарған соң облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен атқамінерлер тоқыма кәсіпорындарын салатын инвесторларды іздеуге кіріскен. Аудан әкімдері Қытайға, Өзбекстанға барып қайтқан. Б.Әлімқұлдың айтуынша, осы сапар барысында жергілікті бір кәсіпкер Қытайдан мақта өңдейтін зауытты 2,5 миллион долларға сатып алған. Қытай инвесторларының өздері тоқыма фабрикасын салуға ниет білдірген көрінеді. Ал өзбекстандық инвесторлар биыл 10 мың тонна қабылдап, өздерінде өндіруді жоспарлаған. Егер мақтаның сапасы көңілдерінен шықса, келешекте осы жақтан мата шығаратын фабрика саламыз дегенді айтқанға ұқсайды.
Бірақ мұның бәрі әлі қағаз жүзіндегі дүниелер. Бұл қаншалықты іске асады?