Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

ҰҚК Проблемалық кредиттер қорының экс-басшысының ұсталғанын растады

ҰҚК
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі прокуратура органдарының ұйымдастыруымен Қаржы министрлігіне қарасты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады.

 Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Тергеу деректеріне сәйкес, экс-басшы жеке меншік иесіне кепілге қойылған мүлікті сатудан түскен қаражатты өзінде қалдыруға заңсыз мүмкіндік берген. Бұл қаражат Қорға аударылуы тиіс болған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 11,4 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар, ҰҚК мәліметінше, күдікті мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сатқан. Соның салдарынан бюджет 1,3 млрд теңгеден астам қаржыны ала алмаған.

Басқа да күдіктілер ұсталды

Іс аясында борышкер компаниялардың иесі және оның ықтимал сыбайластары да ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар жалған құжаттарды пайдаланып, кепілдегі жер учаскелерін сатып, Қорға шамамен 800 млн теңге көлемінде залал келтірген.

Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») және 361-бабы («Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша сараланған. Мүліктеріне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Тегтер: