ҰҚК енді жемқорлықпен де күреседі

Осы уақытқа дейін бірнеше рет реформаға ұшыраған, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды. 30 маусым күні президент Қ.Тоқаев жарлыққа қол қойды.
Бұдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс атқаратын болады. Осылайша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жеке орган ретінде статусынан айырылды.
Жемқорлықпен күрес ведомствосы 2003 жылы құрылған еді. Әуелде мемлекеттік кірістер министрлігі қарамағына қарады. Онан соң экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі болып құрылды. Алайда көп ұзамай, Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы болып өзгерді. Ал 2019 жылы маусымнан бері бюро президентке тікелей бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ретінде жұмыс атқарып келген еді. Енді, міне, ҰҚК-нің құрамынан бір-ақ шықты.
Жаңа жарлыққа сәйкес бұдан былай жемқорлыққа қарсы тергеу, қылмыстық жолын кесу сияқты жұмыстармен Қауіпсіздік комитеті шұғылданатын болады. Ал жемқорлықтың алдын алу, оған қайшы әрекеттерді азайту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырумен енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі айналысады.
Өзгеріс толық іске асуы үшін екі ай уақыт берілді. Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір айдың ішінде президентке жаңа қызмет пен штат саны бойынша ұсыныс жіберуі тиіс. Одан соң 1 қыркүйекке дейін үкімет мәжіліске өзгеріс туралы заң жобасын ұсынуға тиісті.
Бұл өзгерісті кейбір ақпарат көздері «мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында жасалды» деп түсіндірді. Мұны жақтайтындар да бар. Мысалы, парламент мәжілісінің депутаты Константин Авершин осы мәселеге қатысты «ҚазАқпарат» агенттігіне пікір білдіріп, жаңа жарлықты құптайтынын айтқан. Сондай-ақ ол Совет одағы ыдырағаннан кейін елде сыбайлас жемқорлық асқынғаны, сонан соң билік өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтармен күресетін «С» басқармасы құрылғанын, қазіргі өзгеріс те соған ұқсас болуы мүмкін екенін айтты. «Егер мақсат «ведомствоны күшейту» деп қойылса және жай ғана ресурстар сонда бағытталса, нәтиже болмайды. Нақты мақсат — сыбайлас жемқорлықпен күресу, оның көріністерін азайту болуы керек» дейді депутат.
Алайда бұл бастамаға күдікпен қарайтындар да бар. «Азаттық» радиосына пікір білдірген саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт онсыз да «ең жабық ұйым» саналатын ҰҚК-нің құрығы бұдан кейін тіпті де ұзара түсуі мүмкін екенін айтады. «Ұлттық қауіпсіздік комитетін күштік құрылымдардың ішіндегі ең жабық ұйым деп атауға болатын шығар. Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК басшыларының соты жабық түрде өтті. Осының өзі біздің саяси жүйеде ҰҚК билік үшін қаншалық маңызды екенін көрсетеді. Сондай-ақ бізде ешқандай күштік құрылым қоғам алдында да, парламент алдында да толық есеп береді деп айта алмаймыз. Иә, ҰҚК төрағасын тағайындайтын кезде президент сенатпен ақылдасады. Бірақ біз осы уақытқа дейін ҰҚК-нің сенатқа келіп, өз жұмысы туралы есеп беріп жатқанын көрген жоқпыз» дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ құқық қорғаушылар мен саясаттанушыларды алаңдатып отырған тағы бір түйткіл, бұған дейін де билігі үстем «қолы ұзын», барлық ісін қоғамнан жасырын «құпия» ұстайтын, президентке ғана есеп беретін ҰҚК-нің өкілеттілігі тіпті де күшейе түскендігі. Сарапшылардың айтуынша, мұның ақыры монополияға алып келуі мүмкін. Бұдан гөрі бір-бірін қадағалай алатын сатылы жүйеге негізделген құрылым дұрыс дейді.
Түп төркіні Совет одағындағы КГБ-мен тамырласып жататын ҰҚК 1992 жылы 13 шілдеде құрылған еді. Ведомствоның басты міндеті – мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризммен, тыңшылықпен күрес, сыртқы барлау, шекараны қорғау, экстремизм және ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылмен айналысу және мемлекеттік құпияларды қорғау. Алайда қоғамда ҰҚК-нің қызметіне басқаша баға беретіндер де бар. Олар бейне Совет өкіметі кезіндегі КГБ қызметкерлеріндей азаматтарды бақылайды. Әсіресе саяси тұрғыда белсенді азаматтарды қадағалайды деген де көзқарас қалыптасқан. Кейбір азаматтар құзыреті тіпті де арта түскен ведомство ендігіде қырағылығын тіпті де күшейте түсе ме деп күдіктенеді.
ҰҚК-нің қызметі қоғам үшін жабық. Олардың жұмысының көбі ашық айтылмайды. Парламентке есеп берген кездері де тым сирек. Қоғам белсенділері ведомство барынша ашық болуға үндегенімен нәтиже шамалы. Сәйкесінше, жұмсалатын ақшасы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы ҰҚК-не республика бюджетінен 578 млрд теңге, 2023 жылы 541 млрд теңге, 2022 жылы 419 млрд, 2021 жылы 347 млрд теңге бөлінген.
Әлихан ЖАНҰЗАҚ