Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 10 Мамыр 2025

Үкімет екі жылдық азығын төрт айда жеп тастады

Бектенов
Фото: Akorda.kz

Осы жылдың алғашқы төрт айында Ұлттық қордан 2 трлн теңге алыныпты. Қордан алынған қаражаттың 1,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке берілген кепілдендірілген трансферттер.

 400 млрд теңге мақсатты трансферттер ретінде бөлінген. Қорды басқаруға және аудиттік қызметтерге 13,3 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде қорда бар 33 трлн теңгеден, 31 трлн теңге қалған.

Ал жыл басынан бері Ұлттық қорға түскен табыс 854,9 млрд теңгені ғана құраған. Қаржыгерлер биыл қордың кірісі екі есеге дейін азайғанын айтып отыр. Оған себеп, әрине, мұнай бағасының арзандауы. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында мұнайдың орташа бағасы барреліне 81,8 доллар болса, биыл жылдың басында мұнай бағасы 74 долларға дейін төмендеді. Соның салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар салығы 85 млрд теңгеге, ал корпоративтік табыс салығы 378 млрд теңгеге қысқарған. Осылайша, Ұлттық қорға түсетін салықтардың орындалуы небәрі 13 пайызды құрады. Былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 25 пайыз болған.

Сөйтіп, қорға түскен түсім аз, ал алынған қаражат екі есе көп. Алайда түсімнің азайғаны үкіметті алаңдатпайтын тәрізді. «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды» демекші, үкімет жылдан-жылға бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан трансферт ала беруге әбден машықтанып алды. Әсіресе 2015 жылдан бері үкімет Ұлттық қордың қаражатын жаратуға тым үйірсектеді. Әр алған сайын «орнын толтырамыз» деп уәде береді. Бірақ ол уәде орындалғанын көргеміз жоқ. Ұлттық қор ең алғаш құрылған 2000 жылдардан бері бас аяғы 15 жылдың ішінде 71 751 млрд долларға жеткен. Бұл мұнай бағасының шарықтап барып басылған жылдары еді. Бірақ содан бері қарай қордағы қаражат қарқынды түрде азайып келеді.

Ең алғаш Ұлттық қордың қаражатына құмарлық 2007–2008 жылдары үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрған тұста басталыпты. Бұл жылдары әлемдік қаржы дағдарысын желеу етіп үкімет тұрақтандыру бағдарламаларын орындау үшін қордан 1 трлн 196 млрд теңге алған. Долларға шаққанда бұл сома 10 млрд долларды құрайды. Бұл сол кездегі қор ақшасының 35 пайызы. Бұл қаржының 332 млрд теңгесі банктерге (соның ішінде БТА банкі – 212 млрд), 290 млрд теңгесі үлескерлер проблемасын шешуге жұмсалған. 240 млрд теңге ШОБ пен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлініп берілген. 190 млрд теңге инфрақұрылымдарды жақсартуға (оның 115 млрд Шымбұлаққа) кетті, 144 млрд теңге экономиканың нақты секторын несиелеуге шығындалды.

Бұдан кейін 2014 жылғы (бұл кезде де үкіметті К.Мәсімов басқарған) девальвациядан кейін де үкімет Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуге шешім қабылдайды. Бұл жолғы қаражаттардың 500 млрд теңгесі проблемалық несиелерді жабуға жұмсалады. 200 млрд шағын және орта бизнеске, 150 млрд теңге индустрияландыруға, оның ішінде 81 млрд теңгесі Қорғас, Атырау және Таразда Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құруға, 40 млрд ЭКСПО-2017 құрылысына, 29 млрд Астана әуежайына жаңа терминал салуға және реконструкциялауға бөлінген. Осы кезде де банктер мен олардың қожайындары бөлінген трансферттің 70 пайызын иемденген. Ал 2015 жылдан бері үкімет пен Ұлттық қордың арасындағы соқпақ даңғыл жолға айналды.

