Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:02

"СпецЦОН"-дардағы жемқорлықты «Азаматтарға арналған үкімет» ҰҚК емес өзі анықтағанын мәлімдеді

Цон
Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік корпорация өкілдері бұл заңбұзушылықтар сырттан емес, ішкі мониторинг нәтижесінде анықталғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті "СпецЦОН"-дарда және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жемқорлық схемалары анықталғанын хабарлаған еді.

Жүргізуші куәлігін алу кезінде пара беру, сондай-ақ емтиханды басқа адамдардың тапсыруы сияқты заңсыз әрекеттер анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, Астанада "СпецЦОН" басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде ақшаға адамдарды емтиханнан өткізіп берген. Жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам эпизод тіркелген.

Ұқсас схемалар Көкшетау мен Екібастұз қалаларында да анықталған. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті тіркеу саласында да заңбұзушылықтар белгілі болды — мүлікке салынған ауыртпалықтарды заңсыз алып тастау және нысандарды қайта тіркеу фактілері тіркелген.

Аталған барлық деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Корпорацияның жауабы

Осыдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы түсініктеме берді.

Олардың мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар мемлекеттік қызмет сапасын ішкі бақылау аясында тіркеліп, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Компанияда жемқорлыққа жол жоқ қағидасы ұстанылатыны айтылды. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде 100-ден астам материал анықталып, құқық қорғау органдарына берілген.

Тегтер: