Үкімет егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге қаражат бөлді

Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98%-ды құрайды. Барлығы 149 мыңнан астам трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылатын болады.
Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды, бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Сонымен қатар жекелеген астық қоймаларының жүктемесі әлі күнге жоғары болып отыр.
Элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан 10 қыркүйекке дейін босату қажет. Облыстардың әкімдіктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, элеваторлар қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс екені айтылған.
Өндірілген АӨК өнімдерін, оның ішінде негізгі экспорт нарықтарында өткізуді қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді. Сауда және интеграция министрлігі Қытай, Таяу Шығыс, Африка және басқа да елдердегі серіктестермен осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет.
Айта кетейік, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23,3 млн га құрайды, оның ішінде дәнді дақылдардың ауданы – 16,7 млн га. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес барлық өңірде егін жинау жұмысы басталды. Бүгінгі таңда 928,2 мың га дәнді және бұршақты дақылдар немесе 5,5% жиналды. Орташа өнімділігі 19,3 ц/га болған кезде 1,8 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 418,2 мың тонна картоп және 940,3 мың тонна көкөніс жиналған.