Жиналған ақшаның жартысынан көбі жұмсалды

Осы саланы зерттеп жүрген экономист-сарапшы Марал Төртенованың сөзіне сүйенсек, 25 жылдық тарихында Ұлттық қорға 65,4 трлн теңге қаржы жиналса, соның 34,4 трлн-ы жұмсалып кеткен. Қалғаны – 31 трлн теңге. Қордан биыл және келер жылдары да трансферттер алу жоспарланып отырғанын ескерсек, стратегиялық запас алдағы уақытта көбейеді деп айту қиын.

«Ұлттық қорды әу баста құрғанда тұрақтандыру және жинақтау үшін құрғанбыз. Үкімет қазір осының тұрақтандыру деген мақсатына көп басымдық беріп кетті. Сондықтан да экономиканы тұрақтандырамыз деген желеумен қордан қаражат көсіп алынуда. Өкініштісі, тұрақтандыру бағдарламалары мен тұрақтандыру жобалары айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Себебі қандай да бір тұрақтандыру бағдарламасын қаржыландыру үшін қордағы қаражат банктерге бағытталды. Ал ол банктерге кеткен қаражат нақты қайта ма, ол жағы тағы күмәнді. Тұрақтандыру бағдарламалары мен болашағы бұлыңғыр имидждік жобаларға жұмсалып, олигархтардың қалтасына кеткен трансферттердің қазіргі жайы осы боп отыр. Ұлттық қордан трансферт бөлінгенде тікелей ақша күйінде берілмейді. Сондықтан да трансферттер кейде қайтарымды, кейде қайтарымсыз деп бөлінеді. Мысалы, қандай да бір шығындарды жабуға кеткен бөлігі қайтарылмайды. Оны қайтарымсыз трансферттер дейміз. Ал қайтарымды түріне – Ұлттық қордың республикалық бюджетке мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы салған трансферттері жатады. Оның өзінде де бұл қаражат – жұмыс орындарының ашылуы, салықтық төлемдер және де тағы да басқа түрде ғана қайтады. Сондықтан да қордан алынған қаражатты ақша күйінде орнына қайта қою өте қиын. Бұл жерде қайтарудан бұрын үкіметтің Ұлттық қорды өте тиімсіз басқаруын сөз ету керек. Жыл сайын Ұлттық қордан бюджеттің дефицитін жабу үшін триллиондап трансферт сұрау түбірімен дұрыс емес. Бұл үкіметтің қаражатты тиімсіз жұмсайтынын көрсетеді. Сондықтан да бізге нақ қазір бюджеттік маневрлар жасап, оның шығыс бөлігін қайта қарап, тәртіп пен үнемге көшу керек», – дейді экономист Марал Төртенова.

Ал «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы қаржыгер Арман Мусиннің ойынша, Ұлттық қорды сақтап қана қоймай, оны көбейту үшін инвестиция тартудың тиімді жолдары бар. Алайда ол да мәңгілік емес, тек уақытша дем беру ғана.

«Ұлттық қордағы инвестициялық табысты көбейту үшін Ұлттық банк Қазақстан қор биржасы арқылы жетекші компаниялардың акцияларын, корпоративтік және мемлекеттік облигацияларды, басқа да құнды қағаздарды сатып ала бастады. 2024 жылы Ұлттық қор «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алудан 500 млрд теңге пайда тапқан. Акцияларды арзанға сатып алып қойып, артынан олардың бағасы қымбаттаған сәтте қорға көлемді пайда түскен. 2023 жылы Ұлттық қордың ақшасына 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаздың» ұлттық компаниясының 20 пайыз акциясы сатып алынған. 2024 жылы ол бағалы қағаздар 1,8 трлн теңгеге дейін қымбаттап, қорға 500 млрд теңге пайда әкелген. Одан соң Ұлттық банк Ұлттық қордың 467 млрд теңгесіне «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 12,01 пайыз акциясын сатып алды. Бұл бағалы қағаздар 100 млрд теңге табыс әкелген. Ұлттық банк пен үкімет осы тәсіл арқылы 2030 жылға дейін қордың қаражатын 100 млрд долларға жеткізгісі келеді. Негізінде бұл тұрақты құрал емес. Жүйелі түрде оны пайдаланудың қажеті жоқ. Себебі осы уақытқа дейін Ұлттық қордың қаражаты шетелдік ірі компаниялардың акцияларына, шетелдік мемлекеттік облигацияларға да салынып келді. Мұндай әдіс қорға тек уақытша ғана дем береді», – дейді қаржыгер.

Уақытынан бұрын орындалған «жоспар»

«Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың ойынша, Ұлттық қор толығуы үшін экономиканы қазіргі деңгейде қалдыруға болмайды. Болашақта Қазақстан экономикасын Голланд ауруынан сақтандыру қажет. Шикізатты жаппай сыртқа сата бергенде, экономикаға ағыл-тегіл валюта құйылып, нарықта инфляция өсіп, ұлттық валюта құнсызданып, экономика дағдара бастайды. Мұны экономикада Голланд ауруы дейді. Экономист-ғалым Расул Рысмамбетов кезінде Ұлттық қордың экономиканы нақ осындай дерттен сақтандыру үшін де құрылғанын еске салады.

«Үкімет экономикалық тапсырманы орындай алмай жатқанын түсініп, ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаражат алатын болды. Кейін бұл тұрақты ережеге айналды. Ұлттық қордан «кепілдендірілген трансферт» деген ұғым пайда болды. Ұлттық қордың қаражаты қашан таусылатыны белгісіз. Негізінде, қордың қаржысын 100 млрд долларға дейін жеткізу ақылға қонымды дүние. Егер де кепілдендірілген трансфертті азайтатын болса, бұл әбден мүмкін. Алайда бізде кепілдендірілген трансферт бар, демек оны алу керек деген түсінік қалыптасты. Бұл – қате. Үкімет алдымен осы қателігін түсініп, қордан алынатын трансферттерді дереу тоқтату керек. Қорға қол салмайтындай дәрежеге жеткенде ғана Ұлттық қор толығатын болады. Ал басқа тәсілдердің барлығы уақытша ғана», – дейді Расул Рысмамбетов.

Мамандар жыл басынан бері төрт-ақ айдың ішінде үкіметтің Ұлттық қордан 2 трлн теңге алуы – жағдайдың қиындағанын көрсетеді дейді. Және оның қайтарылу мәселесі жолға қойылмаған. Қолда бар деректерге жүгінсек, 2021–2023 жылдары республикалық бюджет жобасына сәйкес Ұлттық қордан бөлінген қаржының басым бөлігін (540 млрд теңге) инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігі алған. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз саласын дамытуға 152,3 млрд теңге бағыттаған. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде моноқалалар мен өңірлерді дамытуға 48,5 млрд теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына және басым жобаларға кредит беруге 66,2 млрд теңге, сондай-ақ Ақмола облысы, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың шетіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 19 млрд теңге жұмсауды жоспарлаған. Энергетика министрлігіне газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін өңірлер мен бас қаланың бюджетіне 30,8 млрд теңге, ал жылу-энергетика жүйесін дамытуға тағы 18,8 млрд теңге бөлінген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 68,2 млрд теңге, цифрлық даму министрлігі пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруға 23 млрд теңге және KazSat – 2R ғарыштық байланыс жүйесін құрып, пайдалануға беруге 3 млрд теңге бағыттаған. Сондай-ақ қаржы министрлігі «Астана «халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ-ға мақсатты аударым ретінде 11,8 млрд теңге бөлген. Бұл шығын АХҚО биржасын дамытуға, Қазақстанға шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға бағытталатын болады. 2025–2027 жылдар аралығында да үкімет Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алуды жоспарлаған. Бірақ биылғы жылдың алты айы өтпей жатып қордан 2 трлн теңге алынды. Ал жылдың аяғында «мұнай бағасы мың құбылды, бюджеттің жыртығын жамай алмадық» дегенді желеу етіп, үкіметтің әдеттегідей қорға телміріп отыруы әбден мүмкін.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